Basty bet
КӘСІПТІҢ КӨЗІН ТАПҚАН КЕЛІНШЕК
«Қолынан іс келетін адам жасайды, келмейтін адам үйретеді» деген сөз бар. Рас, қолынан іс келетін адам үшін арман-мақсатын жүзеге асыруға ештеңе кедергі бола алмайтыны анық. Тек қарым-қабілет пен ынта-жігер ұштасса болғаны. Бүгінде кәсібінен нәпақасын тауып жүрген жандарды көргенде ерекше қуанасың. Ауыз толтырып айтуға оңай болғанымен, кәсіп ашып, оны одан ары дөңгелетіп әкету екінің бірінің қолынан келе бермейді. Өйткені қандай да бір істі бастар жолда кездесетін кедергілер мен қиындықтарға төтеп беру ерік-жігердің күштілігіне байланысты.
Адал ниеттен туған құлшыныс кезіккен қиындықтардан өтуге серпін береді. Адам бойындағы тынымсыз еңбек, талпыныс пен ізденіс арманға жетуге үздіксіз жетелеп, түбінде мақсаттың шыңына шығармақ. Бүгінде елдің түкпір-түкпірінен осындай талабы мен табандылығын бір арнада тоғыстырып, кәсібін көркейтіп отырғандар көп-ақ. Біздің өңірде де кәсіпкерлік саласының дамуына серпін берген кәсіп иелері бар. Мәселен, солардың бірі – Шақпақ ауылдық округінің тұрғыны, кәсіпкер Диляра Гусейнова.
Өңірге табан тірегенімізде бұл ауылда тындырымды тірлік барын байқадық. Әсіресе ауыл тұрғыны Диляра Гусейнованың азық-түлік дүкеніне келетіндер саны аз емес. Біз барғанда кәсіпкер қызу жұмыс үстінде жүрді.
Ол ауылдағы орта мектепті тамамдап, Тараз өңірлік М.Х.Дулати атындағы университетін есепші мамандығына оқуға түседі. Алғашқы еңбек жолын Шымкент қаласындағы «Восход» тігін фабрикасында бас есепші болып бастаған ол кейін аудан орталығындағы ұн шығаратын диірменде есепші болып еңбек еткен. Диірмен жұмысын тоқтатқан соң кейіпкеріміз Диляра өзінің кәсібін ашуды көздейді. Солай 2002 жылы несие алып, ол қаражатқа азық-түлік дүкенін ашқан екен. Бастапқыда нысанды жалға алған. Араға 10 жыл салып, дүкен толықтай өзіне бұйырыпты. Қазір дүкеннен тек азық-түлік қана емес, киім және күнделікті тұрмысқа қажетті заттарды да табуға болады.
– Кәсіпкерліктен көңілім қуаныш табатынын аңғардым. Өмір жолымда ауыр қайғы да кездесті. Жолдасым Мамедхасан осыдан төрт жыл бұрын қайтыс болды. Тағдырдың ісіне не шара бар? Ауыр қайғыны еңбекпен еңсердім. Шүкір, бүгінде екі қорғаным ұлдарым бар. Олардан алты немере сүйіп отырған бақытты әжемін,- дейді кәсіпкер Диляра Аббасовна.
Оның айтуынша, дүкенді ашпас бұрын сол аймақта тұрып жатқан халықтың қажеттілігі мұқият зерделенген. Яғни, қандай тауарлар сұранысқа ие, бәсекелестік деңгейі қандай, жақын жерде қанша азық-түлік дүкендері бар, олардың ассортименттері мен бағалары қандай деген сияқты. Сондай-ақ, дүкеннің форматын анықтау керек дейді. Ол дегеніміз тек ең қажет тауарларды сататын шағын дүкен, минимаркет, супермаркет немесе экологиялық таза өнімдер ұсынатын мамандандырылған дүкен болуы да мүмкін.
Жалпы дүкен иесі Диляраның жоспары да жоқ емес. Алдағы уақытта кәсібін кеңейтіп, дамытуды қолға алмақ. «Еңбек түбі – қуаныш» деп қол қусырып қарап отыруды білмейтін кәсіпкер келіншек өзін әрдайым еңбекте бақытты сезінеді. Өйткені еңбекпен тапқан нан тәтті.
Өз кәсібінде рухани жаңғыруды жан жүрегімен қалайтын, үлгілі еңбегімен балалары мен ауылдастарына өнеге болып жүрген Диляраның жұмысына сәттілік пен табыс тілейміз!
Аида ТҰРҒҰМБЕКОВА,
«Жаңа өмір»