Basty bet

СЕЛ – қауіпті табиғи құбылыс

Сел ағындарының пайда болуымен байланысты төтенше жағдайлар туындағанда және олардың салдарын жою жөнінде алдын ала шаралар қабылдау мақсатында, мүдделі қызметтердің сел ағындарының туындау қауіпі төнгенде қойылған міндеттерді орындауға азаматтық қорғау мемлекеттік кіші жүйесінің басқару органдары мен күштерін дайындау жөнінде қандай іс-шаралар пысықталуда?
Сел туралы аудан тұрғындары нені білу қерек? Сел қауіпті деген қандай ағындар? Осы сұрақтардың жауабын біз ҚР ТЖМ «Қазселденқорғау» ММ «Жамбыл аумақтық пайдалану басқармасы» филиалы Төтенше жағдайлардың алдын алу және қорғаныш құрылыстарын пайдалану тобының бас инженері Қасым Суликовпен кездесіп, сұхбат алдық.
– Қасым Келсінбекұлы, Жуалы ауданы сел қауіпті аумақтарға жатуына байланысты сел температуралық фоны туралы және басқа да туындап тұрған мәселелерді айтып берсеңіз?
– Сел – температуралық фонның жоғарылап, мұздықтардың еруінен, ұзақ нөсер жауынның немесе мерзімдік қар жамылғысының қарқынды еруінің салдарынан кіші таулы өзендер алаптарында және құрғақ сайларда еңісті ағын әсерінен пайда болатын, таулы жыныстардың, тастың, минералды бөлшектердің үлкен концентрациясы бар ағын.
Жамбыл облысында сел қауіпті аймақтарда орналасқан телімдер мен нысандар төлқұжаты бойынша 4612 тұрғынға, 1326 нысанға сел қауіпін төндіретін 18 өзен бар. Олар Жуалы ауданында – Ақсай, Көксай, Т.Рысқұлов ауданында – Мақбал, Шөнгер, Қарақат, Қарақыстақ, Шалсу және Көкдөнен, Меркі ауданында – Аспара, Меркі, Молалы, Талдыбұлақ, Түзу сұрат, Қордай ауданында – Қарақоңыз, Қақпатас, Рғайты және Қалғұты, Талас ауданында – Тамды өзендері.
ҚР ТЖМ «Қазселденқорғау» ММ «Жамбыл аумақтық пайдалану басқармасы» филиалы қызметінің мақсаты – Жамбыл облысы аумағындағы халықты, шаруашылық объектілерін төтенше жағдайдың туындауы туралы хабарлаудың бекітілген схемаларына сәйкес қызмет көрсету аумағында қауіпті табиғи құбылыстардың (сел, сырғыма, қар көшкіні) әсерінен қорғауды қамтамасыз ету болып табылады.
Филиал гидрометеорологиялық жағдайға күнделікті бақылауды 8 тұрақты (Қарақоңыз, Аспара, Меркі, Шалсу, Қайыңдысай, Қарақыстақ, Талас, Көксай)және сел қауіпті кезеңде(15 мамыр-15 қыркүйек)қосымша жоғарғы Меркі (Меркі санаторийінен 29км жоғары, т.д. 2496 м биіктікте), жоғарғы Аспара (Гранитогорск селосынан 24 км жоғары, т.д. 2571 м биіктікте) маусымдық гидропосттары арқылы жүргізеді
– Гидропост қызметінің маңыздылығы қандай?
– Гидропосттар қызметінің маңызы сол таулы аймақтан басталатын еңісті ағыннан түзілетін өзен алабтарында болатын сел құбылысын диспетчерлік пункттерге уақтылы хабардар ету болып табылады. Кезекші қызметі бақылау және құлақтандыру тобы диспетчері Жамбыл облысындағы мүдделі мекемелер басшыларымен бекітілген құлақтандыру схемасы бойынша құлақтандырады. Одан әрі төтенше жағдай саласындағы қызметтер, әр сала өз бағыттары бойынша әрекет етеді.
Басқарманың 2023 жылғы сел қауіпті кезеңінде атқарған жұмыстарына қысқаша тоқтала кететін болсам, «Қазгидромет» РМК дауылды ескертуімен жолданған «Қазселденқорғау» ММ телефонхатына байланысты ауа райы болжамына сәйкес ТЖ ықтималдығы көрсетіліп, шаралар қабылдауға Жуалы, Т. Рысқұлов, Меркі, Қордай және Талас аудандарының әкімдіктеріне, аудандық ТЖ бөлімдеріне және ауылдық округтерге, таулы аймақта орналасқан кәсіпорын, мекемелерге сел қауіпті кезеңде 41 ескертпе-ұсыныс жолданды.
Қызмет көрсету аумағындағы (Қордай, Меркі, Т.Рысқұлов, Жуалы, Талас аудандары) әртүрлі деңгейдегі әкімдіктерге, кәсіпорындар, мекеме, әскери бөлім басшыларына, шаруа қожалық иелеріне 177 дана хабарлама-ұсыныс беріліп, түсіндіру жұмыстарын жүргізу барысында 684 дана «Сел кезіндегі іс-әрекеттер» жаднамалары таратылды. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда.
– Бұл бағыттағы атқарылып жатқан жұмыстар туралы толығырақ айтып беріңізші?
– Бекітілген кесте бойынша филиал мамандары аудандық төтенше жағдайлар бөлімдері, жергілікті атқарушы органдардың мамандарымен бірлесіп, әр онкүндікте жоғарыда аталған селқауіпті 18 өзенге жер бетілік зерттеу жұмыстарын жүргізуде.
Ағымдағы жылдың 26 мамырында және 27 шілдесінде Жамбыл облысы ТЖД мамандарымен бірлесіп, Қырғыз жотасы, Талас Ататауындағы, 27 мореналық және үйінді көлдердің жарылуы қауіп-қатерлерін, сел қаупі бар өзендердің сел қаупін фондық бағалау, таулы аймақтағы мұздықтар қорын анықтау мақсатында тікұшақты пайдалана отырып аэровизуалды зерттеу жұмыстары жүргізілді.
Одан бөлек, жоспар бойынша 2023 жылдың 3-26 шілдесі аралығында ат көлік қызметін пайдаланып, Меркі ауданындағы Аспара өзені алабындағы 7 мореналық, Т.Рысқұлов ауданындағы Қарақыстақ өзені алабындағы 4 үйінді, Шалсу өзені алабындағы 1 мореналық көлге жербетілік зерттеу жұмыстары жүргізілді.
Жүргізілген аэрошолу, жерүсті зерттеулері бойынша бүгінгі күнге аталған мореналық және үйінді көлдерден елдімекен, нысандарға ешқандай сел қаупі жоқ.
Қазіргі уақытта Қордай, Т.Рысқұлов, Жуалы және Талас аудандарында сел қаупі туралы мағлұмат беретін ескерту қалқаншаларын жасатып, орнату жоспарлануда.

Сұхбаттасқан Б.Жексекеева,
аудан әкімінің бас инспекторы

Таңдаулы материалдар

Close