Basty bet
Балалардың қауіпсіздігі басты назарымызда болсын!
ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Жолдас Батырхан қазақстандық ата-аналарға үндеу жасады.
“-Құрметті ата-аналар, қадірменді балалар!
Балалардың құқықтарын қорғау комитеті Сіздерді оқу жылының аяқталуымен шын жүректен құттықтайды.
Міне, жазғы демалыс уақыты да келіп жетті. Жазғы демалысты ерекше көңілді әрі тиімді өткізулеріңізге тілекшіміз!
Жаз мезгілі балалардың қауіпсіздігіне ерекше назар аударуды қажет етеді.Өкінішке қарай, өткен жазда балалардың суға кетуі, жол-көлік оқиғаларынан зардап шегуі, арықтар мен кәріз құдықтарына құлауы секілді жазатайым оқиғалардың саны артты. Бұл оқиғалардың басты себептерінің бірі балалардың қадағалаусыз қалуынан орын алды. Осы себепті ата-аналардан балаларға жол қауіпсіздігін, бейтаныс адамдармен өзін өзі ұстау ережелерін және су қоймаларына жалғыз баруға болмайтындығын түсіндірулеріңіз сұралады. Көп қабатты үйлердің терезелеріне міндетті түрде бұғаттағыш орнатыңыз. Қадірлі ата-аналар! Балаларға қатысты қайғылы жағдайлардың алдын алуда ересектердің жауапкершілігі маңызды. Осы мәселеге тағы да бір мәрте назарларыңызды аударамыз. Балаларымызға бақытты, қауіпсіз, көңілді демалыс сыйлайық!”
Жазғы демалыс балалардың сауығып, демалып, тынығып, күш-жігер жинайтын кезеңі. Сондықтан балаларды мүмкіндігімізше сапалы, табиғи өнімдермен тамақтандырып, демалысының пайдалы, қызықты өтуіне үлес қосайық. Оған ата-ана, мектеп, жалпы қоғам жауаптымыз. Мектеп жанындағы жазғы лагерьлердің сапалы, қызықты ұйымдастырылуы мектеп басшылығы мен ата-аналардың назарында болуы тиіс. Жеке кәсіпкерлерге қатысты лагерьлер мен бассейндер, саябақтарда меншік иелерінде кісінің баласына жағдай жасауда елдің болашағына деген оң көзқарас пен жанашырлық сезім қажет. Балалар аман болсын! Келесі оқу жылына балалардың жақсы көңіл күймен аман-есен жетулеріне тілектеспіз!