Basty bet

ЕРЛІККЕ ТАҒЗЫМ – ЖАС ҰРПАҚҚА ҰЛАҒАТ!

майдангер, еңбек ардагері Әбдірәлі Есенбаевтың ерлігі мен ерен еңбегі ұмытылмайды

Биыл Ұлы Жеңіске 80 жыл толып отыр. Бұл – әрбір отбасы үшін қасиетті дата, әрбір ардагер үшін мақтаныш пен сағынышқа толы күн болып есептеледі. Себебі 1941-1945 жылдардағы сұрапыл соғыс – тек майдан даласындағы шайқас емес, ол әрбір шаңырақтың қасіреті, әрбір адамның жүрегіндегі сыздаған жара…
Ұлы Отан соғысы басталғанда Қазақстаннан 1 миллион 200 мыңнан астам жауынгер майданға аттанды. Олардың ішінде 500-ден аса жауынгер «Кеңес Одағының Батыры» атағына ие болса, 100-ден астамы «Даңқ» орденінің толық кавалері атанды. Бұл – асқақ рухты бейбітшіл халқымыздың қайсарлығы мен жанқиярлық ерлігінің дәлелі.
Ұлы Жеңіс ол – қайсарлықтың, рухтың, батырлық пен жанқиярлықтың символы. Осы құндылықтарды бағалап, келер ұрпаққа жеткізу – біздің қасиетті міндетіміз!
Ұлы Отан соғысы туралы сөз қозғағанда, даңқты қолбасшы, қаһарман жерлесіміз Бауыржан Момышұлы: «Біз майданда болдық. Белуардан қан кештік. Тылда жүріп көз жасымызды көл еттік. Күн, түн демей еңбек етіп, жеңіс үшін тер төктік. Осының бәрін біз тарих алдында, Отан алдында, адамгершілік, намыс алдында ақ ниетпен азаматтық борышымызды өтеу үшін істедік. Сөйтіп оны абыроймен ақтадық. Бұл жеңіс бізге арзанға түскен жоқ. Ел дегенде еңіреген ерлеріміздің қан майданда құрбан болғандары аз емес. Қол-аяғын беріп, мүгедек болып қайтқан ерлеріміз де аз емес.
Ұлы Отан – туған елім, туған жерім. Ұлы Отан соғысының жалынына шарпылмаған біздің елде бір де бір семья жоқ. Соғыс қайғысы, соғыс мұңы әрқайсымыздың басымыздан өтті. Солдаттың сағынышы, ата-ананың қайғысы, жардың мұңы, жетім-жесірдің көз жасы әрқайсымыздың көз алдымызда.
Мен өзім қырық жыл қырғында тірі қалған жандардың бірімін. Сол сұрапыл қырғын соғыста еліміздің талай саңлақ батырларының, ақылды ерлерінің қаза тапқанын мен өз көзіммен қан майданда көргем. Менен артық, менен батыр, менен ақылды жігіттер өліп кеткенін көзіммен көрдім. Олардың иманы жолдас болсын. Олар Ұлы Отанымыздың тәуелсіздігі үшін жан аямастан соғысты, тәуелсіздік үшін жан тәсілім етті. Имандары жолдас болсын!» деп толғанған сөзі еріксіз ойға оралады.
Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің орнығуына және жас ұрпаққа бейбіт өмір сыйлауға жуалылық ардагер (марқұм), нағашы атамыз Әбдірәлі Есенбаевтың да қосқан үлесі зор деп айтуға болады. Әбдірәлі Есенбаевтың өмір жолына аз-кем тоқталсақ, ол 1910 жылы Мыңбұлақ аймағындағы бұрынғы Орақ-балға ауылында дүниеге келген. Айта кетсек, оның әкесі Есенбай Оразбақов 1907-1910 жылдары ауылдық советтің төрағасы, «Сельпоның» бастығы қызметін атқарса, ал анасы Батпакүл үй шаруасында болған кісі.
Әбдірәлі алғашында «Қызыл отау» мектебінде білім алып, оны бітіргеннен кейін 1931-1936 жылдары аралығында тракторшы, комбайншы болып еңбек еткен. Төрт мәрте стахановшылар қозғалысына қатысқан. 1937 жылы Алматы облысының Талдықорған қаласында механикалық оқуды бітіріп келіп, 1939 жылы МТС-те механик болады. 1939-1941 жылы Түркістан қаласындағы техникумда мұғалім болған. Атаның өз қолымен жазған өмірбаянында: «1941 жылдың 18 тамызында бізді сол Түркістаннан соғысқа алып кетті. 1941 жылы қыркүйек айында Старая Русса деген қалада болдық. Сол жерде полкте зенитка сүйрететін машиналардың инженеры болып тағайындалдым. Шегіне отырып станция «Бологое» деген жерге келдік. Сол жер көшеде болған шайқаста сол қолдан жараланып, үш ай станцияда ауруханада жаттым. Жазылып шыққаннан кейін декабрь айында Москвада бір ай болып, 1 қаңтар күні эшалонмен Калинин қаласына келдік. Сол қалаға келген уақытта өзеннің жағалауында 10 күндей шайқастық. Шайқастан көп адамдар шығын болды. Жоғарғы қолбасшыдан хабар келді. 1941 жылы шабуылға шығардың алдында үлкен зеңбіректер катюшасы бар және басқа қондырушылар бар әбден немістерді атқылағаннан кейін ғана барып шабуылға шықтық. Біз жақтан да шығын болды» деп анық жазылған…
Ары қарай өмірбаянда: «Немістер блиндаж дзотын тастап кейін шегінді. Немістер Калинин қаласынан 30-40 шақырым жерге дейін қудық. Жараланды. Алғаш батальон санчасында болды. Сол жерде жуындырып, автобусқа салып, эшелонға апарып салды. Эшелонда екі тәулік бойы немістер атқылады, одан зорға шықтық. Содан Иванова облысына келдік. Бір апта Ивановада болдық. Біз қайтадан эшелонға міндік. Свердловск келді. Сол жерде жеті ай болдық. Қайтадан өз бөліміме жіберді. Калинин қаласы үшін болған шайқаста «Орден Славы» орденімен марапатталды. Смоленск қаласының қорғаныста тұрды. Белгородты «барса келмес» деп атады. 1943 жылы 1 наурыз күні шабуылға шықты. Белгородта 12 наурыз күні жаралы болды. Смоленск қаласында шайқасқа шықты. Батальонда 4 пулеметші оң қанатында екеу, сол қанатында екеу. Біз батальон шабуылға шыққанда 500 метрдей артта болдық. Осы шайқаста батальоннан түгел қырылды. Немістер қарқын шабуылға шықты. 4 пулеметтың де үні өшті. Немістер өліп жатқын жауынгерлерді найзасымен атып келе жатты, тірі қалдыма деген оймен. 1 ротаның үні өшті. Жалғыз өзім 80-90 солдатпен шайқастым 20 адам кейін шегінді де, қалғаны өлді. Осы кезде жаудың дәлдеп атқан оғы тиді» делінген. Біз мұны Әбдірәлі атаның өз қолымен жазылған естелігінен дәлме дәл келтіріп отырмыз.
Ұлы Отан соғысының ардагері Әбдірәлі Есенбаев осы шайқаста көрсеткен ерлігі үшін «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталады. Атамның айтуынша, оларды эшелонға салып қайтадан полктің санчасіне әкеледі. Ауыр жараланған жауынгерлерді Самарқан қаласына алып келіп емдейді. 1943 жылы шілде айында Әбдірәліні соғысқа жарамайды деп ауылға жібереді. Содан атамыз колхозда қоймашы, ферма меңгеруші болып қызмет атқарған. Бұрынғы Бурно-Октябрьск селосындағы техникумда химия, физика және механизациядан шәкірттерге сабақ берді. Колхозға мүше болып кіріп, 1945-1970 жылдары учаске меңгерушісі (завучасток) болып жұмыс істеп, зейнеткерлікке шыққаннан кейінгі екі жылдың бедерінде Ақсайдағы су электр станциясында жұмыс істегенін айтады атамыз жарықтық…
Ұлы Отан соғысына қатысып, одан кейінгі бейбіт өмірде еңбек майданына жан аямай араласқан нағашы атамыз Әбдірәлі Есенбаев жаңа ғасыр басталар тұстағы 2000 жылдың төртінші маусымында 90 жасында дүние салды.
Нағашы атамыз бен әжемізден барлығы үш қыз, бір ұл – Құралкүл, Сәрсекүл, Күлдаркүл, ұлы Лесбектен Әлішер есімді бір ғана ұл бар. Ол қазіргі таңда Мыңбұлақ ауылдық округінің Көлбастау ауылында тұрады. Отбасылы, үш қыз, бір ұлдың әкесі.
Атамыздың соғыстағы ерлігі мен бейбіт өмірдегі ерен еңбегі ұрпақтары мен ел-жұрттың есінен шықпайды. Ерлік пен еңбекке тағзым – елдіктің белгісі және жас ұрпаққа ұлағат болып қала бермек…
Айжан ЖҰМАНОВА,
Ақмарал ЖҰМАНОВА,
майдангер, соғыс және еңбек ардагері Ә.Есенбаевтың
жиен немерелері.
Б.Момышұлы ауылы

Таңдаулы материалдар

Close