Basty bet
Менің Отаным – Қазақстан!
Республика күніне арналған салтанатты жиында еңбек озаттары марапатталды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысымен 2022 жылы Республика күні мерекесі Қазақстан Республикасының ұлттық мерекелер тізіміне ресми түрде енгізілгені белгілі. Республика күні мерекесінің тарихы Тәуелсіз Қазақстанның қоғамдық-саяси өмірімен тығыз байланысты екені даусыз. Бұл – ел өміріндегі маңызы зор ұлттық мерекелердің бірі.
1990 жылдың 25 қазаны күні Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің шешімімен «Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы» декларация қабылданды. Сол сәттен бастап егеменді Қазақстан әлемге жеке мемлекет ретінде таныла бастады. Қабылданған декларация Қазақстанның болашақ тәуелсіздігінің іргетасы болды. Бұл декларацияның қабылдануы егемендіктің басты шарттарын білдіретін жеке территориясы, мемлекеттік бюджеті, халықаралық қатынастардағы дербестігі, мемлекеттік рәміздері бар дербес мемлекет ретінде Қазақстанның орнын айқындап берді.
25 қазан – Республика күні ұлттық мерекесі өңірде сән-салтанатпен атап өтілді. Аудандық «Достық» мәдениет үйінде еңбек ұжымдарының, ардагерлердің және жастардың қатысуымен «Менің Отаным – Қазақстан!» атты мерекелік салтанатты іс-шара ұйымдастырылды. Онда ең алдымен Мемлекеттік Ту салтанатты жағдайда құрметпен сахнаға шығарылып, Мемлекеттік Гимн орындалды.
Мерекеге жиналған қауымды аудан әкімі Жалғас Мұртаза Республика күні ұлттық мерекесімен құттықтап, сөз сөйледі.
– Құрметті жуалылықтар!
Сіздерді 25 қазан – Республика күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл атаулы күн Жоғарғы Кеңестің Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы декларацияны қабылдаған 1990 жылдың 25 қазанымен тікелей байланысты.
Биыл Мемлекеттік егемендік туралы декларацияның қабылданғанына – 35 жыл толып отыр. Бұл Декларация – тәуелсіз демократиялық құқықтық мемлекетті құрудың бастамасы болды. Ондағы әрбір бапта халқымыздың басты құндылықтары мен ұлттық мұраты нақты көрсетілген. Декларация республиканың ішкі және сыртқы саясатын өз бетінше айқындау, ресурстарға иелік ету, билік органдары мен заңнамалық жүйені қалыптастыру құқығын алғаш рет заңды түрде бекітіп берді. 1991 жылы Мемлекеттік Тәуелсіздік туралы Конституциялық заң қабылданған кезде аталған Декларациядағы қағидалар басшылыққа алынды.
Егемендік жылдары Қазақстан Республикасы бейбітшілік пен тұрақтылыққа бағытталған қуатты елге айналып, бірлігі бекем қоғам құрылды. Сындарлы саясат жүргізіп, әлеуеті зор нарықтық экономикалық жүйе қалыптастырдық.
Мемлекеттің шекарасы шегенделіп, іргемізді мызғымастай етіп бекіттік. Еуразияның жүрегіне орналасқан еңселі елордамыз әлемге руханияттың ірі орталығы, саясаттың іргелі ордасы ретінде танылды. Тәуелсіздіктің тұғырлы, ел болашағының жарқын болуы адал еңбекпен тікелей байланысты.
2025 жылдың Жұмысшы мамандықтары жылы деп жарияланғаны бәрімізге белгілі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: «Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек. Бұл біз ұсынып отырған «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келеді» деп өткеніндей, әрбір азамат осынау қоғамдық құндылықты берік ұстанып, ел дамуына адал қызмет етулері керек.
Қадірменді жерлестер! Республика күні мерекесі – береке мен бірліктің және халқымыздың туған елге деген шексіз сүйіспеншілігі мен адал еңбегінің нәтижелі нышаны. Тарихи мәні терең, идеологиялық жүгі жоғары айтулы күн еліміздің бүгіні мен ертеңіне адал қызмет ететін, ерен істер мен елеулі бастамаларды жалғастыратын барша азаматтың Отаншыл рухын оятып, сенім мен жауапкершілік сезімін қалыптастырады.
Халықтың бірлігі мен татулығы әрдайым сақталып, ел егемендігі мәңгі жасасын. Отанға деген сүйіспеншілік, мақтаныш пен патриоттық сезім арта берсін. Тәуелсіз елімізге бейбітшілік, тұрақтылық және мол табыс тілеймін,- деді Жалғас Әлижанұлы.
Салтанатты шарада аудан басшысы Жалғас Мұртаза облыстың және қасиетті Жуалы ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына және оның қоғамдық-саяси өміріне белсене араласып жүрген бірқатар үлгілі азаматқа марапат тапсырды. Атап айтқанда, аудандық мәслихаттың төрағасы Зиядхан Бүрлібаев Қазақстан Республикасы Сенатының Құрмет грамотасымен марапатталса, ел Тәуелсіздігіне қосқан елеулі үлесі үшін республикалық дәрежедегі «Бауыржан Момышұлы» намыс төсбелгісіне мемлекеттік қызмет саласының ардагері, ауданның Құрметті азаматы Әбдікерім Уркумбаев, ал қаржы саласының ардагері Сайып Сәбеев, еңбек ардагері, өзбек этномәдени бірлестігінің мүшесі, ауданның Құрметті азаматы Шәкіржан Мамаджанов, «Чернобыль-Семей» қозғалысының төрағасы Шынарбек Райысбеков, «Қайырбек» шаруа қожалығының басшысы Сағынғали Қайырбеков, аудандық мәслихат аппаратының басшысы Серік Қойбақов және Жуалы ауданы бойынша мемлекетттік кірістер басқармасының бас маманы Нұрғали Ералиев Жамбыл облысы әкімінің «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгілеріне ие болды. Сондай-ақ, бірқатар еңбек озатына Жамбыл облысы әкімінің және Жуалы ауданы әкімінің Құрмет грамоталары мен Алғысхаттары салтанатты жағдайда табыс етілді.
Республика күні ұлттық мерекесіне орай аудандық мәслихаттың төрағасы Зиядхан Бүрлібаев құттықтау сөз сөйлеп, бірқатар азаматты Жамбыл облысының Құрмет грамотасымен және мәслихаттың Алғысхаттарымен марапаттады.
Республика күні ұлттық мерекесіне арналған салтанатты шара ары қарай аудандық халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығының «Қызғалдақ» ән-би ансамблі дайындаған мерекелік концерттік бағдарламаға ұласты.
Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»