Basty bet

Еңбек еткенге бақыт та басын иеді

Ақпарат ағыны толассыз ағылып жатқан бүгінгі шақта көзі қарақты оқырманды жағымды жаңалықпен қуантып, сүбелі сөзбен өрілген пайдалы дүниелерді ұсыну газет ұжымының күнделікті дәстүріне айналған.

Қыстың қамын жазда ойлайтын ауылдағы шаруақор ағайын үшін дәл қазір өте қауырт кезең. Мал баққан шаруа алдындағы төрт түлігінің амандығын тілесе, егін еккен ағайын көктен береке тілеп, егіннің бітік шыққанын қалайды.
Қазір жемшөп жинау науқанымен қатар, бақшаларды суғару жұмыстары да қызу жүруде. Біз жазғы суғару маусымы туралы газетімізде бұған дейін де жазған болатынбыз. Ал бұл жолы ауданға қарасты, дәлірек айтқанда, Қызыларық ауылына барып, бақшасын жайқалтып отырған еңбекқор Әбілдаевтар отбасымен танысып, нәтижелі жұмысын көзбен көріп келген едік.
Бақ пен берекенің ынтымақты жерде, бірлікте ғана болатынын бұл отбасының мүшелері жақсы біледі. Сондықтан бірлесіп еңбек етіп, еңбектің жемісін де отбасыға ортақ игілікке айналдыруда. Пилоттық жобаларға қатыспай-ақ, экологиялық тұрғыдан сапалы азық-түлік өндіру ісіне жақсылап кіріскен.
Отағасы Әбілдаев Шәріп Сыдықұлы 1959 жылы Қызыларық ауылында дүниеге келген. Өз уақытында совхозда басқарушы қызметте болған. Кейіннен 20 жылға жуық трактордың рөлін бермей келді. 1979 жылы әскерден туған еліне аман-есен оралып, Құдай қосқан жұбайы неміс ұлтының қызы Лилия Давыдқызымен танысып, шаңырақ көтереді. Халқымызда «Бақыт дегеніміз – еңбек пен баланың қызығын көру» деген тәлімді сөз бар. Сонау албырт шағында жүрекпен ұғысып, нық сеніммен қол ұстасқан Шәріп қария мен Лидия апай екеуі 44 жылдан аса уақыт тату-тәтті тірлік кешіп, бес перзент тәрбиелеп өсірген. Бүгінде солардан 21 немере сүйіп отырған бақытты жандар.
Отанасы Лилия Давыдқызы да 1959 жылы Қызыларық ауылында дүниеге келген. Шырайлы Шымкент қаласында оқуын тамамдап, мата тоқу мамандығын игеріп шығады. Осы салада бар-жоғы бір жыл ғана жұмыс істейді.
Бұл отбасының негізгі кәсіптерінің бірі жер жыртып, бақша егу десек артық айтқандық емес. Бүгінгі таңда бақшада құлпынай, таңқурай, қияр, қызанақтың түр-түрі, тәтті бұрыш, әңгелек, асқабақ сияқты халық көп тұтынатын көкөністер жайқалып өсіп тұр.
– Бақша дегеніміз – береке ғой. Ерте көктемнен бастап бала-шағамызбен осы жерде еңбек етеміз. «Еңбектің наны тәтті» деп бекер айтпаған ғой. Амандық болса, аз ғана күннен соң бақша дақылдары пісе бастайды. Өзімізден артылғанын аудан орталығына және көршілес ауданның жақын ауылдарына апарып сатамыз, – деп ағынан жарылды отанасы Л.Әбілдаева.
Бақша өсіру – үлкен еңбек. Ең бірінші күтіміне мән беруі керек. Оны уақтылы суғарып, арам шөбін жұлып көңіл бөлсе, бақша мол өнім береді. Шаруа отбасы ең бірінші топырақтың құнарлылығын қалыпқа келтіру үшін қорданы көп пайдаланатынын жеткізді.
Қорда арқылы қара жерді тыңайтуға болады. Жақсы тыңайтылған жерге егілген көкөністер мол өнім береді.
Қияр түйіндеп, өнім бере бастағанда теруі оңай болуы үшін жіпке жеке-жеке байлап қою керек. Таңқурай өнімді мол беруі үшін ерте көктемде бұтақтарының басын қырқып отырған жөн. Ал құлпынайдың күтімі өз алдына бөлек. Құлпынайдың мұртын жұлып, арам шөптерден тазалап отыру қажет.
Мұрты көбейіп жатса, өнім аз береді. Сол себепті, уақтылы қарап, күтімініне аса мән берген дұрыс. Көкөністің қалыпты дамуы мен өсуі үшін ылғал қажет. Бірақ ауа райы өзінің таңқаларлық көріністерін ұсынады, олар күн сәулесі мен қатты жаңбыр арасындағы тепе-теңдікте ерекшеленеді. Сондықтан, тамшылатып суару жүйесін ұйымдастыру өте тиімді. Жүйе өте үнемді, ең бастысы, адамның тұрақты қатысуын қажет етпейді. Егістікке қолайлы Қызыларық ауылының тұрғындары биылғы жылы тамшылатып суғару әдісін енгізіп отыр. Тамшылатып суғару — ең алдымен судың ысырапшылдығын азайтып, өнім көлемін арттыратын тиімді тәсіл.
Қазіргі таңда, бау-бақша өсірумен айналысатын шаруалар үшін тамшылатып суғару технологиясы, мол өнім алуға таптырмас мүмкіндік. Осы аталған озық технологияның көмегімен таңқурай аптасына екі рет суғарылса, әңгелек 10 күнде бір рет суғарылады. Қалған көкөністер аптасына бір рет суғарылса жеткілікті. Ал, енді осындай маңдай терді қажет ететін еңбектің басы-қасында жүріп, қолғабыс жасайтын кенже ұлының еңбегі зор. Тамшылатып суғару жүйесін интернет желісінен үйреніп, биыл бірінші рет қолданып отырмыз. Темірлерді бір-біріне дәнекерлей отырып, резервуар ыдысын жасап шығардық. Аталған ыдысқа таңертең суды толтырып қойсақ, кешкі уақытқа дейін күннің көзімен жылып қалады. Өсімдіктер де адам сияқты жылы сумен нәрленсе ғана мол өнім береді,- дейді кенже ұлы Әлішер.
Спорт мектебін бітірген талапты азамат «Акация» футбол клубында тренер болып еңбек етеді. Жақында Ақмола облысы Бурабайда жеке клубтар арасында Қазақстан біріншілігіне қатысып қайтқанын мақтанышпен айтты.
«Бас екеу болмай, мал төртеу болмас» деген. Осыны ұғынған ол 2019 жылы Жания Қанатбекқызымен шаңырақ көтерген. Келіншегі шаруаға көмектесіп, отбасылық кәсіптің алға басуына септігін тигізуде. Екеуі отбасында Айзере және Еркежан есімді қыздарды тәрбиелеуде.
«Еңбек еткеннің еңсесі биік». Бағбанның алда жоспары көп. Әлішер бау-бақшасының көлемін бұдан әрі кеңейтіп, жеміс түрлерін көбейте түсуді ниет етіп отыр. Бұл отбасының құс өсіру, төрт түлік малға деген жақындығын да байқадық. Қазіргі таңда қорасында тауық, үйрек, түйеқұс асырап отыр. Құс етін өздері пайдаланып қоймай, балаларына да сыбағасын беріп отырады екен. Қазіргі таңда отбасы 40 тауық, 44 түйеқұс, 35 үйрек асырап отыр.
– «Қыста малыңды бақ, жазда шөбiңдi шап» деп дана халқымыз тегін айтпаса керек. Баға шарықтап тұрған заманда өз жерің болмаса қиын. Жем-шөптің бағасы қымбат. Құс өсіру де оңай шаруа емес. Отбасымызда «Аққорған» шаруа қожалығымыз бар. Жалпы, 5 гектар жерге жоңышқа, 2 гектар жерге бидай, ал 5 гектар жерге арпа егіледі. Егін орып, бұйырған ырысты ысырапсыз жинау жұмысы қоңыр күзге дейін жалғасатын болады,- дейді отанасы Л.Әбілдаева.
Жер-Ана еңбек еткен адамнан несібесін аямайды. Бұл сөз дәл бүгінгі шаруа қожалыққа қаратылып айтылғандай. Себебі, қолда бар шағын ғана жерден табысқа кенеліп, мол өнім алып отыр. Әрекет бар жерде, берекет қашық емес. Қашаннан да солай. Дегенменде, нарықтық қатынас барысында күнбе-күн ізденіп, еселі еңбек етпей табысқа жете алмасың анық. Байқай білгенге, расында, қазір де жұмыстың көзі көп, бейнет ете жүріп, дәулетін арттырудың жолы да сан тарау. Тек, шыдамдылықпен ерінбей жұмыс істей білгеннің, бірге бірді жаңылыспай қоса алғанның бәсі артық екенін айтқымыз келеді.

Анар ТІЛЕНШИЕВА,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close