Basty bet

МАҢЫЗДЫ МӘСЕЛЕЛЕР ҚАРАЛЫП, НАҚТЫ ТАПСЫРМА БЕРІЛДІ

Сейсенбі күні аудан әкімі аппаратының үлкен мәжіліс залында аудандық әкімдіктің кезекті аппараттық кеңесі өтіп, онда ауданның дамуына қатысты бірқатар маңызды мәселелер қаралып, жауаптыларға нақты тапсырмалар берілді. Жиынға аудан әкімдігіне қарасты бөлімдер мен мекеме басшылары және ауылдық округтің әкімдері шақырылды. Жиынды аудан әкімі Жалғас Әлижанұлы ашып, күн тәртібіндегі мәселелердің маңыздылығына тоқталды.

Аппараттық кеңес басталмас бұрын 18 мамырда ауданға қарасты Мыңбұлақ, Қарасаз және Боралдай ауылдық округтерінің жаңадан сайланған әкімдері таныстырылып, Жалғас Әлижанұлы аталған ауылдық округке сайланған әкімдер – Жәнібек Мырзалиев, Жанар Нұрмұратқызы және Бауыржан Абдалиевтың жұмысына табыс тіледі.
Аудан әкімі Жалғас Мұртазаның төрағалығымен өткен аппарат кеңесінің күн тәртібіндегі бірінші мәселе – аудан аумағындағы санитарлық тазалық жұмыстары және аумақтарды абаттандырудың барысы туралы аудан әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Қайрат Жатқанбаев баяндама жасады.
–Аудан бойынша 2025 жылдың 1 наурызы мен 1 мамыры аралығында көктемгі көріктендіру, абаттандыру және санитарлық тазарту жұмыстарын жүргізу жоспарланғаны белгілі. Жуалы ауданы әкімдігінің 2025 жылғы 21 ақпандағы №43 қаулысы аудандық «Жаңа өмір-Новая жизнь» қоғамдық-саяси газетінің 2025 жылдың 25 ақпандағы №15 санында өңір тұрғындарының назарына жеткізілді.
Ендігі кезекте ауданға қарасты Б.Момышұлы ауылы және ауылдық округтің әкімдерімен бірлесіп атқаратын жұмыстарға тоқталатын болсам, көктемгі екі айлық жұмыстарына қатысатын жалпы адам саны – 2 600, (мекеме мен ұйымдар), ақылы қоғамдық жұмыс арқылы тартылатын адам саны – 258 (аудандық «Мансап» орталығы). Жалпы Б.Момышұлы ауылы мен ауылдық округ әкімдері ұсынған ақпаратқа сәйкес, көріктендіру, көгеріштендіру, абаттандыру және санитарлық тазарту жұмыстарына жалпы 25 683,0 мың теңге қаржы қаралды. Оның ішінде, абаттандыру мен көгалдандыруға 10 068,0 мың теңге қаралған.
Бұған келесідегідей жұмыстар атқарылды. Қоғамдық ғимараттардың қасбеттері мен қоршауын ретке келтіру – 218 дана. (Қошқарата ауылдық округі – 180 дана; Қызыларық – 16 дана; Ақтөбе – 8 дана; Нұрлыкент – 5 дана; Шақпақ – 3 дана; Боралдай – 3 дана; Ақсай – 2 дана; Мыңбұлақ – 1 дана). Ескерткіштер аумағын көркейту бойынша барлығы 33 орын, саябақ аумағын көркейту – 14 650 м2, ал кездейсоқ қоқыс төгетін орындарын жою – 71,2 тоннаны құрайды,- деді өз сөзінде жауапты бөлімнің басшысы Қайрат Есенбекұлы.
Сонымен қатар, аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Қайрат Жатқанбаевтың айтуынша, аудандық бюджет есебінен Б.Момышұлы ауылындағы Тәуелсіздік көшесін абаттандыру жұмыстарына, Б.Момышұлы ауылындағы айыппұл тұрағын ағымдағы жөндеу жұмыстарына, айыппұл тұрағын күтіп-ұстау, «Көктөбе» тұрғын үй алабын абаттандыру және газ жүйесін ретке келтіру жұмыстарына, аудан орталығында Жамбыл көшесіндегі орталық сахнаны ағымды жөндеу жұмыстарына, мемлекеттік кірістер басқармасының алдындағы автотұрақты ағымдағы жөндеу, «Мансап» орталығындағы автотұрақты ағымдағы жөндеу, Шақпақата ауылындағы Д.Пахомов көшесіне жаяу жүргіншілер жолын салуға және Шақпақата ауылына кіші футбол алаңшасын орнатуға тиісті қаражаттар қаралып, жұмыстар атқарылғанын жеткізді.
Сондай-ақ, «Жасыл белдеу» 2021-2025 жылдарға арналған ағаш отырғызу өңірлік жоспарына сәйкес, ауданда жыл сайын 20 мың ағаш көшетін отырғызу жоспарланғаны да тілге тиек етілді.
Бөлім басшысының баяндамасынан кейін сөз алған аудан әкімі Жалғас Мұртаза жалпы өңірде тазалық жұмыстарына атсалысқан бөлімдер мен мекеме басшыларына алғыс білдіріп, оны ары қарай жүйелеп, жұмысты ширата түсудің маңыздылығына тоқталды.
– Қоршаған ортаны қорғау, айна төңіректі көгеріштендіру және тазалық жұмыстарын ұдайы ұйымдастырудың маңызы өте зор. Тазалық – жан мен тәннің айнасы. Мұның ішінде ерекше тоқталатын мәселелер өте көп. Мысалы, тал-дарақтың көшеттерін отырғызу ісінде салғырттыққа жол беруге болмайды. Еңбек етіп, еккеннен кейін оның өнуіне де баса назар аудару қажет. Одан бөлек, ауылдардан күл-қоқыстар мен қатты қалдықтарды тасымалдауға баса назар аударған жөн. Бұл ретте ауылдық округтің тұрғындарына қоқысты тасымалдау бағытында келісім-шарт жасаудың жолдарын түсіндіріп, оған жауапты мердігерлердің де жауапкершілігін күшейткен дұрыс. Полигондағы тұрмыстық қатты қалдықтарды да сұрыптап, кәдеге жаратудың жайын ойластырғанымыз жөн. Қазіргі таңда тұрмыстық қатты қалдықтардың мәселесі жалғыз Қазақстанда ғана емес, әлем елдерінде күн тәртібінде тұрған мәселенің бірі. Біз алдағы уақытта аудан орталығындағы полигонға сұрыптауға арналған лента қондырғысын орнатуды жоспарлап отырмыз. Бұл алдағы уақыттың еншісіндегі жұмыс.
Тазалық пен қоршаған ортаны қорғау мәселесінде тағы бір айта кететін маңызды жайт, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы – бір реттік науқандық жұмыс емес. Бұл – ел тұрғындарының жан дүниесінің жаңаруын да білдірсе керек,- деді Жалғас Әлижанұлы.
Балалардың жазғы демалысы: биыл 325 бала қала сыртындағы лагерьмен қамтылады
Аппарат кеңесінің барысында Ұлттық бірыңғай тестілеу сынағына (ҰБТ) дайындық және оқушылардың жазғы демалысын ұйымдастыру шаралары туралы мәселе қаралып, бұл туралы Жуалы ауданының білім бөлімінің басшысы Бахыт Шертаева баяндады.
– Ұлттық бірыңғай тестілеу – Қазақстан Республикасында орта білім беру ұйымдарын бітірген түлектердің білім деңгейін бағалау мен жоғары оку орындарына түсу мүмкіндігін анықтайтын маңызды емтихан жүйесі. ҰБТ түлектерге өз білімін дәлелдеуге мүмкіндік береді және жоғары оқу орнына әділ жолмен түсуге жағдай жасайды. Жуалы ауданының мектеп түлектері үшін үлкен сынақ 2024-2025 оқу жылының қаңтар айында басталды.
ҰБТ жылына бес рет өткізіледі. Ақылы оқуға түсу үшін – қаңтар, наурыз, тамыз айларында, ал негізгі (мамырдан шілдеге дейін) – грантқа түсу үшін екі рет тапсыруға болады. Мектеп бітіруші 638 оқушының 2025 жылдың қаңтар айында 98 пайызы, яғни 580 оқушы ҰБТ-ға қатысып, 65 пайыз білім сапасын көрсетіп отыр.
2025 жылдың наурыз айында 547 оқушы тіркеліп, 89 пайыз оқушы қатысты. Білім сапасы 70 пайызды құрап отыр. Білім сапасы былтырмен салыстырғанда, 3 пайызға өскен. Аудандағы ҰБТ-ға қатысатын 28 орта мектепте жалпы саны 40 рет қағаз түрінде, 114 рет электронды түрде байқау сынама тесттері алынған. Алынған сынама тесттерінің нәтижесі бойынша 68 пайыз білім сапасын көрсетіп отыр. Мамыр айындағы ҰБТ-ға 618 оқушы тіркелген, оның 598-і қазақ бөлімі, 20 оқушы орыс бөлімі бойынша тест тапсырады. Бұл жалпы оқушылардың 96 пайызын құрап отыр,- деді бөлім басшысы.
Білім бөлімінің басшысы Б.Шертаева өз сөзінде, балалардың демалысын ұйымдастыру қашанда маңызды мəселенің бірі болып саналады. Жазғы кезеңде балалардың сауықтырылу демалысын, бос уақытын және жұмыспен қамтылуын ұйымдастыру мемлекеттің әлеуметтік саясатының ажырамас бөлігі және балалардың шығармашылық дамуы, олардың рухани әлемі мен интеллектін байыту мүмкіндігі болып табылады. Жазғы кезеңде ұйымдастырылатын лагерьлер – оқушылардың демалысын тиімді әрі мазмұнды өткізудің бірден-бір жолы екенін де баса айтты.
Жауапты бөлімнің мәліметінше, бұл мақсатта биылғы оқу жылы аяқталысымен барлық білім беру ұйымында мектеп жанындағы жазғы лагерь ағымдағы жылдың екінші маусымынан басталады. Жазғы каникул кезінде оқушылардың сауықтыру демалысын және бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында аудан бойынша 39 білім мекемесінде мектеп жанындағы жазғы лагерьлер 1 және 2 кезең бойынша жұмыс жасайды деп жоспарланған. Мектеп жанындағы лагерлерде ыстық тамақпен қамтылатын балалар саны – 2 177, тамақтандырусыз 6065-ке жуық бала әртүрлі үйірмелер мен мектеп өндірістік бригадаларға тартылады. Бірінші кезекте жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың, көп балалы, аз қамтылған отбасы балаларының демалуы және сауықтырылуы қамтамасыз етіледі.
Биыл мектеп жанындағы лагерьде мемлекеттік емтихан тапсыратын 9,11 сыныптардан басқа 1-4,5-8,10 сынып оқушыларына спорттық іс-шаралар, пәндік үйірмелер және еңбек, көгалдандыру отрядтары ұйымдастырылады. Еңбек балалардың экологиялық мәдениетін көтерумен бірге, тындырымды жұмыс атқаруға дағдыландырып, сонымен қоса, оларды ынтымақтастықта жұмыс атқаруға тәрбиелейтіні даусыз.
Сондай-ақ, жаз мезгілінде балалардың демалысын сапалы ұйымдастыру мақсатында 325 бала қала сыртындағы лагерьмен қамтылады деп күтілуде. Биыл әлеуметтік осал санаттағы отбасынан шыққан балалардың демалысы Алматы облысы Жамбыл ауданының Қарғалы ауылындағы «ТауLand» орталығында ұйымдастырылмақ. Оқушыларды сауықтыру үшін – 20 475,0 теңге көлемінде қаражат қарастырылған.
Жиынды аудан әкімі Жалғас Мұртаза қорытып, жауаптыларға бірқатар нақты тапсырма жүктеді.

Таңдаулы материалдар

Close