Basty bet
Мақтаныш сезімін арттырды
1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесіне орай аудандағы этнос өкілдерінің қатысуымен ерекше фестиваль ұйымдастырылды. Ауқымды іс-шара аудан тұрғындарын бір арнаға тоғыстырып, елімізде өмір сүріп жатқан түрлі халықтардың мәдениеті мен дәстүрінің байлығын айқын көрсетті.
Фестиваль басталған сәттен-ақ алаңды шаттық пен бірлік рухы кернеді. Аудандағы түрлі этнос өкілдері мазмұнды концерттік бағдарлама ұсынды. Көрермендерге ұлттық билер ұсынылып, әр халықтың тарихы мен дәстүрі сахнада көрініс тапты. Әрбір нөмір өзіндік ерекшелігімен, ұлттық киімдерімен және орындаушылардың шынайы ықыласымен ерекшеленді.
Бағдарламада ән-жыр да ерекше орын алды. Сахнада түрлі тілде орындалған әндер шырқалып, этностардың мәдени көптүрлілігі мен рухани байлығы паш етілді. Көрермендердің ыстық ықыласы мен қошеметі өнерпаздарға көрсетілген зор құрметтің белгісі болды.
Фестиваль аясында ұйымдастырылған көрме де көпшіліктің қызығушылығын тудырды. Мұнда ұлттық тұрмыстық бұйымдар, қолөнер туындылары, дәстүрлі киімдер мен тағамдар ұсынылды.
Іс-шара барысында аудандағы этномәдени бірлестік жетекшілері құттықтау сөз сөйлеп, ел ішіндегі татулық пен бірліктің маңыздылығына тоқталды. Олар барлық этнос өкілдеріне амандық, береке-бірлік тілеп, Қазақстан халқының ынтымағы одан әрі нығая беруіне сенім білдірді.
Бұл фестиваль еліміздің басты құндылығы – бірлік пен татулықтың жарқын көрінісі болды. Осындай игі шаралар халықтар арасындағы достықты, өзара түсіністік пен сыйластықты арттыра түсетіні сөзсіз.
Мереке соңында қатысушылар естелік суретке түсіп, бір-біріне ақжарма тілектерін арнады. Фестиваль барша жиналған қауымның жүрегінде жылы әсер қалдырып, ортақ Отанымыз – Қазақстанға деген мақтаныш сезімін арттырды.
Надежда Галахова,
аудандағы этномәдени бірлестіктердің жұмысын
үйлестіруші маман