Basty bet

Ерікті жастың қоғамдық қызметі көпке үлгі

Ерікті болу – елге қолғабыс етіп, көмекке мұқтаж жандарға қамқорлық жасап, жәрдем беру. Волонтер десек, көпшілік қауым онымен қолы бос адам ғана айналысады деп ойлауы мүмкін. Мұндай стереотип волонтерліктің ұлттық қозғалыс ретінде дамуын тежеп отыр. Ерікті болу үшін тек мейірімді жүрек, таза ниет, жақсылыққа ұмтылыс керек.
Осы орайда өзін ерікті жастардың қатарынан көрсетіп жүрген жерлесіміз Дамир Рақымбектің қоғамдық қызметі жастарға үлгі-өнеге. Ол облысқа қарасты Талас ауданының орталығы Қаратау қаласында дүниеге келген. 1996 жылы Жуалы ауданына қоныс аударып, осында 2001 жылы алғаш №19 Д.Қонаев атындағы мектебінің табалдырығын аттаған. Бала кезден спортқа деген қызығушылығы ерекше болды. Көше балаларымен бақ сынасып, күресуден басталған болашақ спортшының өмір жолы осылай басталды. Спорттың қай түрінен болсын қызығып, ережелерін тереңінен тез меңгеріп алуға барын салып өсті. 7-8 сыныптан бастап қол күресімен тұрақты айналыса бастады. Бала кездегі арман-мақсатын жетілдіре келе, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік педагогикалық университетіне «Дене шынықтыру» пәнінің мұғалімі мамандығында оқып білім алды.
Аудан орталығында орналасқан №1 Ш.Мұртаза атындағы мектеп-гимназиясына жас маман ретінде алғышқы еңбек жолын бастады. Дамир аталған мектепте алты жылға жуық еңбек өтілі бар жас маман. Ол өзінің бос уақытын барынша тиімді әрі ұтымды пайдалы дүиелерге жұмсағанды жаны қалайды. Бала кезден ішкі жан дүниесі жақсылық жасауға, қайырымдылық жасауға жаны құмартып тұратын, сол кездегі ой-мақсаты өсе келе орындалды. Мектептегі мұғалімдік қызметтен, спорттық жарыстардан тыс уақыттарында аудандық «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің жанынан құрылған «Қамқор» қайырымдылық клубының төрағасы ретінде біршама қайырымдылық шараларын атқарып келеді. Онда ол 12 бағыт бойынша жұмыс жүргізеді. Оның ішінде, әлеуметтік көмек, халықтың әлеуметтік жағынан қорғалмаған топтарына, өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларға көмек көрсетуге қатысу, қарттарға, мүгедектігі бар адамдарға әлеуметтік қызмет көрсету, экологиялық, өзге де санаттар мен топтарға көмек көрсетуге, тарихи және мәдени мұраны сақтау және спортсүйер қауымды тарту, саламатты өмір салтын насихаттау бағытында жұмыс жүргізіледі.
Ерікті жас Дамир Рақымбектің айтуынша, негізінен 11-ші бағытта көптеген жұмыс атқарылуда. Мұның ішінде, ата-бабалардан желісі үзілмей келе жатқан асарлату дәстүрі әлі де өз өміршеңдігін жойған жоқ. Аталған клубтың мүшелері осыдан бірер жыл бұрын елімізде коронавирустық инфекция таралып, пандемиямен күрес уақытында науқастарға бетперде тігіп тарату, үйден сыртқа шығу мүмкіншілігі жоқ қарттардың үй шаруасына қолғабыс ету және алыс ауыл-аймақтағы көпбалалы, аз қамтылған және мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қамқорлық жасау жұмыстарын бірлесіп атқарды. «Төтенше жағдай» уақытында да өңірдегі бірқатар жобалардың жүзеге асуына атсалысқан ерікті жастар өз кезегінде елмен бірге екенін қайырымды іспен дәлелдеді.
Дамир Бегалыұлы 2020 жылдан бастап Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «Еріктілер» жылы деп жариялаған уақыттан бері өзін мектепте дене шынықтыру пәнінің мұғалімі, спортшы ретінде ғана емес, қоғамға пайдалы ерікті жас ретінде де көрсете білді. Ерікті жастың еңбегі еленіп, ол 12 тамыз – «Халықаралық жастар күні» мерекесіне орай аудан әкімінің және Жамбыл облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының Алғысхаттарын иеленді. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауын жастар арасында кеңінен насихаттау мақсатында өткен республикалық байқауына қатысып, одан жеңімпаз атанды. Бұл марапаттар ерікті жастың одан әрі қоғамдық қызмет атқаруына жол ашып, құлшынысын арттырғаны анық.
«Басқаға қуаныш сыйлай білу – ең бақытты жанның ғана қолынан келмек» деп француз философы Дени Дидро айтқандай, шын мұқтажға қамқор бола білейік деген нақыл сөзін ерікті жас басты назарда ұстайды.
– Аудандағы ерікті жастардың қатарын әлі де көбейте түсуіміз қажет. Біз волонтерлік қызметтің не екенін, оның қандай маңызға ие екенін халықтың басына төнген аты жаман аурумен күрес кезінде жете ұғына түскендейміз. Біз қай кезде де шын мәнінде көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созуға асығайық,- деп өз сөзін қорытындылады ерікті жас.

Эльмира СҮЙІНБАЕВА,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close