Basty bet

Бас құжаттың басым бағыттары түсіндірілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ағымдағы жылдың екінші қыркүйек күні Қазақстан халқына кезекті Жолдауын жариялағаны белгілі. «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» деп аталатын жаңа Жолдауда ел экономикасын өркендетіп, оның инвестициялық әлеуетін арттыруға бағытталған негізгі 9 бағыт қарастырылды.

Соның ішінде, ел экономикасы мен халық тұрмысы үшін ең маңыздысы әрі дәл қазір қоғам мүшелерінің қызу талқысына түсіп жатқаны – Қазақстан Республикасында атом электр станциясын салу мәселесі. Бұл биыл ғана басталған мәселе емес. АЭС салу жөнінде Президенттің былтырғы Жолдауында да жан-жақты айтылған болатын. Ал бұл бағытта халықтың дұрыс шешім қабылдауы үшін Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев жалпыхалықтық референдум өткізуді ұсынып, аталған маңызды саяси науқан биыл қазан айында өтпек.
Президенттің Жарлығымен бекітілген Қазақстанда АЭС салу жөніндегі референдум қазан айының 6-шы жұлдызында өтетін болып белгіленіп отыр.
Сәрсенбі күні облыстық халықтық штабтың мүшелері Жуалы ауданына атбасын бұрып, өңір тұрғындарымен Президент Жолдауына байланысты кездесу өткізді.
Аудандық «Достық» мәдениет үйінде өткен жиынға аудандағы мекеме өкілдері мен тұрғындар және жастар шақырылды. Кездесу жиынын «АМАNАТ» партиясы аудандық филиалының төрағасы, Марат Нарымбеков ашып, жүргізді.
Сөз сөйлеуші спикерлерден бірінші болып облыстық халықтық штабтың мүшесі, қоғам қайраткері Батырбек Құлекеев атом энергетикасының маңыздылығы туралы кеңінен ой қозғады.
-Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ағымдағы жылдың екінші қыркүйек күні Қазақстан халқына кезекті Жолдауын жариялағанын барлығымыз жақсы білеміз. «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты жаңа Жолдауда ел экономикасын өркендетіп, оның инвестициялық әлеуетін арттыруға бағытталған негізгі 9 бағыттың қарастырылғаны белгілі.
Президент Жолдауында атап көрсетілгендей, мұндағы ең маңызды мәселе – елімізде атом энергетикасын дамыту болып отыр. Бұл мәселе жұртшылық арасында кеңінен талқылану үстінде. Қазақстанда АЭС салу өте маңызды қадам болғалы тұр. Олай дейтініміз, бізге бейбіт атом энергетикасын дамыту ауадай қажет. Бұл – бейбіт мақсаттағы атом энергетикасы. Жасыратыны жоқ, қазір елде электр энергиясына деген тәуелділік жыл санап артып келеді.
Сондықтан, басқа елдерге энергия жағынан тәуелді болғанша, атом энергетикасын дамытуды өзіміз қолға алуымыз қажет. Оған біздің әлеуетіміз толық жетеді. Әлемде уран қоры жөнінен Қазақстан алғашқы орындарда. Бізде атом энергетикасын дамытуға қажетті уранның мол қоры бар. Қазақстанда өндіріліген уран таблеткалары шет мемлекеттерге саудалану үстінде. Ал біз оны өндіріске енгізетін болсақ, бұдан көп пайда табатынымыз анық. Бұл – ең біріншіден елдің экономикасын көтеруге, екіншіден энергетикалық тәуелділіктен арылып, көрші елдерге алақан жаймаймыз деген сөз. Қарапайым халық осыны терең ескерулері қажет.
Атом өндірісінен қорқудың еш қажеті жоқ. Қазір әлемнің дамыған елдерінің бірқатарында 500-ге тарта атом электр станциясы тұрақты жұмыс істеп тұр. Бұл – сарқылмайтын қуаттың көзі. Баламалы және қайта қалпына келетін энергия көздеріне қарағанда, АЭС одан бірнеше есе мол энергия өндіреді. Мұның экологияға тигізетіні зияны да аз. АЭС салуға бөлінетін қаржы-қаражаттың 40 проценті қауіпсіздік шараларын қамтамасыз етуге жұмсалмақ. Осыдан-ақ оның адам өміріне және экологияға қауіпсіз екенін анық аңғаруға болады. Елдің аумағынан АЭС салудың экономикалық тиімділігіне келетін болсақ, стансаны салуға жұмсалатын 10 жылдан аса уақыттың ішінде 25 мың жаңа жұмыс орны ашылмақ. Станса салынатын Алматы облысына қарасты Үлкен ауылының маңынан шағын қала пайда болады. Қорыта келгенде, АЭС салу елдің жарқын болашағына қажетті маңызды қадам болғалы тұр.
Барша Жуалы жұртшылығын алтыншы қазан күні өтетін жалпыхалықтық референдумға біркісідей қатысып, дұрыс таңдау жасауға шақырамын. Ел аман, жұрт тыныш болсын,- деді Батырбек Әбдірәсілұлы.
Келесі кезекте сөз алған халықтық штабтың мүшелері, Жамбыл облыстық және Тараз қалалық мәслихатының депутаттары – Керімқұл Бегалиев, Жанат Бастаубаева және Әсел Жапарова Қазақстанда АЭС салудың тиімділігіне, онымен қоса, ғылыми дәлелдемелерге тоқталып, жиналған көпшілікті елдің болашағы үшін дұрыс таңдау жасауға шақыратындарын жеткізді.
Айта кету керек, «Ардагерлер ұйымы» РҚБ-ның Жуалы аудандық филиалының төрағасы, денсаулық сақтау жүйесінің үздігі Сейітхан Жұмашев сөз сөйлеп, Президенттің Жолдауындағы негізгі басым бағыттардың бірі – АЭС салудың ел экономикасы мен экологияға да тигізер орасан зор пайдасын дәлелді түрде жеткізіп, жиналғандарды референдумға белсене қатысуға үндеді.

Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close