Basty bet
Ауыл тұрғындарының медициналық көмекке қолжетімділігі артты
Тәуелсіздік алғалы еліміздің жеткен жетістігі аз емес. Ел ертеңіне тірек болар көптеген сала қайта құрылымданды. Соның бірі – медицина саласы. Бұл жөнінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған салтанатты жиында сөйлеген сөзінде: «Денсаулық сақтау – ұлттың бәсекеге қабілетілігі арттыратын маңызды саланың бірі ретінде жаңа деңгейге көтерілді. Тәуелсіздік кезеңінде 1800-ден астам аурухана мен емхана салынды. Елордамызда медицина кластері құрылды. Қомақты инвестицияның арқасында фармацевтика саласында маңызды қадам жасалды. Халықтың орташа өмір сүру ұзақтығы 71,4 жасқа жетті. Коронавирус індетіне қарсы отандық вакцина жасап шығарылды. Бұл жетістік ұлттық медицина ғылымының әлеуеті зор екенін көрсетті» деп атап өткен болатын.
Тәуелсіздік алғаннан бері отандық денсаулық сақтау саласы айтарлықтай оң өзгерістерге ұшырады. Денсаулық сақтауды дамыту мәселелері мемлекеттің әлеуметтік саясатының басым бағыттары болып табылады. Ел басшылығы халықтың денсаулығын нығайту бойынша барлық шараларды қабылдауда. Мәселен, Тәуелсіздік жылдары денсаулық сақтау жүйесін дамыту және жетілдіру мақсатында бес мемлекеттік бағдарлама әзірленіп, іске асырылды. Әрбір мемлекеттік бағдарламаның қорытындысы бойынша халықтың денсаулығын қорғау және медициналық-демографиялық көрсеткіштерді жақсарту саласында оң нәтижелерге қол жеткізілді. Егемен ел болып, бұрынғы жүйе құлдырап, барлығын жаңадан бастауға тура келді.
Сол 90-жылдардағы медицина саласының жағдайы қандай еді? Шыны керек, медицина саласы қоғам тарапынан ең көп сын айтылатын саланың бірі. Денсаулық сақтау жүйесіндегі реформалар мен өзгерісті халық белсене талқылай түседі. Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі, медициналық білім, ауыл медицинасы, дәрі-дәрмек сапасы, мамандар тапшылығы мәселесі, медицина қызметкерінің бүгінгі келбетінде Тәуелсіздік алған уақыттан бастап өзгерістер сан алуан.
Ауданымыздағы денсаулық сақтау ұйымының да бүгінде кескін-келбеті өзгеріп, біршама жетістіктерге жетті. Әр ауылдық жерлерде жаңадан дәрігерлік амбулатория мен фельдшерлік пунктер соғылып, медициналық көмек қолжетімді болды. Тәуелсіздік жылдары аудандағы денсаулық саласының жұмысы жолға қойылып, бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесінің енгізілуіне байланысты жоғарғы көрсеткіштерге жеткендігі үшін Жуалы аудандық орталық ауруханасы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің №492 бұйрығына сай Республика көлемінде « Ең үздік 50 аурухананың» қатарына енгізілді.
Ел егемендігін алғаш алған жылдары аудандық орталық аурухананың бас дәрігері қызметін білікті маман Сейітхан Жұмашев атқарды. Бас дәрігердің қатысуымен заманауи үлгіге сай бес ауылдық дәрігерлік амбулатория және 14 фельдшерлік пункт жаңадан салынып, аудандық орталық ауруханада сазбен емдеу бөлмесі, ауруханаішілік дәріхана, реанимация, гинекология, жүктілік патологиясы бөлімдері, төрт орындық ақылы палата және залалсыздандыру бөлімі ашылды. Мекемеге күрделі жөндеу жұмыстары 80 пайызға жүргізіліп, барлық бөлімдер суық және ыстық сумен толық қамтылған.
Аудандық орталық аурухананың мәліметінше, бүгінде аудан тұрғындарына 111 төсек орны бар стационар, клиникалық-диагностикалық зертхана, 250 келушіге арналған емхана, 4-ші дәрежелі шұғыл көмек көрсету бөлімі, сегіз ауылдық дәрігерлік амбулатория, төрт фельдшерлік-акушерлік пункт және 34 медициналық пункт медициналық қызмет көрсетеді. Сонымен қатар, бір жылжымалы медициналық кешен автобусы, 10 УАЗ маркалы санитарлық көлік, екі ларгус көлігі, бір реанимобиль көлігі де бар.
Аудандық орталық ауруханада, жалпы, 678 адам қызмет атқарады, оның ішінде 78-і дәрігер, 340-ы мейірбике, 124-і тазалықшы және 115-і басқа да қызметкерді құрайды.
2022 жылдан бастап дәрігерлер жалақысы орта есеппен 396 798 теңгені, орта медициналық қызметкерлердің жалақысы орта есеппен 230 197 теңгені, кіші медициналық қызметкерлердің жалақысы 98 100 теңгені, басқада қызметкерлердің айлық жалақысы 122 435 теңгені құраған.
Аурухананың негізгі міндеттеріне тегін медициналық көмектің кепілді көлемі аясында сапалы медициналық көмекпен қамтамасыз ету, балалар шетінеуінің көрсеткішін төмендету, аналар өлімін болдырмау, әлеуметтік-маңызды аурулардың көрсеткішін төмендету, бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі аясында жұмысты жалғастыру, диагностика мен емдеуде заманауи әдістерді және технологияны жүйелі қолдануды қамтамасыз ету, амбулаториялық деңгейде тегін дәрі-дәрмектерді игеру, мақсатты топтағыларға алдын-ала тексеруді сапалы жүргізу, материалдық-техникалық базаны жақсарту, медицина қызметкерлерінің кәсіптік біліктіліктерін арттыру, медициналық құжаттарды электронды түрде енгізу кіреді.
Ауданда 2018 жылы Шақпақата және Қошқарата ауылдық дәрігерлік амбулаториялары және Ертай ауылдық медициналық пункті соғылып, пайдалануға берілді. Ал, 2019 жылы ауданда барлығы сегіз медициналық нысан соғылды. Атап айтқанда, Амангелді ауылдық фельдшерлік-акушерлік пункті, Теріс-Ащыбұлақ, Қосбөлтек, Қарасу, Майбұлақ, Қаратас, Кәріқорған, Ақтасты ауылдық медициналық пункттері бой көтерген болатын. Өткен жылы Күреңбел ауылдық дәрігерлік амбулаториясы мен Ақтөбе ауылдық дәрігерлік амбулаториясы соғылған.
Аудандағы денсаулық сақтау мекемесінің іргетасы 1969 жылы қаланып, 1972 жылы құрылысы аяқталып, халық игілігіне пайдалануға берілді. Аурухана қазіргі уақытқа бейімделген, бірақ санитарлық нормаларға сай келмейді және ғимарат ескірген. Осы ретте, аурухана және емханаға жаңа ғимарат соғуға 3,68 гектар жер телімі беріліп, құжаттар толық рәсімделген. Құрылыс жүргізуге қажетті техникалық шарттар алынған. Сәулет жобалау тапсырмасы алынып, жобалық- сметалық құжаттамасын жасатуға бюджеттік өтінім берілген.
Биыл Жылыбұлақ және Сұрым ауылдарында ауысымына бес келушіге арналған медициналық пункттердің, сонымен қатар, Теріс ауылында ауысымына 10 келушіге арналған фельдшерлік-акушерлік пункттің құрылысы жургізілуде. Аталған ауылдардағы құрылыс жұмыстарын «Таразқұрылыс» ЖШС қолған алған.
Одан бөлек, аудандық орталық ауруханаға косалқы ТРИАЖ құрылысы жүргізілуде. Яғни, триажға түсінік берер болсақ, ол жағдайдың ауырлығына байланысты науқастарға медициналық көмек көрсетудің басымдылығын анықтау процесі. Триаж жүйесі медициналық ұйымның қабылдау бөлімінде қажетті шаралардың (емдік, профилактикалық, эвакуациялау) жеделдігі мен біртектілігіне негізделген. Келіп түскен пациенттерді топтарға бөледі. Медициналық триаж төтенше жағдайларда пациенттердің ең көп санына оңтайлы көлемде уақтылы көмек көрсетуге бағытталған. Сұрыптау негізі – диагностика, емдік шаралар және емдеу нәтижелерінің болжамы туралы біркелкі идеялар. Құрылысты «Нұрстрой» ЖШС жүргізуде.
Алдағы уақытта ТРИАЖ жүйесінде қабылдау бөлімі, жансақтау бөлімі және ота жасайтын бөлім орналасатын болады. Аудан тұрғындары осы жүйе бойынша қолға алған іс-шаралардың нәтижесінде амбулаториялық-стационарлық емді толыққанды алуға мүмкіндік алады.
Аудандық орталық аурухананың клиника-диагностикалық зертханасына ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында замануи бес анализатор алынған. Атап айтар болсақ, биохимиялық қан талдауын анықтайтын 18 параметрлі JS T240 анализаторы, жалпы қан анализін анықтайтын 21 параметрлі BCC 3100 анализаторы, коагулограмма анализін анықтайтын С3100 анализаторы, жалпы зәр анализін анықтайтын Н-100 анализаторы, қан құрамындағы газдармен электролиттерді анықтайтын EPOC анализаторы.
Бұл анализаторлардың қолданысқа берілуінің басты мақсаты – жұмыстың сапасын арттыру, жасалатын талдаулардың атауын кеңейту. Халыққа сапалы медициналық қызмет көрсету. Зертханашылар аталған анализаторларда дұрыс жұмыс істеуі үшін және сегіз дәрігерлік амбулатория зертханашылары біліктілігін арттыру үшін, жасалынатын талдаулардың атауын кеңейту үшін толыққанды оқудан өтті. Сондай-ақ, бүгінгінің талабына сай ауруханадағы фельдшерлерге, акушерлер мен мейірбикелерге арналған тақырыптық сабақтар, конференциялар мен семинарлар және әртүрлі сайыстар ұйымдастырылады.
Егемендік алғалы мемлекетіміздің денсаулық саласы осындай оң нәтижелерге бет бұруда. Еліміздің халық саны артып келеді. Кез келген мемлекет үшін басты байлық – адам. Сондықтан бүгін күні мемлекетімізде қолға алған жаңа реформалардың барлығы халық үшін жасалуда.
Айгүл Қалымханқызы,
«Жаңа өмір»