Basty bet

жаңа тұқымға сұраныс қашанда жоғары

Биыл ауданда 2725 гектар алқапқа картоп отырғызылған. Аудан әкімінің орынбасары Рахымғазы Құниязовтың айтуынша, диқандар үшін тұқым басты мәселе болып тұр. Тұқым жақсы болса өнім де жақсы болмақ. Биыл аудан шаруалары Қарағанды облысынан 120 тонна тұқым алып, орналастырған. Ал «Злиха» шаруа қожалығы Голландия мемлекетінен 20 тонна жоғары сұрыпты картоп тұқымын алып келіп жерсіндіруде.

– Ауданда картоп отырғызумен 114 шаруа қожалық айналысуда. Жыл санап олардың қатары да, алқап көлемі де ұлғая түскен. Қазіргі таңда жиын-терін жұмыстары аяқталуға жақын. Соңғы мәліметке қарағанда, 2725 гектар алқапқа орналастырылған картоптың 70 пайызы жиналып, картоп қоймаларға жиналуда. Оның әрбір гектарынан жиналған орташа өнім 250-300 центнерді құрауда. Картоптың бір бөлігін шаруа қожалықтар алқап басынан өткеруде. Сонымен қатар аудан және Тараз қаласында ұйымдастырылып жатқан жәрмеңкелерге шығарып, оның әрбір келісін 100 теңгеден саудалап жатыр. Мәселен, облыс орталығы Тараз қаласындағы орталық алаңда өткен жәрмеңкеге ауданнан 16 тонна картоп жеткізіліп, ол бір демде өтіп кетті, – дейді Рахымғазы Құниязов.
Бір атап өтерлігі, аудандағы негізгі картоп өсіруші агроқұрылым, ол – «Злиха» шаруа қожалығы. Бүгінгі таңда ол ең бірінші болып тұқым шаруашылығы мәртебесіне ие болды. Тұқым шаруашылығы дәрежесін алу үшін қожалыққа үш жыл өз мүмкіндіктерін дәлелдеуге тура келген. Қожалық басшысы Керімқұл Бегалиевтің айтуынша, биыл қожалық өз мақсатына жету үшін Голландия мемлекетінің кәсіпкерлерімен байланыс орнатып, көктемде 20 тонна элита тұқымын әкеліп отырғызған. Бұдан бөлек, Қарағанды облысынан 30 тонна картоптың «Артемист» жəне «Латона» сұрыптарын əкеліп орналастырған. Сонымен бірге қожалық Қазақ аграрлық университетінің ғалымдарымен бірлесе жұмыс істеуде.
– Жақсы өнім алу үшін жақсы тұқым керек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың да өз Жолдауында ауыл шаруашылығына көңіл бөліп отырғандағы мақсаты – аз жерді игеріп мол өнім алатын тұқым шаруашылығын құру. Біз Прездентіміздің Жолдауын басшылыққа алып, ауыл шаруашылығын көтеру, тұқым шаруашылығын жолға қою бағытында жұмыс істеп келеміз. Тұқым шаруашылығына өту біз үшін оңай болған жоқ. Ол үшін оншақты жыл бұрын үзіліп қалған байланысты Голландия мемлекетімен қайта жандандыруға тура келді. Сөйтіп арадағы әріптестікті қайта орнатып, 20 тонна жоғары репродукциялық тұқым алып келдік. Оны ондаған гектар алқапқа орналастырып, жерсіндіріп, алдағы жылдан бастап аудан, облыс шаруашылықтарына өткеретін боламыз. Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов көктемде егіс алқабында болған сәтте картоп тұқымын ауданмен шектеліп қалмай, облыс көлемінде таратуды қолға алу керектігін тапсырған. Біз қазір дәл сол, Президент пен облыс әкімі айтқан бағытта жұмыс істеудеміз, – дейді қожалық жетекшісі.
«Злиха» шаруа қожалығы биыл 55 гектар алқапқа картоп отырғызған. Қазір алқап басынан жиналған өнім жүк көліктерімен тікелей қожалықтың қоймаларына тасымалдануда. Алқап басында қожалық бригадирі Данияр Байбатыровты жолықтырып, оны сөзге тарттық.
– Біз қазір 27 гектар алқапқа орналастырылған картопты жинау үстіндеміз. Негізінен мұнда Голландиядан әкелінген картоптың «Артемист» жəне «Латона» сұрыптары отырғызылған. Өнімділігі жақсы. Қазір әрбір гектарынан өнім қанша центнерден айналып жатқанын дөп басып айта алмаймын. Шамамен 220-250 центнер болып қалар, оны жиын-терін аяқталған соң есептейтін боламыз, – деді.
Жаңа қазылған жүйекке қарасаң көңіл толады. Ақ картоп қара жерде алтындай жарқырап көз тартады. Жаңа тұқымға деген өзге шаруашылықтардың қызығушылығы жоғары. Данияр Байбатыровтың айтуынша, қазірден сұраныс білдіріп, тұқымды сатып алуға ұсыныс та түсіпті. Бұдан бөлек, картоп алқаптарында картоптың «Невский», «Алладин», «Кроне» және «Латона» сұрыптары өсірілуде. Картоптың бұл тұқымдарын былтыр қожалық Қарағанды облысынан алдырған.
Қожалық бригадирі картоп алқаптарының биыл судан тапшылық көргенін айтты. «Биыл картоп алқабы үш рет қана су ішті. Су жеткізу мәселесінде кедергілер болды. Өйткені бетон канал құрылысының созылуы, бұрынғы арнаның табанындағы топырақты аршып алып тастағандықтан көп су жерге сіңіп, бізге толыққанды жеткен жоқ. Канал тезірек жөнделсе екен. Су тапшылығынан ойдағыдай өнім болмай тұр», дейді ол.
Сонымен бірге, қожалық биыл «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-мен келісім-шартқа отырып, тұрақтандыру қорына 1300 тонна картоп жеткізбек ниетте екен. Яғни, облыс жұртшылығы тұрақтандыру қоры арқылы өңірдің өз өнімін тұтынатын болады.
Алқап басында қызу жұмыс. Онда 30 маусымдық жұмысшы еңбек етуде. Əрбір жұмысшының күндік табысы 3,5 мың теңге. Оған қоса жұмыс күнінің соңында олар бір-бір шелек картоп алады. Техникаларда тыным жоқ. Механизаторлар мен жүргізушілер таңның атысы, күннің батысы алқап басынан табылуда. Трактор қазып кеткен жүйекке әйелдер жапа-тармағай шелегін ала ұмтылады. Бір байқағанымыз, мұндағы жұмыс бұрынғыға қарағанда біршама жеңілдеген. Бұрын әйелдер картопты алқап басынан сұрыптап, әрқайсын бөлек тор қаптарға қаптайтын. Қазір оны арнайы темір контейнерлерге төгуде. Картопқа толған контейнерлерді арнайы трактор ілмесімен іліп алып, жүк көліктеріне артуда.
Бұл жұмыстарды үйлестіріп отырған, шаруашылықтың агрономы Данияр Байбатыров «Біз бүгінде жиын-терімге бар күшіміз бен техникамызды жұмылдырып отырмыз. Маусымдық жұмысқа тартылғандар аудан орталығы – Бауыржан Момышұлы ауылының тұрғындары. Олар күніне 3-4 гектардың картобын жинайды. Сушыларымыз Қыдыр Русланбек, Кәрімжан Мамыр, Марат пен Ерболат Бегалиевтар өздері суаратын алқаптың басында жұмыс істеуде. Ауа райы ашық болса, түйнектерді бес-алты күнде жинап бітіреміз деген жоспарымыз бар», дейді ол.
Облыстық мәслихаттың депутаты Керімқұл Бегалиевтың тұқым мәселесін көтеріп келе жатқанына да біраз жыл болған еді. Яғни, қант қызылшасы сияқты картоп өсірушілерге де Үкіметтің қамқорлығы керек дейді ол. Рас бүгінгі таңда картоп өсірушілер барлық қиындықтан өз бетінше жол тауып шығуда. Басқа дақылдар сияқты субсидия да алмайды. Әзірге бұл мәселе шешімін таба қойған жоқ. Әйтпесе, ас атасы – наннан кейінгі орында тұрған картопқа шынайы қамқорлық керек-ақ.
Ауданда картоп өсірушілер ассоцациясын құру туралы ұсыныс көптен бері қозғалып келеді. Оның мақсаты – ауданның бұрынғы атағын қайтаруға жұмыс істеу. Сол үшін де аудан шаруашылықтары картоп қоймаларын көбейтіп, ескі тәсілмен болса да картоп қоймаларын салуды қолға алуда. Олардың алдында тұрған міндет Жуалының картобы келешекте облысты картоппен қамтитындай деңгейге жеткізу. Ал «Злиха» шаруа қожалығында тоңазтқышпен жабдықталған үш қойма жұмыс істеп тұр. Қожалықтың картоп сақтайтын қоймасында да қарбалас. Онда 10 жұмысшы картоп сұрыптап, қойманы картопқа толтыруда.
Қойма меңгерушісі Есбол Сатымбековтың айтуынша, алқаптан келген картоп қоймаға сұрыпталып, екі топқа бөлініп жиналуда. Сатуға шығарылатыны ірі картоп бөлек, ал тұқымдық картоп бөлек қоймаларға орналастырылуда.
– Біздің міндет алқаптан жеткізілген картопты қоймаларға бөліп орналастыру. Тұқымдығына баса мән береміз. Жылда көктемге 1000 тонна тұқым шығарамыз. Ал ірі картоптар қыс айларында сатылымға шығарылады. Картоптың сақталу режімін қатаң бақылауда ұстап отырамыз, – дейді ол.

Марат Құлибаев

Таңдаулы материалдар

Close