Basty bet
Құрақ көрпе – ұлт құндылығы
Халқымыздың барлық ұлттық құндылығы сияқты қазақтың қолөнер бұйымдары да – ұрпаққа мұра және мақтаныш. Адам қиялының шексіздігін қолының ісмерлігі көркем өнерге айналдырып, тұрмыстық қажеттілікке тұтынатын мүлік әзірлеу – бабадан жалғасқан асыл өнер. Қарасаң көздің жауын алатын, тұтынсаң қажетіңді өтейтін бұйымдардың бірі – құрақ көрпе. Ол, біріншіден – өнер, екіншіден – тұрмыстық бұйым, үшіншіден – ертеректе мата-материал қат кезде қолданылған маталардың қиындылары рәсуа болмасын деген оймен оны да пайдаға жарату ойынан туған, яғни ысырапшылдыққа жол бермеудің керемет әдісі.
Осындай қазақи қолөнермен, яғни құрақ көрпе тігумен айналысатын шеберлердің бірі – Нұрлыкент ауылының тұрғыны, көпбалалы ана Роза Жанабаева. Бала күнінен кесіп-пішіп, қолға іліккен заттан пайдалы дүние жасап жүретін Роза мектеп бітірген соң тігіншілік курсын оқиды.
Кейіпкеріміздің анасы да тігінші болған. Тігіншілік анасынан қызына дарыған. Кейін тұрмысқа шығып, біраз уақыт саладан қол үзгенімен, ол жаны қалайтын істен алыстап кете алмайды. Көп ұзамай, үйде отырып ауыл-аймақтағы балалардың шалбарының балағын, келіндер мен апаларға көйлек-халат тігіп, тігіншілік ісін жалғастыра берді. Бір күндері құрақ көрпе тігуге қызығушылығы артып, оған да тапсырыс қабылдай бастайды. «Киімнен гөрі құрақ көрпе тігу жаныма жақын бола бастады. Себебі құрақ көрпе өзіңмен-өзің тыныш отырып, сабырмен ұзақ уақыт істейтін іс» дейді ісмер.
– Құрақ – «адамның басы құралсын» деген ырыммен тігілетін көрпе. Қазір құрақ көрпе, ши құрақ, оюлы көрпелер мен үй жабдықтарын тігемін. Құрақ көпшілікке қиын көрінгенімен, меңгеруге оңай. Құрақ көрпесінің тігісі, жатуы да басқаша. Матаны тіккенде оның жіп бағыты деген болады. Біз оны әбден тексеріп аламыз. Мұның бәрі көздің еңбегі, әрбір тапсырыс берушінің көңілінен шығатындай сапалы дүние жасап шығаруға тырысамын. Ең бастысы, өзім қалайтын жұмыстан ләззат ала отырып, әрқайсысына ерекше көңіл бөліп тігемін. Ықылым заманнан бері құрақ құрау матаның қиындысын ысырап етпес үшін жасалған. Ал қазір ол қыз жасауының көркі, шаңырақтың шырайына айналды. «Құдай құрасын» деп жас отауға сыйлайтын кәденің ішінде ең киелісі десе де болады. Бірақ құрақ көрпенің өңін келтіріп, келбетін кіргізу үшін қажырлы еңбек керек. Құрақ құрау шыдамдылықты талап ететін шаруа. Бұл жерде түстің бір-бірімен үйлесімділігі өте маңызды. Матаның да қалай қиылғанына назар аудару керек. Негізі әр істі жасағанда селқос, зейінсіз қарауға болмайды,- дейді тігінші.
Кейіпкеріміз қазіргі таңда ауылдағы тұрғындарынан қыз жасауына тапсырыс қабылдап, ауылдастарының алғысын алуда. Құрақ құрау оңай жұмыс емес. Бұл жұмысқа шыдамдылық пен адамның ептілігі қажет. Әр матаның қиындысын бір біріне келтірудің өзі бір өнер. Кейіпкеріміз ата-енесімен бірге тұрады. Ата-енесі келіндерін өз қыздарындай көреді. Енесінің қолы босай қалса, келініне құрақ құрауға көмектеседі екен.
Қазіргі таңда құрақтың 200-ден аса түрі бар. Төрт бұрыш, сегіз ай, мүйіз құрақ, қиықша құрақ, үшбұрыш, аққу, жұлдызша, гүл құрағы, сегіз жапырақ, тұмарша сияқты түрлері кеңінен тараған. Үшбұрыш құрағының мәні – су, жер, ауаны ұштастыру. Бал арасының ұясына ұқсас “Алты табақ” құрағы молшылықты білдіреді. Құрақ бұйымдарының бояуы сан алуан: көгілдір түс – аспанның, қызыл түс – от, жасыл түс – өсімдіктің, көктемнің, ақ түс – биіктіктің, сары түс даналық пен білімнің белгісі. Бұл түстер құрақта қиысқанда ғарышты, күллі әлемді бейнелегендей боламыз.
Құрақ көрпе – үйдің сәні, нәсібі мол кәсіп, ұлттық өнер. Оған жастардың қызығушылығы да жоғары. Демек, қызығушылық бар жерде көрпе құрау сан қырлы идеялармен жаңарып жетіліп, жалғаса түсетіні анық.
Баян Тұрсынқұлқызы,
«Жаңа өмір»