Basty bet
Кәсіби этика – мемлекеттік қызметте өте маңызды
Азаматтармен өзара қарым-қатынас – тиімді мемлекеттік аппараттың негізгі өлшемдерінің бірі болып табылады. Мемлекеттік қызметшілер адалдық, ашықтық және әділдік қағидаттарын басшылыққа ала отырып, қызмет көрсетудің жоғары стандарттарына сай болуы, кәсіби қызмет көрсетуі тиіс.
Айта кету керек, қазіргі уақытта мемлекеттік қызметшілердің этикасы мен мінез-құлқына көп көңіл бөлінеді. Мемлекеттік қызметші имиджінің тұтастығы жоғары кәсіби және жеке құзыреттерді, моральдық-адамгершілік қасиеттерді және этикалық мінез-құлықты көрсетуге негізделген.
Сондай-ақ, мемлекеттік қызметте іскерлік этикет пен ресми мінез-құлық ережелері маңызды рөл атқарады. Оларды қатаң сақтау мемлекеттік қызметкерлердің іске деген байыпты көзқарасын, демек, жоғары кәсібилікті көрсетеді. Өз қызметінде мемлекеттік қызметшілер Қазақстан Республикасы Әдеп кодексінің нормаларын (мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп қағидалары) басшылыққа алады.
Қоғамдық пікірде мемлекеттік қызметшілердің беделі ең алдымен олардың әдептілігімен және әділдігімен байланысты.
«Этика» термині ежелгі грек тілінен, «этос» сөзінен шыққан – тұрғын үй, ұя деген мағынаны білдіреді. Кейінірек бұл ұғым басқа мағынаға ие болады да, кез-келген құбылыстың тұрақты табиғатын, оның ішінде адамның мінезі, ішкі табиғатын көрсетеді. «Этика», «мораль» терминдері өзінің этимологиялық мазмұны мен пайда болу тарихы бойынша бірдей, мағыналы түрде қиылысады және негізінен бір-бірін алмастырады.
Адамның кез-келген кәсіби қызметі корпоративті кәсіби этиканы қалыптастырады. Ол өзінің моральдық нормаларымен қызметкердің мінез-құлқын реттейді. Кәсіби этика әсіресе, басқару құрылымдары үшін және ең алдымен мемлекеттік қызмет үшін өте маңызды.
Мемлекеттік қызмет этикасы – кәсіби этиканың бір түрі ретінде, мемлекеттік қызметтегі адами қатынастардың белгілі бір түрін белгілейтін моральдық-адамгершілік нормалар жүйесі. Ол шенеуніктің адамгершілік мәніне қарай, оның мемлекетпен, мемлекеттік қызметшілермен, азаматтық қоғаммен қарым-қатынасының сипатына қойылатын моральдық талаптарды білдіретін принциптерді, ережелер мен нормаларды қамтиды.
Бұл ретте мемлекеттік қызметшілердің тәртіптік жауапкершілігі және қызметтік әдеп мәселелері жөніндегі заңнаманы жетілдіру мақсатында Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 22 ақпандағы Жарлығымен Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексінің жаңа редакциясы бекітілді.
Жаңа Әдеп кодексі қызметтік әдеп стандарттарын белгілейді және мемлекеттік қызметшілердің моральдық-адамгершілік қасиеттерін қалыптастыруға негіз болып табылады.
Мемлекеттік қызметшілер – билік пен қарапайым бұқара халықтың арасын жалғайтын алтын көпір іспеттес. Мемлекеттік қызметшілердің ең басты міндеті – халыққа адал қызмет ету. Әрбір мемлекеттік қызметші осынау қағидаларды ешуақытта ұмытпауы тиіс. Халыққа жақын болып, кез келген жағдайда кәсіби және әділ маман болулары қажет. Олар елдің мүддесін бірінші орынға қоятын, тез әрі дұрыс шешім қабылдай алуы міндетті. Себебі, әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақтылығы тікелей мемлекеттік қызметтің тиімділігіне байланысты.
Бағдат ОРАЗБАЕВ,
аудандық қазынашылық
басқармасының басшысы