Basty bet
Мәңгілік махаббаттың символы
Бүгін – «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» күні. Мәңгілік махаббаттың символына айналған «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» күні елімізде 15 сәуірде атап өтіледі. Еліміздің болмысы мен салт-дәстүріне жат “Әулие Валентин” күнінің орнына «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» күнін атап өтуді алғаш рет 1999 жылы қоғам және мемлекет қайраткері Дархан Мыңбай ұсынды. Ол жастар ұйымдары, оқу орындары мен бұқаралық ақпарат құралдарын ұлттық Ғашықтар күнін мерекелеуге шақырды. Дархан Мыңбайдың бастамасы көптің көңілінен шыққанымен, мерекенің нақты күні көпке дейін белгіленбеді. Араға он екі жыл салып, 2011 жылы 15 сәуір – Ұлттық ғашықтар күні деп бекітіліп, жастар арасында бұл мерекені тойлау белең алды.
Қос ғашықтың құрметіне, махаббаттың символы ретінде ескерткіштер орнатыла бастады. Өйткені бүкіл әлемді сүйіспеншілікке бөлеген ұлы сезім махаббат күнін жастар қауымы лайықты атап өтуді жөн санайды. Ғашықтар бір-бірін махаббат күнімен құттықтап, сыйлық тарту етіп, көтеріңкі көңіл-күй сыйлайтын іс-шаралар ұйымдастырады.
«Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» күні мерекесі махаббат пен сүйіспеншілікке арналған. Олар шамамен 12-13 ғасырларда ғұмыр кешкен. Дүниеқоңыздық пен көреалмаушылық, кек пен ашуға тап болған қос жүрек иесі өле-өлгенше бір-біріне деген нәзік сезімдерін сақтай білген. Олардың махаббаттары осымен құнды.
Жыл сайын 15 сәуірде Ғашықтар күнімен құттықтай отырып, біз жас ұрпақтың бойында ұлттық өзіндік ерекшелік сезімін және өз тарихымыз бен мәдениетімізге деген сүйіспеншілікті дамытамыз.
Онымен қоса, бұл «Әулие Валентинге» табынып, әспеттеген жастарымызға қайтарым болған күн. Елімізде соңғы төрт жылдан бері дәл осы күн белсенді әрі тұрақты түрде жастар арасында атап өтілуде. Бірақ дәстүр сіңді ме немесе сіңімді ме? Осы ретте, жастар пікірін тындап көрдік.
– Негізі «Әулие Валентин» күнін тойлағаннан гөрі, өзіміздің қазақтың ғашықтары «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» күнін тойлаған әлдеқайда дұрыс. Өзім әлі өмірлік жарым болатындай ғашығымды кездестірген жоқпын. «Бас екеу болмай, мал екеу болмайды» демекші, отау тігіп, шаңырақ көтеру, ризық-несібенің молаюуына және жақсылық есіктерінің ашылуына бірден-бір себеп. Сондықтан көп ұзамай өмірлік жарымды тапқым келеді,- дейді жуалылық азамат Бағнұр Медетбек.
– Бүгінгі күннен күтем, өйткені біз бұл күнді осымен екінші жыл тойлаудамыз. Бұл мереке қоғамға қажет деп санаймын. Өйткені қазір заман дамыған сайын, салт-дәстүріміз ұмыт болып бара жатқаны белгілі. Бұл мереке қазақ жастарының санасына ұлттық дәстүрді және тарихты сіңіру үшін қажет.
Отау құрған жас отбасы ретінде айтарым, өмірлік жар таңдау – ең маңызды шешім. Бойдақ өзіне жар таңдауда бірқатар адамдардың кеңесін таразылайды. «Әке-шешем айтқандай болады» дегенімен, көбіне іштей өз пікіріне тоқтам жасайтын секілді. Осыған орай, шариғи кеңеске де құлақ түрсе артықтығы болмас еді.
Жолдасым Мерей екеуміз жұмыс барысында таныстық. Екі жыл уақыт ішінде бір-бірімізді жақыннан тани алдық. Ең алдымен оның ісі мен сөзіне мән бердім. Өзінің қамқорлығымен және адалдығымен менің жүрегімнен орын ала білді. Жарың жақсы болса олда бір бақыт екен,- дейді аяулы жар, бақытты ана Айсана Бауыржанқызы.
Жастар: «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» күні ынтық жандар бір-біріне ұяң сезімің білдіруге мүмкіндік берілген күн,- деп санайды. Өзіміздің ауыл-аймақта Ғашықтар күні ашық хаттар мен түрлі тарту-таралғы жасап жатқандарды аса көп кездестіргеніміз жоқ. Тек бірлі-жарым қолына гүл ұстаған жастар болмаса. Осыған қарағанда, бұл күннің әлі де өңірімізде лайықты деңгейде насихатталып жатпағаны байқалады. Дегенмен қыздар жағы бұл күні арнайы сый күтетінін жасырып қалмады.
Сегіз әріптен құралған осы қасиетті де, құдіретті сезімнің төңірегінде қаншама жыр, қаншама роман жазылды. Оның жүректі тербеп, өзге әлемге жетелей түсетін қасиеті туралы жазбаған жан жоқ шығар. Ал қазақ жазушылары осы махаббат туралы не дейді?
Жазушы Ілияс Есенберлин бұл сұраққа былай жауап берген: «…Махаббат деген – ғажайып сезім! Қара тасты қақ жарып шығып, өзіне жол салған мұз балақтай, махаббат жаныңның белгісіз бір түкпірінде пайда болады да, жолында тұрған сан бөгетке қарамастан бір жүректен екінші жүрекке жол табады. Кенет, көп адамның ішінен саған біреу ұнайды. Бұны кім, қалай түсіндіре алады? Бар болғаны сен оны сүйесің!.. Бұл сұраққа адам баласы жаралғалы әлі ешкім жауап беріп көрген жоқ, сондықтан да мұндай сұрақты қоюдың да қажеті аз. Оған жүрек қана жауап бере алар. Сөз, ақыл – ойға берілген, бірақ оның да айтары жоқ… Алайда, ақыл-ой, жүрек, сезім – бәрі біртұтас» дейді.
Расында осы бір ғана сөз адам өмірінің мәніне айналатынына таң қаласың. Махаббатты әркім әрқалай түсінеді. Біреуге махаббат мұң, біреуге жыр, біреуге бақыт, енді біреуге қайғы әкеледі. Бәрі де мүмкін… Сол себепті махаббат деген ұлы сезімнің қақпасын ашқан соң, жүрекке жол тапқан қарым-қатынастың кілтін жоғалтып алмауға тырысыңыз.
Аида ТҰРҒҰМБЕКОВА,
«Жаңа өмір»