Basty bet

Ұлт пен ұлыстың ұясы

немесе ұлыстарға пана болған қасиетті мекен Жуалы жайлы

1930 жылдардың аяғынан бастап Ұлы Отан соғысы жүріп жатқан 1944 жылға дейін қазақ жері соның ішінде біздің Жуалы жері талай ұлттар мен ұлыстарға пана болды. Біздің өңірге ең алғашында қиыр шығыстан корейлер, онан кейін Кавказдың Туркияға жақын аймағындағы Нахишебан аталатын жерінен күрділер келді. Ұлы Отан соғысының алдында 1938-1940 жылдары Белоруссия мен Украина жерлерінен депортацияланған поляктар пен еврейлер көшірілді. Ал соғыстың жүріп жатқан кезінде 1943 жылдың басымен 1944 жылы кең пейіл қазақ жерінен шешен халқы мен немістер келіп пана тапты.
Бұл – әр ұлт өкілдерін депортациялауда жүргізілген сталиндік-тоталитарлық әкімшіл-әміршіл басқару жүйесінің ең үлкен қылмыстарының бірі еді. Бұрын өз отандары, өз жерлерінде мекен еткен түрлі халықтардың Қазақстан жеріне жер аударылуының үлкен саяси астары, екі түрлі себебі бар еді. Бірінші себебі, кеңестік билікті тереңірек орнатуды, ұжымдастыруды көздеген саясаттан туындаған әрекет еді. Екінші себебі, кең жатқан қазақ даласын одан әрі отарлауды жалғастыру саясаты.
Қазіргі кезде Қазақстан Республикасының этникалық құрамының шағын ғана бөлігін құрайтын поляктар да осынау тарихи қилы тағдырдың құрбаны болып депортацияға іліккен еді. Қазақстан аймағында 1989 жылдың желтоқсан айының соңында жүргізілген одақтық халық санағының қорытындысы бойынша 59 956 поляк тұратыны анықталды.
Тарихи деректерге сүйенетін болсақ, Қазақстанға поляк халқының өкілдері бұдан бірнеше жүз жыл бұрын келе бастаған. 1246 жылы поляк саяхатшысы, монах Бенедикт Моңғол империясына жасаған саяхатының барысында Орталық Азия, Қазақстан жерінің аумағына да экспедиция жасаған болатын. Ол бұл сапарында Орта Азияны мекендеген көшпенді халықтардың салт-дәстүрі, құндылықтарын айқындайтын көптеген құнды тарихи жазба мұралар қалдырды.
Одан кейін XIX ғасырдың 30-жылдарында Қазақстан жеріне Патшалық Ресейден көптеген саяси босқындар, азаттық жолында күрескен поляк азаматтары жер аударылған. Олардың ішінде Адольф Янушкевич, Густов Зеленский, Бронислов Зеленский т.б. сынды ұлы тұлғалар да бар еді. Олар Қазақстанға саналы ғұмыры мен шығармашылығын арнап, біздің тарихымыз бен мәдениетімізге қомақты үлес қосты. Адольф Янушкевич «Дзядов» поэмасын жазды. Ол қазақ тілі мен көшпенді халықтың салт-дәстүрін, тұрмысын жақсы білген. Ол он сегіз жылдай Ұлы Даланың әндерін, аңыз-шежірелерін жинақтап, 1801 жылы «Қырғыз даласына саяхат» атты естеліктерін Париж қаласында жариялады. Ал, Густов Зеленский қазақтың кең байтақ жерін өзінің «Ұлы дала» атты поэмасында тамаша етіп суреттеді.
Атақты музыка зерттеушісі поляк Александр Затаеевич ХХ ғасыр басында 1902 жылы Қазақстанның бұрынғы астанасы Орынборға көшіп келіп ұзақ жылдар бойы қазақ музыкасын зерттеп, әндерін жинақтаумен шұғылданды. Ақын-жырау импровизаторларының 2300-ге тарта әуендері мен күйлерін қайта тірілтті. Қазақ халқының ұшан-теңіз музыкалық мұрасын жинақтап нотаға түсірді. Мұндай жанқиярлық теңдеусіз еңбекпен жинаған оның таңдамалы жинақтарын бүгінгі ұрпақ осы күнге дейін қолданып келеді.
Департацияланған поляктардың алғашқы легі Қазақстанға 1936 жылы келген болатын. Украинадағы сталиндік қуғын-сүргіннің салдарынан поляк аудандары таратылып, КСРО-ның шекаралық облыстарындағы поляк, неміс шаруашылықтары қазақ жеріне күштеп көшірілді. Қоныс аударылған 15 мың поляк және неміс шаруашылықтары Украинаның Винницк және Киевск облыстарына шоғырланған еді. Бұл өңірде негізінен поляктар тұратын. Сол 36-жылдары бір ғана Украинадан 70 мыңға жуық адам жер аударылған болатын. Олар КСРО Халық Комиссарияты Кеңесінің 1936 жылғы қаңтарындағы «Украина Кеңестік Социалистік Республикасына жер аудару» жөніндегі жарлық бойынша департацияланған еді.
Поляк халқының Украина жеріндегі өмірі мен оларға жабылған сталиндік жала туралы украин ғалымы Гендах Строньскийдің арнаулы зерттеу еңбегінде жақсы сипатталған. Украина архивтерінің материалдарын кеңінен пайдаланған ол Харьков облысының Мархеев ауданынан жер аударылған «Саяси кертартпа элементтерге» берілген анықтама бойынша жер аударылатын 350 отбасының хал ахуалы архивтік құжаттар мәліметтері бойынша көрсетілген. Осы округтің Красноармейский, Новгород, Волынский, Барановский аудандарында «контрреволюциялық ұлтшыл элементтерді» жер аудару ісі айтылған. «Түтін басына шаққанда жер аударылатындар саны: Красноармейскіден 4462, Волынскийден 3597, Барановскийден 2444 адам болатын. Ал оның ішінде ұлттық құрамы жағынан Красноармейскіден 337 поляк, 663 неміс, Волынскийден 217 поляк, 303 неміс, Барановскийден 415 поляк, 85 неміс отбасылары бар еді» (Г.Сронский.Элит і падення. Польский Національний район в Украіні у 20-30-20-30-і роки Тернопіль.1992. Қазақ тарихы журналы. 1997. №1).
Тек 1935-1937 жылдары Харьков облысының Мархеев ауданының бір өзінен 10 мың поляк департацияланған. «Контрреволюциялық пиғылдағы ұлтшыл элемент» деп танылған поляк және неміс ұлт өкілдері бұл жылдары НКВД-ның дайындаған тізімі бойынша Қазақстанға департациялау үлкен қарқынмен жүргізілді. 1935-1938 жылдары поляктар мен немістер Қазақстанға Белоруссиядан да көптеп әкелінген еді.
«1938-1933 жылдары өзге ұлт өкілдерін Қазақстанға әкелу, оны қабылдаудың кең көлемдегі жоспары жасалынып, ол жүзеге асырылды. Онда әрбір округтер бойынша қай жылы қанша ұлт өкілдері қоныстану тиіс екендігі көрсетілген болатын. Сол кезде Жуалы ауданы кіретін Сырдария округіне: 1930-1931 жылдары 23 000, 1932-1933 жылдары 29 000, ал бесжылдық қорытындысы бойынша 70 500 адам әкелу және қабылдау жоспарланған екен» деп көрсетті. (Л.Иісова, Қазақстан тарихы 1997, №1Поляктар қазақ жеріне қалай келді?).
Осы жүргізілген шараларға «Осылайша Кеңес үкіметі бұрынғы патшалық Ресейдің қазақ жерін жаулау саясатын қайта тірілтті және жалғастырды. Соның нақты көрінісі бұрынғы переселен басқармасының қайта ашылуы еді» деп баға береді тарихшы-ғалым Т.Омарбеков. (Т.Омарбеков Кеңес өкіметі қазақ жерін қалай отарлады?Ақиқат, 1996, №4).
Қоныс аударылған өзге ұлт өкілдерінің соның ішінде поляктардың екінші легінің Қазақстанға келуі 1939 жылы болды. Әртүрлі деректерге сәйкес, КСРО-ның батыс аймағынан қазақ жеріне 190 мыңға жуық адам депортацияланды. Көптеген жағдайда Қазақстанға жер ауып келген поляктардың тағдыры жергілікті халықтың мейірбандығы мен адамгершілігіне байланысты болды. Үкіметтің қатал тәртібіне қарамастан жергілікті қазақтар поляктарға қамқорлық көрсетіп, бір түйір нанын бөлісіп жеді. Қазақстан Республикасының Польшадағы Төтенше және Өкілетті елшісі Алексей Волков «Қазақ әдебиеті» газетіне берген сұхбатында төмендегідей мәліметтер келтіреді:
«ЦКВ ВКП(б) ауыл шаруашылығы бөлімі бастығының орынбасары Циков ЦК хатшысы Андревке мынандай мәліметтерді хабарлаған. Яғни, Қазақ КСР хатшысы Қостанай облысының жеке бір колхозында «жер аударылғандарға» сый-сияпаттың көрсетілгені соншалық, қоныс салдарынан колхозшылардың да балалары сүтсіз қалып қойған.» (Қазақ әдебиеті. 07.04.2006. Рухани туыстық өркениетке бастайды).
Жуалы жеріне департацияланған поляктар 1939 жылдың қаңтарында сонан соң 1942 жылдың ақпан айында әкелінді. Оларды Шақпақ станциясынан поездан түсірген. Жабдықталмаған, тауар таситын вагондармен әкелінген олардың кейбіреулері осы жерге жеткенше-ақ қайтыс болған. Кеңестік саясаттың алғашқы құрбандары сол Шақпақ станциясының темір жолының жағасындағы қалың талдың ішіне жерленді. Қазір ол жерге Поляк халқының департация кезіндегі құрбандарына арналған ескерткіш орнатылған. Содан оларды Құлан тауын, бөктерлетіп жаяу айдап, 10 шақырым жердегі Бірлік және Шақпақ ауылдарына алып барды.
Поляктардың Жуалы жеріне әкелінуі туралы сол тарихи оқиғаны көзімен көрген қария қарт ұстаз, бұрынғы Бірлік ауылында туып өскен марқұм Батырбай Пралиев мынандай естеліктер айтады: «Поляктардың бірінші легі біз тұратын Бірлік ауылына 1939 жылы әкелінген еді. Ұзын бойлы, сымбатты келген, сары шашты, жас шамасы 20-45-тің арасындағы біркелкі киім киген адамдар еді. Олар ауылдың оңтүстігіндегі тау етегінен палаткалар мен жертөлелер дайындалып, соған орналастырылды. Олардың екінші легі 1942 жылы қыстың ортасында шахтерлар тұратын Шақпақ ауылына әкелінді. Бұлар соғыста тұтқынға түскен поляк солдаттары екен деп естідік. Сол Шақпақатада оқитын бізді шұғыл түрде Бірліктегі үш жылдық мектепке көшіріп, Түрксібтен келіп оқитын оқушыларға қосты. Мектеп директоры Есентаев Сақыпбек деген кісі еді, ол бәрімізге жағдайдың уақытша екенін түсіндірді».
Тарихшылардың пікіріне қарағанда, кеңестік дәуірде төлқұжатына украиндық немесе орыс болып жазылған поляктар саны 100 мыңнан асып түскен. Тағдыр оларды Кеңес Одағының түкпір-түкпіріне айдады. Қазақ халқымен бірге олар қуғын-сүргін зобалаңды, департация мен ұлттық қуғындау тауқыметін басынан кешірді.
Соғыстан кейін қоныс аударылған поляктардың зобалаң тағдыры басқа спецпереселендердің әлеуметтік өмірі 1945 жылдың 8 қаңтарындағы Халық Комиссарлары Кеңесінің ұйғарымы арқылы шешіліп отырды. Осы заң бойынша спецпереселендердің көшіп, қоныстануына, білім алып жұмысқа орналасуына шек қойылды. Тек 1956 жылы ғана поляктар арнайы тұрғындар есебінен алынып, еркіндікке ие болды.
Ұлы Отан соғысы жылдары Қазақстаннан поляк армиясы жасақталып, соғысқа Италия, Бельгия сол сияқты Голландия жерін неміс фашистерінен азат етуге қатысты. 1956-1960 жылдары тың жерлерді игеру науқанында да зор еңбек сіңірді. Поляктар Қазақстанның қоғамдық-саяси өмірінің өркендеуіне қазір де атсалысуда. Бүгінде елімізде бес поляк орталығы, олардың диаспоралары бейбіт өмір сүріп жатыр.
Толассыз өмір, тоқтаусыз дүние сырғып өтіп жатыр, содан бері жер-ана қаншама түлеп, ел бейнесі қаншама рет өзгеріп ұрпақ ауысты. Поляктардың Украина жерінен Қазақстанға жер аударылғанына биыл 92 жыл толды. Бірақ сол қуғын-сүргінді сұрапыл жылдардан қалған қара жер секілді өткеннен хабар беріп, бәрін де көрген, бәріне төзген Жуалы жеріндегі Құлан тауының төсіндегі із әлі күнге дейін сайрап жатыр.
«Жерінен ауған шек сорлы, ауған бек сорлы» деп қазақ атамыз айтқандай еріксіз әкелінген Жуалы жерінен пана тапқан халықтың тағы бір өкілі корей халқы болатын. Сталинизм дәуірінің әмірімен, Жапондармен соғыс болған жағдайда «қандастарына жақтасып кетеді» деген оймен оларды Қиыр шығыстан 1938 жылдың ортасында қазақ жеріне алып келген болатын. Олар Приморье өлкесіндегі солтүстік Кореямен шектесер шекараға жақын жеріндегі шағын ғана халық болатын. Саясат құрбаны боп еркіндігінен айырылған корейлерді туған жерінен тым алыстағы, бейтаныс жат өлкеге Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан жерлерінің әр облыс, әр ауданына бөліп жіберді.
Осындай департацияланған корей халықтарының бір топ өкілдері 1938 жылдың көктемінде Жуалы жеріне де әкелінген еді. Бұл тарихи оқиғаны енді сол еріксіз жер аударылған корей халқының өкілі, ұзақ жылдар Жуалы ауданында ұстаздық қызметін мінсіз атқарған, марқұм Пак Владимир Савельевичтің әңгімесімен жалғастырайық.
«Тып-тыныш қана бейбіт өмір сүріп жатқан корей халқына бір күнде зобалаң тиді. Бұл СССР-дің солтүстік кореямен шектесер жеріндегі шекараға жақын Приморский өлкесі, Сучанский ауданы «Звездочка» аталатын 450-500 тұрғыны бар елді мекен болатын. Бізді тез арада буыншақ-түйіншектерімізбен жүк пойызына әкеп тиеді. Жол-жөнекей судан басқа ешқандай азық-түлік берілген жоқ, әркім өздерінің ала шыққан азығымен күн көрді.
Екі жетіден астам уақыт жол жүрген соң бізді Жуалы ауданының Күркіреусу аталатын шағын станциясына түсіріп, Жаңаталап деген ауылға алып келді. Мұнда келген соң жағдайымыз жаман болған жоқ, қазақ деген қонақжай, мейірбан халықтың іргесіне алыстан көшіп келген ағайындай болып кеттік. Сол ауылдың шет жағынан бәрімізге үй берілді. Әсіресе, кәсібі, білімі барлар ешқандай қиындық көрген жоқпыз. Жұмысқа араласып, жергілікті халықпен етене жақындасып кеттік. Олардың ішінде ауданға аты мәлім В.Тигай, Ю.Бин, В.Югай, В.Ким, т.б жігіттер бар еді.
Мен болсам «Кременевка» деген елді мекендегі С.Киров атындағы орта мектепке директор болып орналастым. Бізді оқтын-оқтын КНВД-ның адамдары сырттай бақылап тұратын. Адал қызмет етіп жүрсекте жұмысымыздан кемшілік, сөзімізден ілік табылып, біреулердің күнәсі бізге тағылып жататын. Болмашы нәрсеге бола мені 1957 жылы директорлық қызметімнен босатты. Ол кезде Жуалыдағы оқу ісінің меңгерушісі Калимов деген кісі болатын. Мені Чапаев колхозындағы Самсоновка деген жерге қатардағы мұғалім етіп жіберді. Мен өз ісіме адал екендігімді Москваға барып дәлелдеген соң қызметіме қайта тағайындалдым. Содан кейін зейнетке шыққанша еңбек еттім» деп еске алатын Пак Владимир. (Бұл әңгімені баяндаушы В.С.Пак 1915 жылы туған, бар өмірін ұрпақ тәрбиесіне арнаған, кейін 2006 жылы 92 жасында Алматыда қайтыс болды).
«Корей халқы жалпы тірлікке тыңғылықты, ұқыпты келеді. Олар соғыстың алдында Жаңаталап ауылына әкелінген соң, сол ауылдан жеті жылдық шағын мектеп соққан. Сол аядай білім шаңырағы жаңаталаптықтарға күні бүгінге дейін қызмет етіп келеді» дейді Жаңаталап орта мектебінде көп жылдар директор қызметін атқарған марқұм тарихшы-ұстаз Ілияс Райысұлы.
Сол Жуалыға келген 100-ге тарта корей түтінінен ешкім туған жеріне қайтпады. Жылы жағына ұша алмай қалып қойған сынық қанат құстай осы жерде қалып қойды… Біразы Тараз, Алматы сияқты үлкен қалаларға көшіп кетті. Бүгінде сол Ұлы Отан соғысының қарсаңындағы саяси науқанда депортацияланған корей халқының өкілдерінің аздаған ғана ұрпақтары Жуалы жерінде әлі де өмір сүріп жатыр.
Басына күн туған шақта адамзатқа деген жылы шуағы сарқылмаған Жуалы жеріне ұлы Отан соғысының нағыз қайнаған кезінде, сол кездегі саясат бойынша «сенімсіз ұлт» деп танылған Кавказдағы шешендер әкелінді. Тарихи дәлелмен айғақтап айтсақ, 1943 жылдың 23 ақпанында Сталиннің әмірімен бір тәуліктің ішінде шұғыл түрде жер аударылған еді. Заман толқынына шарасыз мойынсынған шешен халқының өкілдері Жуалы жеріне Грозный қаласына жақын таулы өлкедегі Шеровский ауданынан әкелінген еді. Мұнда жер аударылған шешендердің жалпы саны туралы мұрағаттарда да ешқандай айғақ сақталмаған, оның есебін алған ешкім білмеген. Алайда сол дүрбелең кезеңді көзімен көрген (марқұм) Малашиев Амирхан қажы: «Жуалыға келген шешендердің саны 500 жанұядай болатын» деген мәлімет айтты.
Сол кезде ғаламды дүрілдеткен соғыс дауылы батысқа ойысқанмен ел жағдайы әлі де ауыр еді. Жер аударылып келгендерге арналған ешқандай баспана болған жоқ, сондықтан да оларды осы аймақтағы ауыл-ауылдарға бөліп жіберді. Жанталас тіршілік кешіп «шықпа жаным шықпа» деп отырған жуалылықтар оларды ауырсынған да, жатсынған да жоқ, сыйғызып алды. Әсіресе, Қоғалы, Талдыбұлақ, Қызтоған, Кантемировка, Луначарка, Успеновка, Самсоновка сияқты ауылдарға келімсектерден көбірек «үлес» тиген еді.
Шешен халқының Жуалы жеріне келуі туралы енді естелікке кезек берейік. Сол қиын кезді көзімен көріп, жоқшылық пен аштықтың азабын қазақ халқымен бірге бөліскен, зейнеткер, көп жылдар аудандық тұтынушылар мекемесінде қызмет еткен Бауыржан Момышұлы ауылының тұрғыны Гаев Вахид былай айтады: «Бізді 1943 жылдың ақпан айында бір күнде бәрімізді жүк поезына алып келіп қамады. Қарулы комендатураның адамдары әр вагонның аузында тұрды. Жол-жөнекей қатты суыққа ұрынып біраз ауру-сырқау көз жұмды. Олардың өлігін, вагонды көпірдің үстіне тоқтатып, өзенге лақтырып тастап кетті. Вагонның ағаш қабырғасындағы үңірейген тесікті атам күпәйкесімен бекітіп жон арқасымен жауып отырғаны анық есімде қалыпты.
Аш-жалаңаш елді қыс мезгілінде Жуалы ауданының орталығы Бурное станциясына алып келіп түсірді. Одан кейін бізді ауыл-ауылдарға бөлді. Жадау, қамкөңіл тірлік кешіп жатқан қазақтар бізді қабақ шытпай қарсы алды.
Он адамнан тұратын біздің жанұямыз Талдыбұлақтағы колхоз бастығы Шопанбай деген кісінің үйіне бөліндік. Өздерінің бес-алты бала-шағасы бар, бәріміз араласып екі бөлмелі тоқал үйде тұрдық. Солардың ішкенін ішіп, жегенін жедік, бізден ештеңесін аяған жоқ. Сырзаводтың майынан айырған сүтін ішіп, алғының ботқасын жеп өлместің күнін кештік.
Содан 1948 жылы жағдай түзелген соң Жамбыл колхозына қарайтын Қоғалыға көшіп барып, қазақша оқып білім алдым. 1957 жылы билік басына Хрущев келген соң жер аударғандарға кешірім жасалып, күштеп әкелінгендердің елу пайызы туған жерге қайтып кетті, біразы 1990 жылдардың басында кетті.
Мен сол жансебіл бейнетке белшесінен батып жүріп, адамгершіліктің асыл үлгісін танытқан Шопанбайдың балалары Тәтен, Аман, Амалбектер бүгінде ең жақын жекжат, туысқандай араласып тұрамыз».
Осы шешен халқының өкілдері барлық Жуалы халқы сияқты социалистік қоғамды нығайтуға аудан еңбеккерлерімен біте қайнасып, тізе қоса еңбек етті. Олардың көбі әсіресе ауданымыздың азық-түлік бағдарламасын жүзеге асыруға сүбелі үлес қосқан мал шаруашылығанда еңбек етті. Путь к коммунизму колхозынан «Ленин» және «Құрмет белгісі» ордендерінің иегері Ахият Мисерханов, Чапаев атындағы колхоздан «Құрмет белгісі» орденінің иегері Ахмет Абдуллаев, ХХІІ партсъезд атындағы колхоздан Юсуп Хамзатов сынды шопандардың, қарапайым еңбек адамын қадірлей, қастерлей білетін жуалылықтар олардың есімдерін құрметпен атайды.
Екі рет «Құрмет белгісі» орденінің иегері, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған құрметті шопан Элик Дазиевтің ауданымыздың мал шаруашылығына қосқан үлесі бір төбе. Ол отарындағы әр жүз саулықтан 180 бас қозыдан алып, оны аман сақтап, мемлекетке жүн тапсыру жоспарын да үнемі асыра орындаған. Бұл қатарға Билікөл совхозының ордені, озат шопан Хесейн Сурхановты да қосуға болады.
Шешен халқынан шыққан шопандар шоғырынан бөлек, астықты алқаптағы бастырылған дәнді тасымалдауда ел құрметіне бөленген. Ауданымызды береке белесін көтеру жолында еселі еңбегімен үлкен жетістіктерге жете білген жүргізушілер, яғни, И.Хаджиевті, Т.Амаевты, Эминай Махамашевті, Уванс Алиевті, Увис Құрбановты, аудандық тұтынушылар қоғамында мінсіз қызмет еткен Вахид Гаевты ел қашанда құрмет тұтады.
Міне, біздің Жуалы жерінен келіп пана тапқан шешен халқының тағдыры осындай. Шешен халқында кісі дүниеден өткенде ірі қара мал сойылып, етін әрбір үйге тарататын дәстүр бар. 2018 жылдың қазан айында дәстүр бойынша малдың еті 104 үйге таратылыпты.
Елінен, жерінен, кіндік қаны тамған топырақтан түре көшірілген шешен халқына бір үзім нанын бөліп беріп, үйіне паналатқан жуалылықтардың жақсылығын олар ешуақытта да ұмытпауға тиіс.
Ұлт пен ұлысқа пана болған Жуалы жерінде бүгінде әзірбайжан, өзбек, шешен, славян халықтарының өкілдері тату-тәтті, бір жанұяның мүшелеріндей өмір сүруде. Жуалыда осы ұлттардың өкілдерінен құрылған этно-мәдени бірлестіктер бар. Әзірбайжан этномәдени бірлестігін Эсмира Мамедова, «Дружба» славян этномәдени бірлестігін Ирина Протасова, “Вайнах” шешен этномәдени бірлестігін Лечи Оздамиров, “Бахор” өзбек этномәдени бірлестігін Зувайда Мажитова басқарады. Олар ауданның қоғамдық-саяси өміріне белсене араласып, бірлікті, татулықты ту етеді.

Дәулетжан Байдалиев,
аудандық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері.
Ауданның Құрметті азаматы,
“Үздік өлкетанушы”

Таңдаулы материалдар

Close