Basty bet
Экология мәселелері бірінші орында тұруы қажет
Қоршаған ортаны қорғау бағытындағы міндеттерді еңсеру тиімді заңнамалар қабылдаумен тікелей байланысты. Жалпы, еліміздің заңнамасындағы экология саласына байланысты нормалардың басым бөлігін, әсіресе өндірістік кәсіпорындарға қатысты талаптарды уақыт талабына сай өзгерту аса маңызды.
Бұл ретте жері, суы дуалы – Жуалы ауданында атқарылып жатқан жұмыстар баршылық. Айталық, «Бурное Солар» аталатын күннен электр қуатын өндіретін алып стансаның өндіріс ошағы бүгінде елімізге ғана емес, алыс-жақын шет мемлекеттерге де кеңінен танымал. Одан бөлек, кейінгі екі жылдың көлемінде ауданда «КазГидроОперейтинг» ЖШС әйгілі «Көксай» каналының бойынан су электр стансасының құрылысын жүргізуде. Қоршаған ортаға залал келтірмейтін бұл жобалардың өміршең әрі экологияға қауіпсіз екенін баса айтуға тиіспіз. Айта кету керек, жасыл экономика қағидаттарына негізделген Жуалы ауданының бұл бағыттағы байыпты бастамалары өңірде жүзеге асырылып жатқан жалпы құны 18,2 миллиард теңгені құрайтын инвестициялық жобалардың қатарына кіреді.
Өткен аптаның жұмасы күні «Байтақ болашақ» экологиялық альянсының төрағасы, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық құрылтайдың мүшесі Азаматхан Әміртай ауданымызда болып, жұртшылықпен кездесті. Онда экологиялық қауіпсіздік, табиғат пен қоршаған ортаны қорғау туралы мәселелер терең қаузалып, спикер өз сөзінде, табиғатқа деген қамқорлық тек қағаз жүзінде ғана емес, іс жүзінде атқарылуы қажет екенін баса айтты. Сонымен қатар, табиғат жанашыры, қоғам белсендісі Азаматхан Сайлауұлы жиынға қатысқан азаматтардың пікірлері мен ұсыныстарына да құлақ асып, оның маңызды дегендерін жазып та алды.
Кездесу негізінен қоршаған ортаны қорғау мәселелері және Қазақстандағы экологиялық қозғалыстардың жұмысын жандандырудағы саяси партиялардың рөлі қандай деген сұрақтардың негізінде өрбіді.
-Қазақстан Республикасының экономикасы негізінен шикізатқа тәуелді ел болғандықтан экологиялық мәселелер елдің барлық өңірлерінде туындап жатыр деуге болады. Олар жер үстіндегі өзен-көлдердің ластанып, тартылуынан, өсімдіктер мен жануарлар дүниесінің азаюынан, мұнайдың, басқа да зиянды қалдықтардың бей-берекет төгілуінен туындауда.
Мәселен, біздің елде қаншама жылдан бері алып зауыттар жұмыс жасап келеді. Олардың басшылары қыруар пайдаға кенеліп отырғанымен, өз жұмысшыларының жағдайларын жасап, ел экономикасына пайдасын тигізіп, экология мәселелеріне жете көңіл бөліп отырған жоқ. Міне, осы мәселе біздің қай-қайсысымызды да терең ойландыруы қажет.
Олардың біразын атап айтсам, Теміртауда «Арселлор Миттал», Өскеменде «Kazzing», Жезқазғанда «Қазақмыс», ал батыста мұнай мен газ саласындағы «Tengizchevroil» мен «NCOC» компаниялары экологияға үлкен зардап жасап, орасан зиян келтіріп отырғаны жасырын емес. Олардың артында шенеуніктер, олигархтар мен үлкен қаражат тұрғаны белгілі. Бұл жерде экологиялық партия ғана ондағы мәселелерден қорғай алады. Басқа жол жоқ. Қоғамдық ұйымдарды олар назарына да алмайды. Сондықтан Қазақстанға қоршаған ортаны, адам денсаулығын қорғап қалу үшін міндетті түрде экологиялық партия, қозғалыс қажет.
Бізде табиғатты қорғау қағаз жүзінде, сөз жүзінде бар да, нақты іс жүзінде мүлдем қорғалмаған. Оны қалпына келтіру үшін үлкен қаражат қажет. «Жасыл экономиканы» дамытып, Париж келісімі бойынша шарттарды толық орындап, ERG стратегиясын енгізуіміз қажет. Бізде басқа жол жоқ.
Табиғатты пайдалану кезіндегі қауіпсіздік мәселесі халықаралық ұйымдардың жыл сайынғы саммиттерінде қаралады. 2015 жылы Парижде климаттың өзгеруін тоқтату келісіміне 196 мемлекет қол қойды. 2016 жылы өз күшіне енген бұл келісімді Қазақстан ратификация жасағанымен, ондағы шарттарды толық орындай алмай отыр. Үкімет экологиялық мәселеде тек қана Париж келісімі бойынша төменгі көміртекті ұлттық доктринаны жасаумен ғана шектеліп отыр.
Халықаралық ең үлкен құжаттың бірі – Париж келісімі. Қазақстан оны ратификация жасап, парник газын төмендетіп, түрлі технологияларға көшуді өз мойнына алды. Бірақ бүгін біз не көріп отырмыз? Бұл бағытта мүлдем ешнәрсе жасалған жоқ. Бәрі тек қана сөз, жұмыс жоқ. Мысалы, араб елдері 18 миллиард ағаш отырғызамыз деген жоспар қойып оны іс жүзінде орындады. Олар еккен ағаштар бүгінде мәуелі баққа айналып та үлгерді.
Қазақстан қанша ағаш отырғызады, ол қалай басталады, қалай істеледі, оны кім жасайды? Бұл мәселенің басы әлі ашық тұр. Дегенмен, бұл бағытта түбегейлі жұмыс жаслмай отыр деп айта алмаймыз. Біз біріншіден оның тиімділігіне қарауымыз қажет. Экологияға тигізетін пайдасына үңілуге тиіспіз. Құр ұранмен, ағаш егу жұмыстарын науқанға айналдыруға болмайды. Бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі жүргізілуі қажет.
Сондықтан Қазақстан халықаралық стандарт бойынша Париж келісімі, ISG стратегиясының стандарттарын, тағы да декорбонизация сияқты мәселелердің бәрін ұстанып отырған жоқ. Ұстануы тек, сөз жүзінде. Қалалардағы жылу энергиясы орталықтарын қараңыз. Жезқазған, Қарағанды, Теміртаудағы үлкен зауыттардың мұржасынан шығып жатқан түтінді өзіңіз де күнде көресіз. Не өзгерді?
Біз «Арселлор Миттал», «Kazzing», «Қазхром», «Қазақмыс», «Қазфосфат», «Қазақстан алюминий», «Tengizchevroil», «NCOC», «NRG» және тағы басқа да компаниялардан экологияға келген 100 млрд доллар шығынды қайтаруды мақсат етіп отырмыз,- деді экологиялық қозғалыстың төрағасы Азаматхан Сайлауұлы.
Кездесуге қатысушылардың ішінен еңбек ардагері, ауданның Құрметті азаматы Кемелбек Дәуренов сөйлеп, ол өз сөзінде, экология мәселелерін реттеу үшін ең алдымен автокөліктердің санын шектеу керектігін, сонымен қатар, қоршаған ортаға зиянды тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдеу, оның кейбірін қайтадан іске жарату сияқты өзекті әрі шешімін табуға тиісті мәселелерді айта келіп, бүгінде әлемді алаңдатып отырған Арал тағдыры төңірегінде проблемаларды түбегейлі шешуге жүйелі қадамдар жасалуы қажет деген ұсынысын да қоса жеткізді.
Ал ардагер ұстаз, Қарасаз ауылдық округіндегі Аналар алқасының төрайымы Айгүл Омарова, қоршаған ортаны қорғау жөніндегі өз ойын білдіріп, тал-дарақтарды көбірек егуге мемлекет тарапынан көңіл бөлінсе деген тілегін жеткізіп, бұл жөнінде өңірлерде ағаш егумен және оны күтіп-баптаумен айналысатын мекеме құру қажеттігінің күн тәртібіндегі мәселе екенін баса айтты. Әрине, оған бірінші кезекте мемлекет тарапынан немесе жергілікті атқарушы органдардың тарапынан қаржылау қолдау жұмыстары маңызды саналады.
«Байтақ болашақ» экологиялық альянсының төрағасы Азаматхан Әміртай Жамбыл облысына жасаған жұмыс сапары барысында қасиетті Әулиеата өңірінің Талас және Сарысу аудандарында болып, сондағы жергілікті халықпен және аталған екі ауданда орналасқан ірі өндіріс ошақтары мен химия өнеркәсібін өркендетіп отырған бірнеше зауытта болғанын жеткізді.
Иә, қоршаған ортаны қорғау мәселесі ел дамуында аса маңызды саналады. Айта кету керек, «Байтақ болашақ» экологиялық альянсының құрамында Олжас Сүлейменов, Төрегелді Шарманов, Тоқтар Әубәкіров, Асқар Жұмаділдаев сынды елімізге белгілі көрнекті мемлекет және қоғам, сонымен қатар, отандық ғарыш пен ғылым қайраткерлері мен табиғат жанашырлары бар.
Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»