Basty bet
Дарынды бала – ұлт болашағы!
Аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен аудандық «Достық» мәдениет үйінде алғаш рет «Дарынды бала – ұлт болашағы» тақырыбында дарынды оқушылар мен білікті педагогтарды марапаттау рәсімі өтті.
Шараның мақсаты – білімнің қайнар бұлағына, өнердің жарқын шырағына, зерттеудің жас ғалымдарына айналған дарынды оқушылар мен шығармашыл педагогтарды қолдау болып отыр.
Марапаттау рәсіміне білім саласының ардагерлері, көшбасшы педагогтар, жас зерттеушілер, олимпиада резервтері мен барлық білім мекемелерінің басшылары қатысты.
Сонымен қатар, іс-шараға ауданның Құрметті азаматы, «Отан» патриоттық медалінің иегері, кәсіптік-техникалық білім беру ісінің үздігі, Қазақстан Республикасының үздік өлкетанушысы, Әлем халықтары жазушылар Одағының мүшесі, Қазақстан журналистер Одағының мүшесі, аудандық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері Дәулетжан Байдалиев, аудандық білім бөлімінде 30 жылдан астам еңбек етіп, талай дарынды оқушыларды республикалық, облыстық бәйгелерге қосып, олардың үздіктер қатарынан көрінулеріне өз септігін тигізген Күлаш Сауқымбекқызы, педагог-шебер, «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісі мен Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне-20 жыл, «Желтоқсан көтерілісі» медальдарының иегері, «Әлем әдебиеті» бағдарламасының авторы, көшбасшы педагог Гаухар Тәжікенова қатысып, дарынды оқушыларды марапаттап, жылы лебіздерін білдірді.
Жалпы пән олимпиадасы мен ғылыми жобалар бұл білімге, дарындылыққа, көшбасшылыққа деген құштарлықтың алғашқы басқышы, бала санасына ғылымның алғашқы ізденістерін қалыптастырып, ғылымға еркін бойлайтын жастар қосынын қалыптастыратын ең үлкен және ең тамаша бағдарламалық бәсеке. Осы ғылым жолындағы бәсекеде өткен оқу жылының қорытындысы бойынша Жуалы ауданының дарынды оқушылары жалпы командалық есеп бойынша аудандар арасындағы рейтингте соңғы бес жылда алғаш рет алдыңғы үштіктің қатарына енді.
Шара барысында республикалық, облыстық ғылыми жобалар, пәндік олимпиадалар, интеллектуалды олимпиадалар мен «Оқуға құштар» жобасы шеңберіндегі түрлі байқаулар барысында жүлделі орын алған 62 оқушы және олардың жетекшілері, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің, Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасының Құрмет грамоталарымен, облыстық «Үздік авторлық бағдарлама» байқауынан жүлделі орын алған жалпы 22 шығармашыл педагогтар және дарынды оқушылардың ата-аналары марапатталды.
«Балалар жылы» мен 2022-2023 оқу жылының І жартыжылдығының қорытындысы бойынша, бірнеше рет республикалық, облыстық ғылыми жобалар, пәндік олимпиадаларға қатысқан №1 Ш.Мұртаза атындағы мектеп-гимназияның дарынды оқушысы Индира Мұратбаева, №15 Ә.Бөкейханов атындағы мектеп-лицейдің дарынды оқушысы Тұрлыбек Тоғжан, №11 Т.Тастандиев, №13 А.Байтұрсынов, №17 Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептердің дарынды оқушылары Өміржан Мерей, Емберген Гүлжанат, Көпбай Сағида, №25 Ақтөбе тірек мектебінің дарынды оқушысы Сағатбек Ақтаң «Жас дарын» титулымен марапатталды.
Сондай-ақ, дарынды шәкірттердің жетекшілері Самал Қадырова, Бақытжан Сабиев, Асланбек Наурызбаев, Айнұр Қылышбаева, Гүлдана Төлепберген, Әлия Тоғайбаева, Ренат Жапаров «Үздік жетекші» аталымына лайық деп танылды.
Одан бөлек, №1, 5, 10, 13, 15, 17, 19, 25, 27, 30-шы білім мекемелері «Дарынды орта» номинациясын иеленді.
Білім бөлімінің басшысы Нұрмахан Тыныбеков титулдарды тапсыра отырып өз сөзінде, өткізіліп отырған марапаттау рәсімі дәстүрлі іс-шараға айналып, дарынды оқушылар мен шығармашыл ұстаздардың қатары еселеніп, ауданымыз білім мен ғылым саласындағы жетістіктер рейтингісінде алдыңғы шепте болу қажеттігін атап өтті.
Шара соңында ардагер ұстаз Дәулетжан Жамалбекұлы қатысушыларға батасын беріп, дарынды оқушылар мен ұстаздарға ризашылығын білдірді.
Білім мен ғылым жолында тың жаңалықтар ашуға, жаңа жобаларды зерттеу барысында озаттар қатарынан көрінетін дарынды оқушылар мен олардың жетекшілеріне қанаттары талмасын дей отырып, алдағы аптада өтетін 9-11 сынып оқушыларына арналған пәндік олимпиада бойынша үлкен үміт күтетінімізді де жасырмаймыз.
Шолпан ИСМАИЛОВА,
аудандық білім бөлімінің әдіскері