Basty bet

Жаңа мектептің ашылу салтанаты

Ақтасты ауылдық округінде бүгін – ақ түйенің қарны жарылған күн. Себебі, құрылыс жұмыстары 2020 жылдың тамыз айында басталған №31 Ақтасты бастауыш мектебінің құрылысы аяқталып, Білім күні балаларға қолданысқа берілді. Енді бүлдіршіндеріміз бастауыш сыныптарын жаңа мектепте оқитын болды. Бұл – шынымен де қуантарлық оқиға. Ауылдағы мектепалды даярлық тобынан төртінші сынып оқушысына дейін Қошқарата ауылындағы орталық мектепке барып жүрмей, осы жерден білім ала алады.

Көптен күткен мектептің ашылу салтанатына аудандық мәслихаттың хатшысы Ерғали Тілеубеков, мектепті өз қаржысына салған мердігер Нұрсұлтан Туменбаев, ауыл әкімі Жәнібек Мырзалиев, мектептің директоры болған, ардагер ұстаз Ұлбике Сапарова мен ауыл тұрғындары қатысты.
Жиынды аудандық мәслихат хатшысы Ерғали Өтемісұлы ашты. Ол өз сөзінде: «Бүгін бір тарихи күн. Себебі, 1924 жылы ашылған тарихи №1 мектепке атақты жазушымыз Шерхан Мұртазаның аты берілді. Алатау мен Диқан ауылдарында жаңа мектеп ашылды. Ал, Ақтастыда бастауыш мектебі жаңадан салынып, қолданысқа берілді. Осы сәтте, бұл мектепті өз қаржысына салған мердігер Нұрсұлтан Аманжолұлына барша ауыл тұрғындарының атынан алғысымды білдіремін. Мектеп бар жерде білім бар, білім бар жерде өсім бар, ал өсім бар жерде жаңа ұрпақ бар. Ендеше, Білім күні құтты болсын!- деп өзінің ақ тілегін білдірді.
Келесі сөз кезегі ауыл әкімі Жәнібек Амангелдіұлына берілді. Ол жаңа оқу жылына сәттілік тіледі.
– Ең біріншіден, ауыл тұрғындарының атынан аудандық мәслихаттың хатшысы Ерғали Тілеубековке айтар алғысымыз шексіз. Ол бұл бастаманы қолдап, өзі мердігер тауып, жаңа мектептің құрылысына толықтай көмектесті. Екіншіден, ауыл әкімі Жәнібек Мырзалиев мектептің құжаттарымен әбден жүгірді. Себебі, мектебімізді бала саны аз деп қабылдамай, тіпті жаңа мектеп салуға қарсы болған еді. Алайда, осы екі азамат пен мектепті салушы кәсіпкер Нұрсұлтан Туменбаевқа үлкен рақмет! Алла сендердің жолдарыңды ашсын, – деп ауыл ақсақалы Керейбек Нысанбеков өзінің ақ батасын берді.
Айта кету керек, «Жазылбек» жеке кәсіпкерлік төрағасы Нұрсұлтан Туменбаев осы мектепті өз қаржысына салды. Құрылыс жанында жүрген оның көмекшілері Сабит Рустамбеков, Арман Мусабалин және Руслан Жүніс барлығымыз бірге еңбектендік, – дейді ол. Мердігер Нұсұлтан Жамбыл облысы Шу ауданының тумасы. Бүгінде барша ауыл тұрғындары оған өз алғыстарын айтты. Халықтың ыстық ықыласына бөленетін азаматтарымыз көп болсын.
“Сыңғырла қоңырау, сыңғырла!” демекші, бірінші сынып оқушысы Медина Махамбет пен төртінші сынып оқушысы Ринат Әділхан алғашқы қоңырауды соқты. Ал мердігер Нұрсұлтан Туменбаев мектептің кілтін мектеп директоры Салтанат Сәулімбаеваға табыстады. Ал қызыл лентаны кесу рәсімі мәслихат хатшысы Ерғали Тілеубеков пен 45 жылдық тәжірибесі бар ардагер ұстаз Ұлбике Сапарқызына берілді.
Мектептің ішіне тоқталар болсақ, 5 сынып бөлмелері мен акт залынан, медпункт пен мұғалімдер бөлмесінен және екі әжетхана, екі бөлмеден тұратын ас үйі мен қазандық бөлмесінен (кательный) құралған. Бүгінде мектепте 20 оқушы білім алады, төртеуі мектепалды даярлық тобында, қалған он алтысы төрт оқушыдан бірінші, екінші, үшінші және төртінші сыныптарда оқиды.
-Мектептің тарихына тоқталатын болсақ, Ақтасты ауылындағы мектеп Ұлы Отан соғысы жылдарынан кейін шамамен 1950 жылы орыс мектебі болып ашылған. Кейіннен 1960 жылы Аярбек Қадыров қазақ сыныптарын ашып, мектеп қазақ-орыс мектебі болып, 2000 жылға дейін жұмыс істеген. Ал 2000-2005 жылдары тоғыз жылдық мектеп болса, 2005 жылдан бастап төрт жылдыққа ауысқан. Алайда мектеп соңғы жылдары апаттық жағдайда болған, сондықтан да жаңа мектеп балалардың осы ауылда білім алуына үлкен мүмкіндік болып отыр,- дейді сол өңірдің тумасы Ерғали Аярбекұлы.
Қазақ халқы қашан да ұйымшыл әрі ынтымақшыл халық қой. Қашан да бір-біріне қол ұшын созып, бір-біріне көмектескен. Бойына осы бір қасиетті сіңірген ауыл тұрғындары №31 мектептің ішкі безендіру жұмыстарын өз мойындарына алды. Атап айтар болсақ, Қадырбай Нүрпейісов, Ұлбике Сапарқызы, Айдынғали Алтынбеков, Жаңабай Ахажанов сынды азаматтар сынып бөлмелерінің ішкі безендіруіне үлес қосқан. Ал Қошқарата ауылының тумасы, кәсіпкер Ерғали Қадыров акт залын безендіріп, керек жабдықтарын алып беретінін атап өтті. Сондай-ақ, ауылдың бас имамы Әділхан Шитібаев мектепке 100 мың теңге табыстады. Мұндай ұйымшыл халқы бар ауылдың тек көркейе беретініне әрі бұл кісілердің өнегесін көрген тәрбиелеп отырған ұл-қыздары бәсекеге қабілетті, білімді бастысы тәрбиелі ұрпақ болып өсетініне кәміл сенеміз.

 

Үміт Мадиярбек,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close