Basty bet

Ауданда бес елді мекенде медициналық ғимарат бой көтеруде

Тәуелсіздік алған жылдардан бері елімізде медицина саласында жаңа ғимараттар ел игілігіне айналып келеді. Бұл денсаулық сақтау саласындағы қызметтің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға септігін тигізуде. Нәтижесінде емдеу орны қолжетімді және жоғары сапалы бастапқы медициналық-санитарлық қызмет көрсетуде.

2022 жылы қолға алынған “Ауылда денсаулықты сақтауды жаңғырту” ұлттық жобасының мақсаты – ауылдық елді мекендерді бастапқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарымен қамтамасыз ете отырып, дені сау ұлт қалыптастыру. Сондай-ақ шалғайда жатқан ауыл халқына шұғыл медициналық көмек көрсетудің тиімділігін арттыру.
“Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту” ұлттық жобасы аясында өңірде өткен жылы үш жаңа ғимарат бой көтеріп, пайдалануға берілсе, биыл “Қуатты өңірлер” бағдарламасымен бес елді мекенде алғашқы медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру мақсатында құрылыс жұмыстары басталды. Олар: Қарабастау ауылында 15 келушіге арналған фельдшерлік-акушерлік пункт (келісімшарт құны – 285890,01 мың теңге), Тасбастау ауылында 15 келушіге арналған фельдшерлік-акушерлік пункт (ғимараттың келісімшарт құны – 267426,98 мың теңге), Талапты ауылында 5 келушіге арналған медициналық пункт (ғимараттың – келісімшарт құны – 174532,77 мың теңге), Ынтымақ ауылында 5 келушіге арналған медициналық пункт (келісімшарт құны – 178886,49 мың теңге), Шымбұлақ ауылында 5 келушіге арналған медициналық пункт (ғимараттың келісімшарт құны – 185942,42 мың теңге).
Аудандық орталық аурухана әкімшілігінің мәліметіне сәйкес, бүгінде Тасбастау ауылындағы ФАП ғимаратынан басқаларында құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. (Тасбастау ауылындағы ФАП құрылысы белгілі себептерге байланысты әзірге тоқтап тұр). Атап айтқанда, іргетасы қаланып, қабырғалары бой көтеруде.
Жалпы жұмыс барысы сапалы және қарқынды атқарылуда.
Өткен жұма күні Талапты ауылында салынып жатқан медициналық пункттің құрылыс жұмыстарымен танысып қайттық.
Мердігер “Синдикат Групп” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрылыс жұмыстарын 21 тамызға дейін аяқтауды жоспарлауда. Бүгінгі таңда медициналық пункттің қабырғалары қалануда.
-Ауданда соғылып жатқан бес медициналық ғимараттың құрылысын біздің серіктестіктің бригадалары жүргізуде. Талапты ауылындағы құрылыс басында алты кісі, дәнекерлеу цехында үш кісі жұмыс істеуде.
Бізге ғимараттың құрылысы, ауласын абаттандыру, өрнектас төсеу, ғимаратты қоршау, жарық, жылу және су жүйесіне қатысты мәселелер, яғни инфрақұрылымдық кешенмен, қажетті медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету жүктелген. Сондықтан өзімізге жүктелген міндетті сапалы орындауға тиіспіз,- дейді ЖШС-ның бригадирі Олжас Абдикадиров.

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close