Basty bet
Ономастика мәселелері түсіндірілді
Аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімдігі жанындағы мемлекеттік тіл саясатын іске асырушы жұмысшы топтың ұйымдастыруымен “Ономастиканың өзекті мәселелері” тақырыбында семинар-кеңес өтті. Оған комиссия мүшелерімен бірге аудандық мәслихаттың төрағасы Зиядхан Бүрлібаев, аудандық мәслихаттың депутаттары, ауылдық округ әкімдері қатысты.
Аудан әкімінің орынбасары, аталған жұмысшы топтың төрайымы Анар Ахметованың төрағалығымен өткен семинар-кеңесте ономастиканың өзекті мәселесі болып табылатын нысандарға, әкімшілік-аумақтық бірліктер мен оның құрамдас бөліктеріне жаңа атау және қайта атау беру барысында қолданылатын заң талаптары мен маңызды критерийлері түсіндірілді.
Республикалық ономастика комиссиясы мақұлдаған “Жер-су атаулары”, “Дәстүрлі атаулар” және “Тарихи тұлғалар” тізіміне енгізілген атаулар таныстырылып, арнайы жасалған әдістемелік нұсқаулықтар таратылды.
Ономастикалық жұмыстарды ұйымдастыру негізіндегі әдістемелік нұсқаулыққа сүйенсек, жаңа атау және қайта атау беру барысы былай түсіндіріледі:
“Қазақстан Республикасындағы тіл туралы” ҚР Заңының 25-5 бабына сәйкес, ҚР аумағындағы әкімшілік-аумақтық бірліктерге, елді мекендердің құрамдас бөліктеріне, әуежайларға, порттарға, теміржол вокзалдарына, теміржол стансаларына, метрополитен стансаларына, автовокзалдарға, автостансаларға, физикалық-географиялық және мемлекет меншігіндегі басқа да объектілерге атау беру және оларды қайта атау, сондай-ақ, олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту және мемлекеттік заңды тұлғаларға, мемлекет қатысатын заңды тұлғаларға жеке адамдардың есімдерін беру жөніндегі ономастика жұмысының критерийлері:
1) тарихи, географиялық, табиғи және мәдени ерекшеліктерді ескеру;
2) әдеби тіл нормаларына сәйкестік;
3) бір әкімшілік-аумақтық бірліктің шегіндегі елді мекендерге, елді мекендердің құрамдас бөліктеріне бір атауды бір мәрте ғана беру;
4) жеке адамның есімімен аталған, ол берілген (өзгертілген) күннен бастап кемінде он жыл өткен соң берілген есімді қайта атау, оны өзгерту;
5) қаһармандық пен ерлік танытқан, мемлекет тәуелсіздігін нығайтуға ерен үлес қосқан тұлғалардың есімдерін беру жағдайларын қоспағанда, аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлерінің, ғылым, мәдениет қайраткерлерінің және ҚР мен әлемдік қоғамдастық алдында еңбек сіңірген басқа да адамдардың жеке есімдерін қайтыс болған күнінен бастап кемінде бес жыл өткен соң беру болып табылады”. Яғни, жаңа атау беру және қайта атау жұмыстарының барлығы осы заң аясында ғана жүзеге асырылады.
Бұл бүгінгі таңда халық арасындағы маңызды мәселелердің бірі. Аталған мәселе аясында халық ішінде сұрақ та көп. Семинарға қатысушылар өз елді мекендері бойынша халықтың көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, тиісті жауаптарын алды.
Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»