Basty bet

Әйел-аналардың денсаулығын күзеткен…

Аудандық аурухананың бас акушер-гинекологы Ғазиза Егізбаеваның әйел-аналарға арнаған қызметіне биыл 18 жыл толып отыр. 2005 жылы аудандық ауруханаға акушер-гинеколог дәрігер болып орналасып еңбек жолын бастаған Ғазиза Серғазықызына аурухана басшылығы 2013 жылы аудандық аурухананың бас акушер гинекологы қызметін тапсырды. Жауапкершілгі өте жоғары қызметті Ғазиза тәжірибелі әріптестерімен бірлесіп абыроймен атқарып келеді.

Ғазиза Серғазықызы үнемі ізденіс үстінде жүретін маман. Атап айтқанда “Ана мен бала ғылыми орталығында” білімін жетілдіру курсынан, 2016 жылы сәулелік диагностика, яғни УЗИ аппаратымен дыбыстық зерттеудің алғашқы төрт айлық даярлығынан өткен. Сонымен бірге 2020 жылы ұлттық репродуктологиялық орталығының жүкті әйелдерді қадағалау клиникасының оқу-семинарына қатысқан.
-Бұл семинарда Белоруссиядан келген мамандар дәріс оқыды. Жалпы, Жапония мен Белоруссияда ана мен бала өлімі өте аз, жоқтың қасы деуге де болады. Себебі, оларда жүкті әйелдер дәрі-дәрмекті пайдаланудан бас тартқан. Құрсақта пайда болған баланы табиғи сұрыптаудан өткізеді. Сондықтан бұл мемлекеттердің тәжірибесі халықаралық тәжірибеге енгізу мақсатында жұмыстар жасалуда. Семинарда мамандар жүкті әйелдерге пайдалануға болатын дәрі-дәрмектерді жіктеп берді. Яғни, жүкті әйелдерге оңды-солды дәрі-дәрмектер, тіпті дәрумендер беруге болмайды. Артық дәрі-дәрмек ұрықты химиялық уландыруға алып келеді.
Бізде оны көп адамдар түсінбейді. Айналасындағы біреулерден сұрап алып, өздері дәріханадан сатып алып іше береді. Үлкен кісілер ауруханаға келіндерін алып келіп, “келінім жаңадан көтерген, тамаққа тәбеті жоқ, лоқсып құса береді” деп дәрі-дәрмек салып беруін сұранып жатады. Бұл дұрыс емес,- дейді акушер-гинеколог.
Сонымен бірге Ғазиза Егізбаева үстіміздегі жылы қалалық ауруханада лапароскопиялық әдіспен ота жасау бойынша оқу-тәжірибеден өтіп, аудан ауруханасының тарихында алғаш рет аталған әдіспен гинекологиялық науқастарға әріптестерімен бірге ота жасады. Бүгінгі таңда бірнеше оталар жасалып, барлығы сәтті өтті. Дәрігер әрі қарай да білімін жетілдіре беретінін айтып өтті.
Әр мамандықтың қиындығы мен қызығы, ләззат алар тұстары болады. Ғазиза Серғазықызы өзі сүйіп таңдаған дәрігер мамандығы жайлы әңгімелеп берді.
-Мен ауданның бас акушер-гинекологымын, бүкіл жұмысты өзім жасап жатырмын деп айтпаймын. Зәмира Құдайбергенқызы, Қазыхан Есмамбетов, Жұмагүл Махмудова, Рысты Мырзақұлова сынды білімді, білікті, тәжірибелі ұстаздары бар мен бақытты шәкіртпін. Қай жұмысты болсын сол кісілермен ақылдасып, бір шешімге келемін.
Қай салада болсын, мәселенің түйінін білікті маман шешеді. Мамандар мықты болса, жұмыс істеу де оңай.
Дәрігер болу қиын. Бірақ ләззат алатын тұстары да көп. Дәрігердің жұмысы уақытпен санаспайды. Бір қиындығы сол – жұмыс деп жүріп өзіңді ұмытып кететін кездерің көп болады. Жақыныңның қуанышымен, қайғысымен дер кезінде бөлісе алмайсың. Оны біреу түсінеді, біреу түсінбейді. Кейде жақын адамыңның өзі түсінбей жатады.
Дәрігердің жұмысында мынадай жағдайлар көп кездеседі: мәселен, ауруханаға ауыр халдегі науқас түскенде аяқастынан шақырту болады. Әр аурудың жағдайына қарай көмек көрсетудің бекітілген алгоритмімен жұмыс істеуің керек. Ондай жағдайда сағат, минут емес, секундтің өзі адамның өмірін шешеді. Шақырту келген соң тез арада жұмысқа келіп, жауапты дәрігерлер бірлесіп, аурудың диагнозын тез тауып, оған кейде ота жасауға тура келеді. Ол сәтте өзің біреуге ренжіп, көңіл күйің болмай тұрма әлде қатты қуанып тұрсың ба, оның барлығын ұмытасың, барлығың бір мақсатта үнсіз, көзбен, ыммен, жәй сөзбен түсінісіп жұмыс істейсің. Басты мақсатың – науқасты аман алып қалу. Мұндай сәт өте жауапты әрі көзге көрінбейтін сезімге толы сәт. Бір Аллаға сиынып, үлкен жауапкершілікпен, тебіреніп тұратын сәт. Оны басыңнан, жүрегіңнен өткізу – яғни мамандығыңның жаныңа ләззат сыйлатын бір сәті. Түн, демалыс демей кісіге көмектесу, оны нәтижелі болуы әрбір дәрігер үшін үлкен бақыт. Адамға керемет энергия беретін сәттер.
Ана мен баланың денсаулығы – елімізде басты мәселелердің бірі. Себебі, елдің болашағы – дені сау ұрпақтың қолында. Ал, дені сау бала дені сау анадан ғана туылады.
Бүгінгі әйелдердің денсаулығы өте жақсы деп айта алмаймын. Әлеуметтік жағынан қиналып жүрген, денсаулығына немқұрайды қарайтын әйелдер де аз емес. Әйелге отбасының, ерінің қамқорлығы, қолдауы аса қажет. Маңызды мәселенің бірі отбасын жоспарлау. Әр адамның өмірде өз есебі болуы керек. Отбасын дұрыс жоспарламаудың салдарынан әйел де, бала да зардап шегіп жатады. Отбасын жоспарлау тек әйелдің жұмысы емес, күйеуі де, ата-енесі де түсіністікпен үлес қосуы керек.
Қазір әйелдердің арасында қаназдық, қан қысымының көтерілуі, аяқтың көктамырының кеңеюі, жыныс жолдары мен зәр шығару жүйесінің түрлі инфекциялары жиі кездеседі.
Әйелдер 15-49 жас аралығында уақтылы дәрігердің тексеруінен өтіп тұруы керек.
Тағы бір үлкен мәселе – көп әйелдер жұмыссыз. Оларға міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарнасын ешкім төлеп жатқан жоқ. Сондықтан олардың ауруханаға келіп тексеруден өтіп, ем қабылдауында да мәселе көп.
Жалпы қоғам мықты әйелге мұқтаж емес, қоғам нәзік, ибалы, инабатты ар-намысын жоғары қоятын, салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымызды бойына сіңірген, заманға керек біліммен қаруланған, жалпы адами ресурстарға мұқтаж деп ойлаймын. Сондықтан қыз-келіншектерге айтарым, біріншіден, қоғамға пайдалы ұл-қыз тәрбиелейік. Өзіміздің нәзік жанды екенімізді ұмытпай, денсаулығымызды күтіп, спортпен шұғылданып, керек білімді алып, үздіксіз дамуымыз керек,- дейді дәрігер.
Иә, өзіңе жасалған ләззат біреуге жақсылық жасап, соның көзіндегі жас, көңіліндегі қуанышты көрген кездегі ләззатпен салыстыруға келмейді. Дәрігерлердің өмірінде мұндай сәттер жиі кездеседі. Дәрігер мамандығы сонысымен де мәртебелі.
Әйел-аналардың денсаулығын күзетіп жүрген Ғазиза Серғазықызы бастаған дәрігерлерге мықты денсаулық, күш-жігер тілейміз!

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close