Basty bet
“Имандылық – бар жақсылықтың бастауы”
“Тәрбие тағылымдары” атты айдарымыздың бүгінгі қонағы – ардагер ұстаз, ауданымыздағы ақылман ақсақалдардың бірі, Жамбыл облысының Құрметті ардагері,
Бақалы ауылының тұрғыны Болатбек Қайыпбеков.
Қариямен бүгінгі қоғамдағы маңызды мәселелер төңірегінде сұхбаттасқан едік. Ақсақал өмірден көрген, көңілге түйгендерімен бөлісті.
-Отан отбасынан басталады. Бүгінгі қоғамдағы орын алып отырған келеңсіздіктердің басты себебі, отбасындағы тәрбиенің әлсіздігі, жалпы ұлттық тәрбиені босаңсытып алғанымыздың салдары. Бүгінгі қоғамдағы өзекті мәселенің бірі – жас отбасылар, тіпті төрт-бес баласы бар отбасылар арасында ажырасудың көбейіп кетуі. Бұл – үлкен қасірет. Бұл мәселеге деген көзқарасыңыз. Біз, жалпы ажырасуды қалай тоқтата аламыз деп ойлаймыз?
-Ажырасу деген батыстан келген “жұқпалы ауру”.
Қазақта ажырасу өте сирек болған. Мәселен, 100 үйлік бір ауыл-аймақта «Пәленшенің қызы байдан шығып кетіпті» десе, бүкіл аймақ дүрлігіп, шығып келген әйелге түрпідей қарап, «япырмай, бұнысы несі, не болды екен?!» деп таңғалыспен ренжейтін-ді.
Ал, қазір пәленше ажырасты деген хабарды есту үйреншікті жағдайға айналды.
Айналамызда алғашқы күнгідей бір-біріне ғашық жандар отбасын құру үшін мәлім, беймәлім сырларға мән беру керек болар:
Ерлі-зайыптылар кейде болмашы нәрсеге ұрсып-керісіп жататыны сөзсіз. Ондай кезде ең маңыздысы, жұптардың тым қатты ашуланбауы, шектен шықпауы және күтпеген әрекеттер жасамауы қажет. Егер жұбайыңыз ашулы болса, сіз жұмсақ мәміле жасаңыз. Көңілін жайландыруға, ашуын басуға тырысыңыз. Кейін өкінетіндей ауыр сөз айтудан, іс-әрекеттерден сақ болыңыз. Ата-анасына тіл тигізуден аулақ болыңыз.
«Құдайдың өзіне көп сұрақ қоятын адам баласы алдымен өзіне сұрақ қоюы керек»,- деген ұлы суреткер Әбіш.
“Бір ұрыс кезінде маған дауыс көтерді!”- деп, сіз де ұрысудан сақтаныңыз! Ұрысумен ешнәрсе шешілмейді. «Жұбайыңызды жас күнінде қалай көрсеңіз, қартайғанда да солай көріңіз» деген екен Н.Г.Чернышевский.
Егер дауласудан міндетті түрде біреуі жеңу керек болса, зайыбыңыз жеңсін! Махаббаттың билікке таласатын соғыс емес екенін ойлап, әрекет етіңіз!
Ешқашан бұрынғы жасаған қателіктерін зайыбыңызға қайта-қайта айтып, есіне түсірмеңіз! Бүгінге дейін ешкім өткенді кері қайтара алмаған және оны түзете алмаған.
Не үшін үйленгеніңізді ұмытпауыңыз керек. Қуаныш пен қайғыңызды бөлісу үшін өмірден екі есе артық ләззат алу үшін үйленген жоқсың ба?! Қасиетті Құранда «Нұр» сүресінің 43-аятында «Кім сабыр етіп, кешірімді болса, дау жоқ, маңызды істердің маңыздысы осы» делінген.
Сөздеріңіздің болымды, сүйіспеншілікке толы және салмақты болуына мән беріңіз! Әйтпесе еш нәрсеге қол жеткізе алмайсыз. Мұны ұмытпаңыз.
Бір жоспар құрған кезде жұбайыңызбен ақылдасыңыз, оның пікірін сұрамасаңыз немесе жора-жолдастарыңызға одан да артық уақыт бөлсеңіз, қателесіп жүрсіз деген сөз.
Күніне ең аз дегенде бір рет өмірлік жарыңызға әдемі сөз айтыңыз! Жұбайыңыздың сізден әдемі сөзді естіген кезде қандай бақытты болатынын байқадыңыз ба?
Қателік жасасаңыз, қатеңізді мойындаңыз және кешірім сұраңыз. Қателік жасауыңыз дүниенің соңы емес, бәрінен маңыздысы қате жібергеніңізді түсінуіңіз.
Үйдегі тыныштықтың ең негізгі қағидаларының бірі өзге де адамдармен қалай сыпайы, жақсы мәміледе болсаңыз, соның ең кемі жартысын отбасыңызға көрсетіңіз!
«Ерін сыйлаған, бес уақыт намаз, оразасын ұстаған, жаман жолмен жүрмеген әйел пейішке кіреді, қақпаны өзі таңдап ашады» деп хадисте айтылған. Еріңізден өзіңізді бір саты төмен ұстасаңыз, бәрі де орнына келеді. Екеуіңізден өрбитін ұрпақты ойлап, олардың болашағының жарқын болуын бір сәтке де естен шығармау керек. Жамандық атаулы өзімен кетсін!
-Қазақ «Ұл тәрбиелей отырып рухыңды, қыз тәрбиелей отырып ұлтыңды тәрбиелейсің» дейді. Бұл – мағынасы терең аталы сөз. Бүгінгі ұл мен қызды тәрбиелеуде ата-аналардың жетістігі мен кемшілігі қандай? Жалпы жетістігіміз бар ма? Кемшіліктеріміз қандай? Нені басты назарда ұстауымыз керек?
-Әулие, көріпкел Мөңке Тілеуұлы түс көріп, Сырым батырға жорытпақ болады. Сырым жоруды Мөңкенің ұзатылған қызына жорытады. Қыз: «Маған түс жорытқандарыңыз қате болды. Күндердің күнінде әйел билеген заман келеді, ол заманда әйелден ұят кетеді, еркектен намыс қашады, менің үш рет шақырғанда зорға келуімнің сыры осында еді»,- депті.
«Жыланды үш рет кессең де, кесірткелік қауқары бар»,- демекші, опасыз қасіреттің зардаптары әлі жойылған емес.
Бүгінгі күні қазақ қызының тәрбиесі үлкен сын үстінде тұр. Бір тобы жақсы оқып жатыр, бір тобы ескіден келе жатқан ұлттық өнерлерімізді жандандырып жүр, бір тобы дегеніме жетемін, өмірімді керемет етемін деп қателікке бой алдырып жүр. 40-қа келгенше «карьера» қуып жүр. 40-қа дейін жар құшпаған, сәби сүймеген, бөбек иісін құмарлана иіскемеген әйел 40-тан кейін ауру болады. Оған дейінгі мансап түкке тұрмайды. Қыз баланы тәрбиелегенде «Сен ошақтың иесі боласың, бала-шағаңды ғана емес, ұлтыңды тәрбиелейтін жан боласың» деп өсіру керек. Ол сөз қазір айтылмайды. Ана қызына көңіл бөлуден қалды.
Қазақтың қызын тәрбиелеу – үлкен өнер. Әлемде бұрын қазақ қызынан асқан тәрбиелі қыз жоқ еді. Күні кешегі қазақ әйелдері, аналары, келіндері ертекшіл, дастаншыл болатын. Осы арқылы ұл-қызды, болашақ әке мен ананы тәрбиелейтін. Ұлттық дәстүр арқылы бала денсаулығына көңіл бөлетін. Қазір екі баланың бірі ауру.
Ұлттық тағам ұмытылды. Бесік жайына қалды. Бұлар әйел жіберген қателіктер. Қазақ әйелінің жазылмаған заңы – Ана болу. Ана атанған әйелде ғана мейірім болады. «Ана» деген атқа лайықсыз, баласын «тірі жетім» қылғандар ұлтты, қоғамды былғап жүр. Бізге мектептен бастап «Қыз тәрбиесі» деген арнайы курс керек.
Қазақ қызы ер жігіттің үстінен аттамайтын. Қазіргі кейбір қыздар ырбыңдап сөйлеп, шылым шегіп, арақ ішетін қылықты қайдан алды? Бұл біздің салтымызда бар жағдай ма еді? Табиғи тепе-теңдік бұзылатыны сияқты қазақ әйелінің ұлттық болмысы бұзылса – ұлттық тәрбие бұзылады.
«Ұрпағымның ұяты болсын!»- деген қазақ бала тәрбиесін қашанда биік қойғаны белгілі. Ұятсыз не жүгенсіз деген сөзге қалмау үшін қызды 40 үйден тыйып, тәрбие берген. «Аяғын етік қыспаған, шешесі ернін қыспаған» деп, ананың қыз бала тәрбиесіндегі орнын ерекше бағалаған.
Қазақ баласын үш ауыз сөзбен тәрбиелеген. Оның алғашқысы – обал, екіншісі жаман болады, үшіншісі – ұят болады. Ұят болады дегені, өлімнен ұят күшті, ұятты іс істеме дегені. Сондай-ақ, «Жаным – арымның садағасы»,- деу арқылы қазақ тәрбиедегі ұят ұғымын танытқан.
Жаман болады деп, «Жақсы сөз – жарым ырыс», жамандықтан аулақ жүр десе, «Жақсының жақсылығы, жаманның кесапаты тиеді»,- деп түсінген.
Обал болады дегені – әр нәрсенің сұрауы бар бар, саған түкке тұрғысыз болған бір нәрсе басқа біреуге өте қымбат болуы мүмкін. Міне, ержүрек, дана қазақ халқы өз ұлдарын ашса алақанында, жұмса жұдырығында, ал қыздарын өте байсалды, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсететіндей тәрбиелеген.
Қазаққа сілкініс керек. Ділді терең зерттеп, оқып -үйреніп, ұлттық ерекшелігімізге шұғыл 180°-қа бұрылып, қазақ қазақ болуы керек.
-Сіз ұзақ жыл мектепте, мұғалім, тіпті басшы болып қызмет еттіңіз. Бүгінгі мұғалімдердің қызметіне, қоғамдағы орнына көңіліңіз тола ма? Үкімет «Педагог мәртебесі туралы» заң шығарды. Мұғалімнің мәртебесін бір заңмен көтере аламыз ба?
-«Ұстаз бақыты – озып туған шәкірті» ұстазы жақсының ұстамы жақсы деген жақсы сөз бар.
ХХ ғасырдың 40-50 жылдары Құдайсыз, атеистік қиын заманда сабақ берген қазақ ұстаздарымыз Құдайды заман керісіне қарай жөнсіз мазалай бермейтін. Оның үстіне үйде жалғыз жесір Анамыз «Құдайға қарсы келме, кәлиманы айтып жүр, Алла үнемі жүрегіңде болсын!»- деп күні-түні айтуымен санамыз коммунистік, теріс оймен былғанбады. Зорлағанда атеистік тақырып кеп қалса, «Гректің 1000 Құдайы» деген бос нәрсе, бір Алла бар екені ақиқат»,- дер едік. Біз оқыған кезде әлі де иман бар еді, ескі көз баршылық еді. Имандылық – барлық жақсылықтың бастауы.
Біздің кезімізде әйел мұғалімдер жоқтың қасы, дені ер мұғалімдер еді. «Мектеп мұғалімдерінің дені әйел затынан болуы – білім сапасы мен тәрбие жұмысына кері әсер етеді» (Бұл демократияшыл батыстың мойындауы).
Бүгінде мектептерде ер мұғалімдердің қатары көбейіп келеді, бұл қуантарлық жағдай.
Біздің кезімізде әйел балалары сабақта болсын, жайшылықта болсын, орамал тартатын еді, шашын қырқып, жалаңбас жүрмейтін. Шалбарланып жүрмейтін. Қазіргі басқа-басқа зейнет жасына таянған, одан асып, әже жасына, тіпті кейуаналар жалаң бас, шашын қырқып, газет беттеріне суретін басады.
Кінәні өзгеден емес, алдымен өзіңнен ізде деген, тиген байынан ажырасқан, бір бала болса болды, болмаса баласыз, тәрбиесіз әйел білім ордасына не деп қожайын болады, одан өсіп келе жатқан жас жеткіншек не үлгі-өнеге алады?! Маман құрып қалған жоқ, ер жігіттерден басшы қою ләзім! Білім тек ана тілінде берілуі тиіс. Аралас, таза орыс сыныбында оқыған ұл-қыздар ұлт намысын қорғамайды. «Ұл-қыздарын орысша оқытқан адамның ұят атынан сөйлеуге хақысы жоқ».
Адамзатқа рақым, мейірім ретінде берілетін аса бағалы сыйлық – білім. Ақылға – шамшырақ, көңілге нұр беретін Құран мен хадис. Мәңгілік елдің кепілі – шыңдалған рух, жаңашыл мінез, тынбас күрес!
Алдыңдағы үмітпен отырған жас ұрпақты қазақтың, өзіңнің қаныңда бар ынта-ықыласыңмен, жанашырлықпен білім нәрімен сусындат. Төрт мың жылдық өркениеттен (бұл әлемдегі бірден-бір ел – қазақ елі) хабардар етіп, білімді, білікті, тәрбиелі ұлдар мен қыздар тәрбиелеуді бір Алла Сіздерге несіп етсін! Аққан тер, адал еңбек жеміс беріп, адамды салады өз қалыбына.
Мұғалім мәртебесі көтерілді, табысы да жақсы, берекесін берсін! Тек 18 жылда 19 оқу уәзірі ауысты. Осы жері көңілге қонбайды.
«Балаларды мектепте жұмыс істетпе!» деген қате шешім. Еңбек тәрбиесі қайда қалды?!, «Еңбек – бәрін де жеңбек» деген ғой бұрынғы бабаларымыз. Адам еңбекпен есейеді.
Мұғалім көп оқысын, көп ізденсін! Мұғалімді газетке зорлап жаздырма деген не сөзі?!
Түсінбейтін бәлеқорларды зорлау керек. “Мұғалім оқуын тастаса, ол мұғалім болудан қалады!»- деген сөз өте дұрыс сөз. Қысқасы, мұғалімнің мәртебесін өзінің білімі, мәдениеті, адамгершілік қасиеті, еңбегі ғана көтереді.
-Бүгінгі қоғамда өз қызметіне лайықты емес, мәселен мұғалім, басшы, депутат дегендей, басқа сала бойынша елге бағыт-бағдар көрсететін, сол атқа шын мәнінде, лайықты, үлгі боларлық адамдар аз. Сол себептен де жоғары лауазым, мансаптың халық ішінде абыройы төмендеп кеткен сияқты. Жалпы бүгінгі басшыларға қандай қасиеттер жетіспейді?
Әлихан Бөкейханұлы «Халыққа қызмет ету – білімнен емес, мінезден» деген…
-«Не жаман» деген сұраққа Қожамжар:
“Есерсоқ туған ұл жаман,
Парақор болса би жаман,
Шер тазартпаған күй жаман,
Сөз асылын ұқпаған ми жаман”,- деген екен.
“Ішінде кімнің оты бар, қар жауса да сөнер ме?!”
Мұғалімдер алдындағы шәкірттерінің қай маманға бейімі бар екенін таниды ғой. Міне, сен ұстаз боласың, сен журналист боласың, сен дәрігер т.б. мамандық оқуға бар,- деп ата-анасымен ақылдасып, шәкіртке өзі бағыт-бағдар берсе, артық болмайды.
Халық – уәлі, халық айтса – қалып айтпайды. Жоғары жақтың таңдауымен білімді де білікті, жұғымы бар, өзінен бұрын халық қамын ойлайтын сегіз қырлы, бір сырлы азаматты басшылыққа бағыттаса жарасып-ақ тұрмай ма? Өз басын әрең алып жүрген адамды басшылыққа, депутаттыққа ұсыну көңілге қонбайды. Әрбірден кейін қоғамдағы көптеген келеңсіздіктер өзіне жауапсыз, лайықсыз адамдардың кесірінен орын алуда. Жаңа Қазақстанда бұл кемшіліктер де өз шешімін табады деп ойлаймын.
-Абай атамыз айтқандай, «толық адам» Сіздің ұғымыңызда қандай адам? Айналаңызда «толық адам» болуға ұмтылғандар бар ма?
– Араб тілінде «әл ихсан әл кәмил», қазақ тілінде «толық адам», «кемел адам», «кемелденген адам», «жетілген адам» не бекзат ілімінде парасатты адам, қайырымды адам. «Әл-Ихсал әл фадыл» лайықты, тұрарлық, үстем, асқан, тамаша, керемет деген мағынада болса, сопылық дүниетанымда «Әл ихсан әл кәмил» деген атаулармен беки түсті.
Иран ғалымы М.Муттаһхари «Толық адамды» қоғамдағы «үлгілі тұлға» деп алсақ, онда ең әуелгі орында Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбар мен хазіреті Әли (р.а) тұруға тиіс” деп санайды. «Толық адам» – үлгілі, еңселі және мінсіз тұлға. Адамның бәрі толық бола алмайды, оны ішінде кемелі және кемел емес, тіпті мінездің өзі мінсіз толық, мінсіз толық емес болады.
Толысу дегеніміз – адамның алдымен жетілуі және оның сақталып қалуы, дәрежелеп көтерілуі немесе деңгейлес дамуы.
Ислам діні тұрғысынан адам ислам дінін, ислам бекзаттығын үздіксіз білімге қол жеткізбей, ғылыми ізденіс жасамай, ислами тәрбие алмай, рухани тұрғыдан өтпей, кемелденіп «толық адам» бола алмайды.
Абай кәсіби ақын деңгейінде елсіз түзді, ол түркі жұртшылығында жазба поэзия дәстүрінің жаңаша үлгісіне бастама берді. Абай өлең сөздің ұлттық үлгісін қалыптастырды.
Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек – Абайша «толық адам». «Ақ қағаз бен қара сияны көмек қылайын, кім де кім ішінен керекті сөз тапса, жазып алсын я оқысын керегі жоқ десе, өз сөзім өзімдікі, дедім де, ақыры осыған байландым, енді мұнан басқа ешбір жұмысым жоқ»,- деген ұлы Абай.
Абай атамыз айтпақшы «Болмасаң да, ұқсап бақ» демекші, ауданда халықты тойға емес, ойға шақырып жүрген қазыналы қариялар бар.
Жастардың арасында да иман жүзді, қайырымды, білімді, өзін үнемі үздіксіз дамытумен айналысып жүрген жастар көп. Әрбір адам артық сөзден, артық жаман ойдан арылып, өзімен-өзі күресуді, дамытуды бастаса, қоғам да, әлем де өзгереді.
-Қазіргі қоғамда шындықты айту мен бәлеқорлықты шатастырып жүргендердің қатары көбейген. Халықтың атынан сөйлеп, шындықты айтқансып тұрғандардың сөзіне сәл үңілсең, негізгі мақсаты – өзінің жеке басының мәселесін шешу болады. Осындай азаматтар туралы не дейсіз?
– Қазақтың жақсы қасиеттері көп. Ол кеңпейілділігінен, меймандостығынан бастау алады.
Ал, Сіз айтқан пәлеқорлық – ол надандықтан. Тарихымызға үңілсек, қаншама игі жақсыларымызды сондай шолақ белсенділер, пәлеқорлар “домалақ” арыз жазып, екіжүзділікпен түбіне жеткен. Халыққа шын жанашыр ма онысын іспен дәлелдесін. Айтқаны шын болса, заңға жүгінсін. Ал, құр сөзбен елдің ішіне ірткі салудан басқа ештеңе істей алмайды.
Жүрегінде иманы бар адам мұның ешбірін істемейді. Лайым ниеті түзу, еңбекқор, жүрегі кең, таза адамдар көп болсын! Өмір солармен ғана жақсы жаққа өзгереді.
-Статистикалық мәліметтерге қарасақ, соңғы жылдары маскүнемдердің саны артыпты. Мұның себебі неде деп ойлайсыз?
-«Жаманнан жирен, жақсыдан үйрен», дейді қазақ атамыз. Арақ ішудің себебі, өз нәпсіңді жеңе алмау.
«Арақ – ақылдан айырады, арды төгеді, қылмыс пен жамандыққа апарады, одан аулақ жүр» деген Л.Н.Толстой.
Ал біздің Тұрмағанбет Ізтілеуов атамыз:
«Атпаңдар тіл алсаңдар насыбайды.
Нас атсаң, нас боларсың басыбайлы.
Желді күн «түп» деп жерге түкіргенде,
Боқтай-ақ бет-аузыңа шашырайды» десе, темекі туралы: «Бұл апатқа айналды, бізді қоршаған ортаға, жерге кеселді қол салу, бұл сайтан соққан, қарғыс атқан, жан мен тәнді азапқа салатын – темекі», – деген.
Шариғат үкімінде арақ та, насыбай мен темекі де надан, һарам болып есептеледі. Бала жастан мұндай лас, нас, денсаулықтың қас жауынан бойды аулақ салып, таза жүріп, таза тұрып, намаз оқып, мешітке барып, дене шынықтырумен айналыс. «Жас уағыңда екі дүниенің ісін атқар!»
Заманында суырып салма ақын болған атағы, даңқы жер жарған (ғайбат болмасын) атын атауға дәтім жетпейді, 46 жасында осы қу арақтан өлген еді. Онан кейін де даңқты, өлеңнің «пірі» болған белгілі ақын тура осы арақтан 45 жасында қыршын кеткені жан ауыртады. Темекі 8-10 жас өміріңді қысқартады. Жүсіп Баласағұн бабамыз:
Шарап ішпей дәлелдеп жүр қашықта,
Байқа, атанба, зинақор да, пасық та
Сақ бол, шарап зинақорлық кигізер,
Олар тонын кедейліктің кигізер, – деген.
Таза тұрып, таза жүрсең, шіркін, жастың көзі жалын атса, қарттың көзі нұр шашар еді!
Ғұлама Плугарх «маскүнемдер дүниеге маскүнемдер әкеледі» – депті. Бұл бұлтартпас шындық.
Сүйікті Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) «Арақтан сақтаныңдар, өйткені ол барлық жамандықтың көзі. Мас ететін ішімдіктердің азы да һарам» – деген.
Құлтума Сармұратұлы:
«Арақ – ардың ажалы,
Ақшаның тажалы.
Ырыстың қырсығы,
Абыройдың мылтығы.
Жақсылықтың жаңқасы,
Төбелестің арқасы», – депті. Ендеше, өзін Құдайдың құлымын, Мұхаммедтің (с.ғ.с) үмметімін, – дейтін кәлима шапағатты айтатын әр қазақтың қара көзі мешітке барсын, ата-баба салып кеткен сара жолмен жүрсе, нұр үстіне нұр болар еді! Қазағымыз Мәңгілік Елге айналса деген үміт ұшқыны бой кернейді!
– Қазір ақпарат көп. Ақпараттың көптігінен жақсы мен жаманды ажырата алмай шатасып жатқандар қаншама! Халықтың басым бөлігі ақпаратты әлеуметтік желіден алғандықтан, газет-журналды, кітапты оқымайтындар көбейді. Оның зардаптарын бүгіннің өзінде көріп жатырмыз. Әрі қарай жалғаса берсе, соңын ойлаудың өзі қиын. Жастарды, қоғамды газет-журнал оқуға қалай тартуға болады?
Біз адамдар, сыртымызды жөндейміз: қымбат киім сатып аламыз, бетімізді әрлейміз, ал ішкі жан дүниемізге көңіл бөлмейміз. Рухани дамуға, мәселен газет-журналға жазылуға келгенде қиналамыз. Алайда адам сыртын жөндеумен жетістікке жете ме? Жоқ. Осы тұрғыда қария ретінде өмірлік тәжірибеңізден жастарға не айтар едіңіз?
– Қазіргі ата-ана кітап оқи ма? Қазіргі ата-аналарды, кітап оқитын, оқымайтындар деп екі топқа бөлеміз. Егер кітап оқитын ата-ана көп болса, онда бақыттымыз. Ал оқымайтындары көп болса, онда балаларымыз кітап оқымайтын үлкендеріміздің тәрбиесімен өсіп жатыр деген сөз.
Instagram, Whatsapp, Facebook желілерін оқу кітап оқумен тең емес. Қалтафон көзге, миға, өкпе-жүрекке, ойлау жүйесіне, есте ұстау қабілетіне кері әсер етеді, адамды ауру етеді.
Өмір мен оның мәні, адам мен адамның қарым-қатынасы, жақсылық пен жамандық, адалдық пен қиянат дегендер қазір ешкімді қызықтырмайтын тақырыптар болып көрінеді. Бірақ олардың қажеттілігі мен өзектілігі өте үлкен.
Баласын Абай атамыз сияқты данышпан тұлға етіп тәрбиелегісі келген ана төрт томдық «Абай жолын» оқысын.
Мен немерелеріме оқытып, мазмұнын сұраймын. Біздің оқушы кезімізде мұғалімдердің ұсынысымен әдеби кітаптар оқитынбыз. Ә дегенде кітапханашы сұрайтын кітап мазмұнын, ал сыныпта мұғалім қысқаша мазмұнын айтуымызды талап ететін. Қазіргі мектеп қожайындары, ұстаздар қауымы кітапханаларға кіріп, кім нендей кітап оқып жүр, оның тәрбиесіндегі шәкірт ше? – деген талап болғаны жөн. Мектептің жылдық іс-жоспарына осы мәселені ендіру қажет.
Мәселен, мен өзім Бақалы, Теріс, Жуалы аудандық орталық кітапхана, Тараз қаласындағы Ш.Уәлиханов атындағы кітапханалардан кітап алып оқимын. Қазақстанда 19 мың кітапхана, соншама кітапханашы бар. Не деген бақытты жандар. Кітаптан артық байлық жоқ!
Кітапханашыларға А.Машанидің «Абай мен әл Фараби», М.Әуезовтың «Қилы заман, Қиын күндер», М.Ж.Көпеевтің 12 томы мен 30 томы аралығындағы шығармалары, Пернебай Дүйсенбиннің «Үркердей болып көшкен ел», Мұстафа Шоқай жинақтары, Өмірзақ Озғанбайдың «Рух күрескері», Крейхан Аманжоловтың «Түркі халқының тарихы» осыны білу, басқосуларда сөйлеу әр қазақты дін, отаншылдыққа және ынтымақ пен бірлікке шақырар еді, – деген оймен уақыттың денін осы бір үмітті сәулеге талпынумен өткізуді өзіме бақыт санаймын.
Алдыңғы ойды жалғасақ, «Абай жолы» қанша жерден көркем әдебиет болса да, ондағы Құнанбайдың, Зере әженің, Ұлжан ананың бейнесін оқығанда, сізге үлкен ой салады. Қазақтың бүтін бір ғасырлық өмірі сіздің көз алдыңыздан өтеді.
Ал балам шешен, көсем болсын деген ата-ана: Әнет абызды, Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би, Бөлтірік секілді би-шешендерді оқымаса, құр бекер армандағаннан не пайда?!
Қазақтың ауыз әдебиетін, мақалдарын, бесік жырын, жұмбақтары мен жаңылтпаштарын өзіңіз оқып, соны бала тәрбиесінде қолданып көріңізші! Көп кешікпей-ақ оның пайдасын көресіз.
Қазақ тарихы мен қатар әлем әдебиетін оқуды да бөтендеп жатырқаудың қажеті жоқ. Лев Толстойдың кітабын оқысаңыз, оны тек жазушы емес, ұлы педагог деп ойлап қаласыз. Қандай кітап болса да, ол адам өмірі туралы сыр шертеді. Жақсы адамды да, жаман адамды да көрсетеді. Оны бала тәрбиесіне қатысы жоқ деп кім айтады? Әсіресе, кітап оқитын ана өсірген балалардың еліне берер пайдасы мол. Сонықтан қазақ елінде кітап оқитын аналар, һәм оқырмандар көбейе берсін, лайым!
Газет-журналға жазылу – әрбір көзі ашық, көкірегі ояу жанның міндеті.
Біздің Көкбастау ауылдық округінде жазылым өз деңгейінде жүруі үшін мешіт имамдары Алғабек Сүгірбекұлы, Бауыржан, Көкбастау ауыл округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Айтқұлов Аташбек, билер ұйымы төрағасы Ілияс Мәмедалиев, аналар қауымдастығы төрайымы Қаламқас Жұмабекова, әкелер қауымдастығы төрағасы, қоғамдық ұйым төрағасы, орынбасарлары, ауыл әкімі Мәлік Сейтаевтың тікелей басшылығымен өте қызу жауапкершілікпен өтеді. Біздің ауылдық округте аз қамтылған, көпбалалы отбасыларға демеушілік жасап жаздырып беретін қайырымды азаматтар да бар.
Мен өзім «Жаңа өмір», «Ақ жол», «Егемен Қазақстан», «Қазақ», «Түркістан», «Сөз өнері», «Емші», «Ана тілі», «Қазақстан әйелдері», «Парасат», «Иман», «Мұнара» (газет), «Ғұмыр-дария» газеттеріне жазыламын. Байланыс торабынан (қалада) немерелер бау-бау етіп газет-журнал көтеріп келгендегі қуанышты тілмен жеткізу қиын. Ауылға барсақ, мұнда да хат тасушы басылымдар әкеп қуантады. Баспадан жаңа шыққан газет бояуының иісі қандай, шіркін.
Мен өзіміді дамытуға қажетті рухани азықтың бәрін газет-журналдан, кітаптан аламын.
Адамдар үйге қажетті материалдық дүниені сатып алады. Қонаққа барады, қыдырады, тіпті денсаулығың, отбасың үшін көк тиынға пайдасы жоқ нәрселерге де шаш етектен қаржы жұмсайды. Ал, газет-журналды, кітапты сатып алуда қиналады. Оны қажеттілік деп есептемейді. Бұл көзқарас дұрыс емес. Газет-журнал мүлдем жоқ болып кетсе, ұлттың болашағын елестету қиын. Онда адасамыз. Сондықтан газет-журналдарға қолдау білдіріп, жазылайық. Газет-журналдарға деген қолдау, сайып келгенде, қазақ руханиятына деген қолдау деп түсінемін.
-Әңгімеңізге көп рақмет, Ата! Алла елімізге амандық, жерімізге тыныштық берсін!
Сұхбаттасқан
Перизат Шымыртайқызы,
“Жаңа өмір”