Basty bet

ҚАУІПСІЗ ЖОЛ ҚОЗҒАЛЫСЫ – БАҚЫТТЫ БАЛАЛЫҚТЫҢ КЕПІЛІ

Көшбасшылық қасиет кез келген адам бойынан табыла бермейді. Алайда жас та болса, бас болып мектеп қабырғасында жүріп, осы ерекше қасиетті дамытып жүрген оқушылар аз емес. Сондай жастың бірі – Елнара Бұрылбай. Туған жерінің дамуына аз да болса үлес қосу ниетімен «Мектепке қауіпсіз жол» жобасын қолға алған.
Әлихан Бөкейхан атындағы №15 тірек мектеп-лицейінің 10 сынып оқушысы Елнара Ақнұрқызы Б.Момышұлы ауылының жол-көлік қозғалысындағы қауіпсіздікті дамытуды мақсат етеді. Ол бұған дейін мұндай ауқымды жарыстарға қатысып көрмеген. Жоба туралы әлеуметтік желіден көріп, қатысуға шешім қабылдаған ол бағдарламаның мақсаты бүгінгі күні өзекті деп санайды. Осы ретте жоба жайлы Елнараның өзінен сұрап білдік.
– Елнара, «Мектепке қауіпсіз жол» қандай жоба?
– Бұл – әлеуметтік көшбасшылық жоба. Өткен жылдың қазан айынан бастап осы жобамен айналысып, көшбасшылық етіп жүрмін. Бұл байқау 4 кезеңнен (облыстық іріктеу кезеңі, білімдік модуль, Алматы тауларындағы лагерь және «Safe way to school» жобасын жүзеге асыру) тұрады. Байқау барысында оқушылар зерттеулер жүргізуді, жоба құрып, жоспарлауды, топта жұмыс істеп, өз идеяларын көпшілік алдында қорғауды, жеке бренд құруды үйренеді.
Байқаудың басты мақсаты – балалардың мектепке және үйге баратын жолдарын зерттеп, жол көлік оқиғаларынан және басқа да қауіп-қатерден сақтау. Яғни осының салдарынан болатын қайғылы жағдайлардың алдын алу. Жоба ең әуелі оқу-жаттығулардан басталды. Бізді бірінші арнайы курстан өткізіп, содан кейін осындай үлкен жобалық модульге алып келді. Жұмысты нақты дерекпен бастау үшін оқушылар, ата-аналар және мұғалімдер арасында сауалнама жүргіздім. Бұл сауалнамаларда мектепке барар жолда кездесетін қиындықтар мен қауіп-қатер туралы пікірлер жинақталды. Респонденттердің басым бөлігі жаяу жүргіншілер жолының өшіп кеткенін, бағдаршамның болмауын, көше жарығының жеткіліксіз екенін атап өтті.
Аталған жоба оқушылардың тегін, сапалы білім алулаларына мүмкіндік беруде. Ол ауылдық мектеп оқушыларының әлеуметтік көшбасшылық қасиеттерін дамытуға арналған. «Мектепке қауіпсіз жол» атты жоба көпке белгілі компанияның бастамасымен 2017 жылы бастау алды. Бүгінде Алматы, Өскемен, Атырау және Қарағанды қалаларында жүзеге асырылып, 2024 жылдан бастап елдің 6 өңірінде қолға алынған болатын.
– Неге жол-көлік бағытын таңдадыңыз?
– Мектепке барып-келу – біз үшін үйреншікті, қарапайым іс секілді көрінгенімен, кей оқушылар үшін бұл – күн сайынғы тәуекел мен қорқыныш. Ата-ананың жүрегі бала таңертең үйден шыққан сәттен, есіктен күліп кіріп келгенше орнына түспейді. Өкінішке орай, мектепке апарар жолда жаяу жүргінші өткелінің өшкен ізі, бағдаршамы жоқ қиылыстар мен көлік ағымы үзілмейтін көшелер әлі де көп.
Осы ой мені бейжай қалдырған жоқ. Жол-көлік қозғалысы қауіпсіздігі, көлік апаттары қоғамдағы маңызды мәселенің бірі. Соңғы кездері қайғылы оқиғалар жиілеп кетті. Әсіресе балалардың жол апатына ұшырау жағдайлары көп. Аяқ-асты болатын жағдай болса да, балалар қауіпсіздігін сақтау үшін толыққанды жұмыс жасап, салдарымен күресу керек деп ойлаймын. Аз да болса, ауылымның осы мәселеге қатысты қиындықтарын шешуге өз үлесімді қосқым келеді.
– «Әлеуметтік көшбасшы» деген кім?
– Менің ойымша, әлеуметтік көшбасшы – ол өзінен бұрын әлеуетті жоғары қоятын, яғни қоғамның игілігі үшін жұмыс істейтін адам. Ондай адамның ойында қоғамға көмектесу деген миссия немесе мақсат болуы керек. Сонда ғана оның жұмысы өз нәтижесін береді.
– Бұл идея сізге қайдан келді?
– Кішкентай кезімнен бастап түрлі мектепішілік жобаларға қатысып, ата-анамның арқасында білімге құштар болып өстім. Үнемі ізденіс пен түрлі дүниелерге деген қызығушылықтан және ең маңыздысы ауылыма пайдамды тигізсем деген ниеттен осындай идея келді.
– Жобаны қолдаушылар бар ма?
– Жоба аясында аудандық мәслихат депутаттарымен кездескен едім. Ол кездесуде Vision Zero принциптеріне сүйене отырып, мектеп маңындағы жол қауіпсіздігі мәселелерін ортаға салдым. Жергілікті билік өкілдері ұсынысымды қарап, жобамды қолдайтындарын айтты. Бұл тұста жобаға белгілі бір ықпалы бар адамның қолдауы керек-ақ. Мен әлі оқушы болғандықтан, бұл жұмысқа назар аудармайтын шығар деп ойладым.
– Жоба жол-көлік қауіпсіздігінен бөлек, тағы қандай нәтижелер береді деп ойлайсыз?
– «Safe Way to School» жобасы мен үшін үлкен сабақ болды. Бұл тек көшелер мен жолдар туралы емес, бұл – адамдардың қауіпсіздігіне деген жауапкершілік жайлы жоба. Мен өз даусымды естірттім, қоғам тыңдады. Мектептегі жол мәселесі – әр ауылда кездесетін ортақ түйткіл. Егер біз бәріміз бірігіп, балалар қауіпсіздігіне мән берсек, өзгеріс болары белгілі.
«Safe Way to School» – жай ғана атауы көркем жоба емес. Бұл – менің жүрегімнен шыққан, өзгелерге үндеу тастайтын азаматтық бастамам. Қауіпсіз жол қозғалысы – бақытты балалықтың кепілі. Әр бала мектепке қорықпай, сеніммен, жарқын жүзімен баруы тиіс. Сол үшін де біз, бүгінгі буын, ертеңгі болашақтың іргесін жауапкершілікпен қалауымыз керек.
Осы іс арқылы ауыл тұрғындарына пайда тигізуден бөлек, өзге жастарға үлгі боламыз деп ойлаймын. Қай өңірге болсын, әлеуметтік көшбасшы қажет. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейді ғой. Біріге отырып осындай игі істерді атқарсақ, онда біз нағыз дамыған елге айналамыз. Барлық нәрсе кішкентай қадамдардан басталмай ма? Ал әрбір кішкентай қадамның артында ұлы мақсаттар болуы керек деген сенімдемін!
– Сұхбатыңызға рақмет, алдағы ісіңізге сәттілік тілейміз!

Аида ТҰРҒҰМБЕКОВА,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close