Basty bet
Өрт қауіпсіздігі – басты назарда!
Өрт сөндірушілердің жұмысы ең қауіпті кәсіптер тізімінде. Адамдар өрт сөндіру бөлімшелерінің тыныс-тіршілігі туралы көп біле бермейді. Cиренасы бар қызыл көлікпен жүруден басқа, өрт кезінде “101” нөміріне қоңырау шалу керектігін біледі және олардың баспалдақтары болуы мүмкін дейді. Алайда өрт сөндіруші мамандығы – әлемдегі ең күрделі мамандықтардың бірі. Жылжымалы сатыға көтерілуді, газқағарды қолдануды, қалың түтінде қозғалуды, жүгіруді, секіруді, ауыр заттарды көтеруді үйрену керек, бірақ ең қиын нәрсе–ол әр сәтте біреудің өмірін сақтап қалу үшін өз өмірін қатерге тігуге дайын болу. Нағыз өрт сөндіруші шаршаудың не екенін білмейді, «мүмкін емес» деген сөзді білмейді. Кез-келген уақытта, кез-келген ауа-райында, ыстықта және қатты аязда, кез-келген жағдайда көңіл-күйіне қарамастан ол отқа да, суға да тәуекел етуге дайын. Көбінесе өрт сөндірушілер қайғылы оқиға орнына бірінші болып жетіп, адамдарға барынша көмектесуге тырысады.
Қазіргі уақытта Жуалы ауданының Төтенше жағдайлар бөліміне қарасты Көлтоған ауылдық №14 өрт сөндіру бекеті Жуалы ауданының солтүстік батысында орналасқан. Көлтоған ауылдық №14 өрт сөндіру бекеті мен аудан орталығы Б.Момышұлы ауылының арасы 40 шақырым қашықтықты құрайды. Қарамағындағы Боралдай, Күреңбел, Қошқарата ауылдық округтеріне қарасты 9 елді мекеннің өрттен қорғалуын қамтамасыз етеді. Солтүстік шекарасы Жамбыл облысынын Талас ауданымен және батыс жағы Түркістан облысынын Бәйдібек ауданымен шектеседі. Өңірімізді тілсіз жаудан қорғауды тұрақты қамтамасыз ететін өрт сөндіру мекемесінің бір күндік тыныс-тіршілігі мен күнделікті жұмыс тәртібі және әр қызметкердің өзіне берілген жұмысын тиянақты атқаруын жұмыс барысында көріп қайттық.
№14 өрт сөндіру бекеті 10 кіші басшы құрамнан, 1 орта басшы құрамнан тұрады. Оның ішіне: 1 бекет бастығы, бөлімше командирлері – 5, жүргізуші – 5. Мекеме ғимараты 2003 жылы іргесі қаланып, 2008 жылдан бастап өрт сөндіру бекеті болып құрылған. Соңғы күрделі жөндеу жұмыстары 2013 жылы жасалған. Бекетте жауынгерлік есепте 1 бірлік АЦ-5,5-40 (5557) негізгі өрт сөндіру көлігі бар. 2025 жылдың басынан қазіргі уақытқа дейінгі аралықта 3 өрт оқиғасы және 4 жану оқиғасы орын алған. Сонымен қатар, авариялық құтқару жұмыстары 3 рет жүргізілген. Күн тәртібіндегі кестеге сәйкес 7 рет оқу жаттығулары жүргізіліп, түсіндірме жұмыстары өткізілген. Одан бөлек, қазір өрт қауіпсіздігін сақтау бойынша 3 округ, 9 елді мекенге күнделікті рейдтік іс-шараларға шығып, жеке тұрғын үйлер араланып, өрт қауіпсіздігін сақтау бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізіледі. Көлтоған ауылдық №14 өрт сөндіру бекетінің қызмет көрсету аймағында 2024 жылдың қорытындысымен 6 өрт, 10 жану оқиғасы тіркелген. Өрт кезінде қаза болу және жарақат алу оқиғалары орын алмаған.
Өрт сөндірушілердің жұмысымен танысу барысында Жуалы ауданы ТЖБ Көлтоған ауылы №14 өрт сөндіру бекетінің бастығы, азаматтық қорғау капитаны Ғалымжан Көшкінбаймен сөйлесіп, аталған бекеттегі өрт сөндірушілерге жүктелген жауапкершілік пен өрт кезіндегі оқыс оқиғалардың алдын алу туралы әңгіме өрбіттік. Әңгіме барысында бекет бастығының айтқан сөздеріне тоқталып, бірер сөзін атап кетсек.
– Егер cіз өрт сөндіруші болуға қызығушылық танытсаңыз, онда бұл жұмыстың не екенін нақты білуіңіз қажет. Кез келген өрт – қорқынышты көрініс. Өрттің қармағына түскен қарапайым адамдардың көпшілігі жабырқап қозғалмай қалады немесе керісінше, олар бір нәрселерді өз бетінен белсене қозғалып, онсыз да қиын жағдайды ушықтырып алуы мүмкін. Бірінші және екінші жағдайда, егер өрт сөндіруші мамандары көмекке келмесе, адамдар өлімге душар болады. Өртте өрт сөндірушілер бірден адамдарды қауіпсіз жерге көшіру үшін барлық мүмкіндікті жасайды, сондай-ақ түтікқұбырларын ашып, өртті сөндіруге кіріседі. Бөлімше командирі қандай тактиканы пайдалану қажеттігі туралы шешім қабылдайды, сондай-ақ қажет болған жағдайда қосымша күштерді шақырады. Өрттің әрбір түрін сөндіру үшін белгілі бір стратегиялар мен арнайы жабдықтар қолданылады. Кез келген өртте барлау жүргізу қажет. Бір-бірімен арқанмен байланысқан бірнеше тәжірибелі жауынгерлер оттың қармағына түскен барлық адамдарды құтқару үшін бастарын қатерге тігуге дайын болу керек,- дейді бекет бастығы Ғалымжан Мәдиұлы.
Бекет бастығының өмірбаянына тоқталсақ, №14 өрт сөндіру бекетінің бастығы Ғалымжан Көшкінбай бала кезден өрт сөндіру қызметкері болуды арман еткен. Қазіргі таңда бала арманы орындалған бекет басшысы бұл жұмыста үлкен шыдамдылық пен жауапкершіліктің қажеттілігін алға тартты. Бұл кісінің кішігірім өмір баянына тоқталсақ, Қошқарата ауылындағы №9 Абай атындағы орта мектепте 11 сыныпты бітіріп, 2015 жылы Көкшетау техникалық институтына оқуға түсіп, 2019 жылы бітірген. Бала кезінен өрт сөндіру қызметкері болуды армандаған ол арманын жетілдіру мақсатында 2019 жылы Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы, Есік қаласында №6 өрт бөлімінің қарауыл бастығы қызметіне тағайындалып, 2020 жылы өрт сөндіру бөлімі бастығының орынбасары қызметін атқарған. 2021 жылдан бастап Жамбыл облысының Қордай ауданы №15 өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы қызметін 2022 жылға дейнгі аралықта жалғастырып, 2022 жылдан бастап қазіргі күнге дейін Жуалы ауданы ТЖБ Көлтоған ауылы №14 өрт сөндіру бекетінің бастығы лауазымында жұмыс жасайды.
Әр мамандықтың да басқа мамандықтарға ұқсамайтын өзіндік салты мен қағидалары болады. Сол тарапта да өрт сөндірушілердің өз араларындағы орындалуы тиіс қағидалары бар. Мәселен біздің елімізде өрт сөндіруші мамандығы тек ер адамдарды қамтиды. Әйелдер өрт сөндіру бөлімінде тек диспетчер ретінде жұмыс істей алады. Өрт сөндіру қызметінің қызметкерлері өртшілер деп атағанды ұнатпайды, өйткені бұл өрт қоюшы немесе өртеуші дегенді білдіреді. Өрт сөндірушілер ауысымның соңына дейін етіктерін тазаламайды, осылайша кезекті шақыру “қоздырып, себепкер” болмайды дейді.
Әріптестер бір-біріне ауысымнан кеткен кезде өрт болмасын деген ешқандай тілек айтпайды. Қызметке жаңадан келгендер мен зейнеткерлер міндетті түрде қызметке қабылдау немесе одан шыққан кезде оларға өрт оқпандарынан су шашады.
Ердос Кенжебек,
“Жаңа өмір”