Basty bet

“Атамекен” патриоттық Ән байқауының жеңімпазы – Нұртілеу Халық

Өткен сенбіде аудандық “Достық” мәдениет үйінде 14-22 жас аралығындағы жастар арасында “Атамекен” патриоттық ән байқауы өтті. Байқауды аудандық халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығы Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрылғанына 30 жыл толуына орай ұйымдастырды.

Шара «Қызғалдақ» ән-би ансамблі әншілерінің орындауындағы Е.Хасанғалиевтің «Атамекен» әнімен бастау алды. Патриоттық ән барша көрерменнің отансүйгіштік сезімдерін оятқаны өнерпаздарға қошемет көрсеткенінен сезіліп тұрды.
Одан кейін сөз кезегі аудандық халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығының директоры Қайсар Асылбековке беріліп, ол байқауға қатысушыларға сәттілік тіледі.
Жас ұрпақтың Отанына деген сүйіспеншілігін арттыру мақсатында өткен байқау «Атамекен», «Ән сал, сарбаз!» атты екі кезеңнен тұрды. Байқауға іріктеуден өткен 13 үміткер бақ сынады.
Бірінші кезеңде үміткерлер туған жер, Отан, Атамекен тақырыптарында әулете ән шырқаса, екінші кезеңде әскери әндерді орындап, көпшіліктің қошеметіне бөленді.
Байқауда 91678 әскери бөлімінің сарбаздары қатысып, байқауға қатысушыларға ду қол шапалақпен ыстық ықыластарын білдірді. Сарбаздар қыздарға гүл шоқтарын тарту етіп, ілтипат көрсетті.
Байқау нәтижесінде бас жүлдені Нұртілеу Халық қанжығасына байласа, I орынды Дария Рудаметова және Жанель Пашірәлі иеленді. II орынды Диас Нұрпейіс, III орын Инабат Наржаубек, Асхат Нұрмахан, Ақерке Данабекке бұйырды.
Жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар мен ұйымдастырушылар тарапынан дипломдар және қатысушыларға арнап арнайы Алғысхаттар табыстады.
Байқау соңында 91678 әскери бөлімінің қызметкерлері мен сарбаздарына алғыс айтылды.
Шара қатысушылардың орындауындағы Роза Әлқожаның «Атамекен» әнімен қорытындыланды.
Тілші түйіні: Байқау барысында қатысушылар тек патриоттық рухтағы әндерді шырқады. Әнді тыңдай отырып, шын мәнінде жастар арасында осындай тәрбиелік мәні зор байқаулар жиі өткізілуі керек деген ойға келдім. Біз сонда ғана жастардың бойындағы отансүйгіштік қасиеттерін, патриоттық сезімдерін оятып, туған жерге деген сүйіспеншілігін арттыра аламыз. Сонымен қатар, балалардың да бойындағы өнері шыңдалып, қалыптасуына септігі тиер еді.
Ұйымдастырушылар да байқаудың өз деңгейінде жақсы өтуіне күш салған. Тындырымды әрі жауапкершілікті сезінген мамандар балалармен де жақсы жұмыс істеген. Балалардың барлығы өнерлі. Сахна мәдениетін сақтап, әнді жүрекпен сезініп орындаған балаларды көріп марқаясың. Лайым өнерлі, отансүйгіш жастарымыз көп болғай…

Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close