Basty bet

Ем шара бөлмесінде сапалы ем алуға мүмкіндік мол

Басыңыз ауырып, балтырыңыз сыздай қалса, қол ұшын алғаш болып созатын маманның бірі, ол – мейірбике. Әрбір науқасқа аялы алақанымен, жылы қабағымен қуаныш сыйлай білетін сондай жанның бірі, Б.Момышұлы ауылының тұрғыны – Күлмаш Мәсенқұлова.

Дәрігерлердің сенімді серігіне айналған мейірбикелердің жұмысы қашанда үлкен міндет пен жоғары жауапкершілікті талап етеді. Науқас жандарға дәрігер емінің дұрыс нәтиже беруі де ең алдымен мейірбикенің біліктілігі мен ұқыптылығына байланысты. Осы салада ұзақ жыл еңбек еткен кейіпкеріміз алдына келген науқасқа көмегін аямағанын айтады.
Күлмаш Жүзімханқызы 1984 жылдан аудандық орталық ауруханаға қарасты емханада мейірбике болып жұмыс істеген. Зейнет демалысына шыққан маманның денсаулық сақтау саласындағы 40 жылға жуық жемісті еңбегі елеусіз қалмай, ол әр жылдары аудан, облыс әкімдері мен облыстық денсаулық сақтау басқармасының марапаттарын иеленген.
-Мейірбикелер науқастың күтім процесіне толығымен жауапты, сол үшін олардың басты міндеті – мейірім көрсету. Біз емделушіге толық күтімді қамтамасыз ету үшін кәсіби психологиялық және рухани қасиетті пайдаланамыз. Ауырып келген адамдарды шын көңілмен, мейірімді жүрекпен қарсы аламыз. Адам еңбегінен қуаныш таба білсе, бойына жаңа күш қосылады. Осындай зор шабытпен жасаған қызметім қазір мені биікке жеткізіп отыр,- дейді кейіпкеріміз.
Шынымен, қарапайым ғана жұмыс түрі болып көрінгенімен, мейірбикелердің атқаратын жұмысы асқан жауапкершілікті қажет етеді.
Саналы ғұмырының елеулі бөлігін өңірдің денсаулық сақтау саласының дамуына арнаған білікті маман, мейірімді мейірбике Күлмаш Мәсенқұлова бүгінде бір отбасының берекесін ұйытып, балаларын тәрбиелеп өсіріп, отағасының да қас-қабағын бағып отырған ардақты жан, аяулы әже. Отағасы Ербол Дербісәлиев ауданның салық, мемлекеттік кірістер органдарында ұзақ жыл абыройлы еңбек етіп зейнетке шыққан. Қазіргі таңда бейнетінің зейнетін көріп отыр. Ерлі-зайыптылар отбасында бір ұл, үш қыз тәрбиелеп, олардан тәтті немерелер сүйген ұлағатты жандардың қатарында. Ұл-қыздарының барлығы жоғары білімді, өз ісінің шеберлері.
-Қандай мамандық болса да, оның өзіне тән қиыншылығы болады. Ең бастысы, таңдап алған мамандықты жақсы көріп, оның ыстық-суығына көнуің керек. Мен де мамандық таңдағанда қателескен жоқпын деп ойлаймын. Төзімділік пен шыдамдылық, еңбексүйгіштік пен біліктілік адамды абыройға жеткізеді,- дейді мейірімді медбике К.Мәсенқұлова.
Ауданның денсаулық сақтау саласында табан аудармастан 40 жыл еңбек етіп, 2024 жылы зейнет демалысына шыққан кейіпкеріміз үйде қол қусырып қарап отырмай, аудан орталығындағы өз үйінің ауласындағы үлкен бөлмеден ақылы қызмет көрсететін егу кабинетін жабдықтап ашып, оның жұмысын жүйелі жүргізіп келеді.
Білікті маман егу бөлмесін ашуға облыс әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасынан рұқсат алып, оны заман талабына сай жабдықтағанын айтады. Келушілерге ем-дом түрлерін алуға барлық жағдай жасалған деуге болады. Ақылы кабинеттің басты мақсаты – ауырып келген әрбір науқасқа сапалы қызмет көрсету. Қызмет түрлерінің ақысы да жүйелі. Мұнда тамырдан система салу ақысы – 600, ал жай екпе салу –200, 300 теңгені құраса, сынама жасау мен қан қысымын тексеру қызметі тегін.
Ем шара бөлмесіне келушілерге егудің барлық түрі, кез келген қиындықтағы тамырды табу, қан қысымын өлшеу, сынама жасау, балаларға массаж жасау, басқа да қызмет түрлері ұсынылады. Қазіргі таңда келушілердің де қатары артып келеді.
-Осыдан бір-екі апта бұрын тұрғындар арасында тұмау өршіп кеткені белгілі. Сол кезде келушілердің қатары көп болды. Мұнда келіп ем алатын нәрестелердің басым бөлігі, яғни 70-80% дисплазия немесе гидроцефалия (мишемен, бас сүйек куысында ми-жұлын сұйықтығы көлемінің көбеюі) дертімен ауыратындар. Ал бұл аурулардың бірден-бір емі – массажды тұрақты алу. Бұл үшін сәбилерге тыңғылықты жасалатын массаж ғана көмектесе алады. Жалпы массаждың әсерімен баланың бұлшықеті оттегімен және қоректік заттармен қамтамасыз етіледі,- дейді білікті маман Күлмаш Жүзімханқызы өз сөзінде.

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close