Basty bet

Ардагерлер спорттың сегіз түрінен сынға түсті

Тәуелсіздік жылдарынан бастап аудан көлемінде өңір экономикасының дамуына және халық тұрмысының артуына және ынтымақ пен бірліктің орнығуына өздерінің сүбелі үлестерін қосып, әлі саптан қалмай еңбек етіп, жас буынға жарқын жол көрсетіп жүрген ардагер азаматтар арамызда көп. Олар түрлі салада талмай еңбек еткен еңбек майданының майталмандары. Иә, қариясы бар елдің қазыналы болатыны да сондықтан. Қазыналы қарттар – біздің байлығымыз, арқасүйер асқар тауымыз, ұлттың ұстыны да осы қариялар.
Осынау қасиетті өңірде тұратын ардагерлердің қоғамдағы белсенділігін арттырып, өмірден көрген-түйген мол тәжірибелерін жас ұрпақтың тәрбиесі мен жарқын болашағына жарату, саламатты өмір салтын қалыптастыру арқылы олардың өмір сүру жасын ұлғайту – басты міндеттердің бірі. Осыған орай, Жуалы ауданының құрылғанына 95 жыл толуына, Ұлы Жеңістің 78 жылдығына және республикалық ардагерлер ұйымының құрылғанына 36 жыл толуына орай аудан ардагерлері арасында спорттың бірнеше түрінен спартакиада ұйымдастырылды. Аудандық спорт кешенінде өткен ардагерлер арасындағы дәстүрлі жарысқа ауылдық округтердің барлығынан өкілдер қатысты.
Жарыстың салтанатты ашылуында аудан әкімінің орынбасары Рақымғазы Құниязов және «Ардагерлер ұйымы» РҚБ-ның аудандық филиалының төрағасы Сейітхан Жұмашев сөз сөйлеп, жалпы ардагерлердің қоғамдағы рөлі және өңір тұрғындарын саламатты өмір салтын қалыптастыру ісіне тартудың маңыздылығын баса айтып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Айта кету керек, жарыстың былтырғы сынында ардагерлер спорттың жеті түрінен сынға түссе, биыл олар сегіз түрлі ойыннан бақтарын сынады. Атап айтқанда, үстел теннисі, дойбы, асық ату, шахмат, тоғызқұмалақ, бильярд, ләңгі тебу және дартс.
Спартакиада қорытындысында жекелеген спорт түрлерінен жеңімпаз ардагер спортшылар диплом, медаль және қаржылай сыйлықтармен марапатталды.
Жеңімпаз және жүлдегерлерді «Ардагерлер ұйымы» РҚБ-ның аудандық филиалының төрағасы Сейітхан Жұмашев және аудандық мәслихаттың төрағасы Зиядхан Бүрлібаев марапаттады.
Еске сала кетсек, аудандық спартакиадада үздік ойын өрнегін көрсеткен ардагерлер алдағы мамыр айында өтетін облыстық спартакиадаға қатысуға жолдама алады.

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close