Basty bet
Жаны жайсаң, жүрегі мейірімді, жақсы Аға еді…
«1961 жылы мектеп есігін аттадық. Жүзінен мейірім шуағы төгілген жап-жас жігіт қарсы алды.
– Ал, балақайлар, енді сендер оқушысыңдар. Оқушы тәртіпті болады, сабақты жақсы оқиды, – деді.
– Мен ұстаздарыңмын. Аты-жөнім – Моматай Стамбеков. Сендер мені ағай дейсіңдер.
Міне, сол күннен бастап ол кісі бәрімізге ағай, сүйікті ағай болды. Әліппені аштырып, қосу, алуды, көбейту мен бөлуді үйреткен ағай. Моматай ағайдың сол жылдары бастауышта берген білімі бәрімізге рухани нәр болды. Қаншалықты адал, абыройлы болсақ, солай тәрбиелеп, білім берген, өмірінің қырық жылын ұрпақ тәрбиесіне арнаған Моматай ағайымыздың еңбегінің арқасы».
Шәкірті – Талғат Өтегенов,
жазушы.
Иә, қарап отырсаңыз, қасиетті Жуалы ауданынан елге танымал қаншама даңқты азаматтардың түлеп ұшқанын білеміз. Бұл – ең біріншіден, барлығымызға алтын бесік болған туған өңір топырағының қасиеті, қатал табиғат пен таудың мінезі бойға дарытқан асыл қасиеттердің арқасы. Екіншіден, туған жерге туын тігіп, осындағы мектептерде бала оқытып, жас ұрпақтың тәлім-тәрбиесіне араласа жүріп, талапты да талантты азаматтарды түлетіп, қияға қанат қақтырған аға буын ұстаздар еңбегінің нәтижесі деп білеміз. Өмірден көрген-түйгені көп ұстаздардың тәлім-тәрбиесімен қаншама буын шәкірттердің өмірден өз орындарын тауып, еңбек етіп жатқандарын жақсы білеміз.
Бәрін айт та, бірін айт. Мен бұл мақалада жас ұрпақтың тәрбиесіне атсалыса жүріп ауданның дамуына үлкен үлес қосқан атпал азамат, ардагер ұстаз – Моматай Төлендіұлы туралы әңгімелемекпін.
Моматай Стамбеков 1928 жылы қасиетті Жуалы ауданына қарасты бұрынғы Шұбарағаш елдімекенінде дүниеге келген. Балалық және бозбалалық жалындаған жастық шағы Ұлы Отан соғысы жылдарына, ел өмірінде орын алған одан кейінгі қиын-қыстау кезеңге тұспа-тұс келген Моматай Төлендіұлы да қиыншылықты біркісідей көргені анық. Қатал тағдыр оның өмірге, өнер-білімге деген құштарлығына еш кедергі бола алған жоқ. Сонау қиын кездерде «инемен құдық қазғандай» боп білім алып, алған білімін ел қажетіне, жас ұрпақтың тәрбиесіне лайықты жарата білген атпал азамат отбасында ардақты да қамқор әке, ауыл-аймаққа беделді де үлгілі ұстаз бола білді.
Қасиетті өңірдің білім беру саласының дамуына өзіндік үлкен үлес қосып, ел дамуына ұзақ жылдар елеулі еңбек сіңірген Моматай Төлендіұлы 1945 жылы ауданға қарасты Ертай ауылындағы (бұрынғы Кеңес ауылы) Кеңес мектебін бітіреді. Оқу-білімге құштарлығы жастайынан байқалған ол 1950 жылы Түркістандағы педагогикалық училищені «Бастауыш сыныптың мұғалімі» мамандығымен бітіріп, өңірдің таулы аймағындағы бірқатар мектептерде ұстаздық етіп, шәкірттердің бірнеше буынын тәрбиелеуге бар білім-білігін арнайды.
Жас ұстаз алғашқы еңбек жолын 1950 жылдың қыркүйек айынан ауданға қарасты қасиетті Қошқарата өңіріндегі бұрынғы Құрсай ауылындағы «Құрсай» бастауыш мектебінде мұғалім болып бастап, аталған мектепте 1957 жылға дейін табанды еңбек етті. Одан кейінгі жылдары қазіргі Қошқарата ауылындағы Абай атындағы орта мектепте ұстаздық қызметін лайықты жалғастырады. Қазақтың бас ақыны, ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлының есімін иеленген мектепте құрметті еңбек демалысына шыққанша ұстаздық қызмет атқарды.
Халқымызда: «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» деген ұлағат бар. Моматай Төлендіұлы да ұлағатты ұстаздардың қатарынан болатын. Ұстаздың өңірдің білім беру, ағарту саласына сіңірген ұзақ жылғы еселі еңбегі оның көзін көріп, тәлім-тәрбиесін алған замандастары мен шәкірттерінің жадынан әлі де шыға қойған жоқ. Моматай Төлендіұлының алдын көріп, одан дәріс алған азаматтар қазіргі таңда ел өңірлерінде түрлі салада жемісті еңбек етіп, қасиетті Отанымыздың гүлденуіне және ел экономикасының дамуына елеулі еңбектерін сіңіру үстінде. Бір сөзбен айтқанда, «Ғалым да, шахтер де бас иетін» дейтін ұлағатты ұстаздық қасиет бір кісінің бойында болса, мұндай ізгі қасиеттер Моматай Төлендіұлының бір бойынан табылатын.
Халық тағылымында айтылатындай, адам мәңгі жасамайды, мәңгі жасайтын оның артына қалдырған өнегелі ісі, тіршілікте жасаған ізгі амалдары екені анық. Саналы өмірінің көп бөлігін жас ұрпақтың тәрбиесіне арнап, «Ұлағатты ұстаз» деген ардақты атқа қылау түсірмей өмір сүрген жаны жайсаң асыл азамат, ардагер ұстаз Моматай Төлендіұлы 1994 жылы 66 жасында өмірден озды.
Ол отбасында балаларын үйлі-жайлы етіп, ағайын-туыстың ортасында ауыл-аймаққа өнегелі болатындай қарапайым тіршілік кешіп, кезі келгенде құда-жекжаттың құрметіне бөленіп, Алланың бергеніне шүкіршілік етіп, ұл-қыздарынан немере-шөбере көріп, құшағын кең жаятын шағында өмірден озып кете барды. Өкінішті-ақ…
Жаратылысынан бауырмал, артық сөзі жоқ, ағайынның татулығы мен бірлігін барлығынан жоғары бағалай білетін қасиеті оны өзгелерден ерекшелеп тұратын. Сөздің реті келіп тұрғанда жақсының жақсылығын айтайын. Көкем (мен ол кісіні Көке дейтінмін) мінезге бай адам еді. Құдай қосқан асыл жары Шыныкүл жеңгей екеуі ауыл-аймақтағы өнегелі, сыйлы отбасылардың мықты діңгектері бола білді. Асыл жеңгеміз қазір ұрпақтарының қызығын көруде. Көкемнің тағы бір қасиеті, ол ұшқыр ойлы, сөзді тауып айтатын, ағайыншыл жан еді. Отырған жері ойын-күлкі, тамаша ән, тағылымды әңгіме болатын. Біз кейінгі ұрпақ сол кісіге қарап, оның әңгімесі мен әнін тыңдап өстік. Алдыңда жасы үлкен ағаң болса, оған арқаңды сүйегендей болып өмір сүргендейсің. Ал ол сүйенішің кетсе, жаның жабырқап қалады екен…
Моматай Төлендіұлы бір әулеттің алтын қазығындай болған азамат еді. Менің ұстаз болуыма ықпал еткен де осы кісі. Сабаққа, яғни сабақ үстінде мұғалім өзін-өзі қалай ұстауы керек, оқушылармен қалай қарым-қатынаста болу керек, осының бәрін тәптіштеп айтып отыратын. Ағам төртінші сыныпта мені де оқытып, сабақ берді. Яғни мұғалімім болды. Ағамды өмірлік ұстазым десем де болады.
Ағам мені үнемі жанына ертіп жүргенді ұнататын. Түркістан облысы Бәйдібек ауданының Бәйдібек ауылында ағамның енесі Тойғыз апа және менің үлкен әпкем Бекзада тұратын. Біз сол ауылға жиі барушы едік. Әсіресе, қыстың қалың қарлы, қақаған аязында атпен барған өзінше бір қызық болатын. Қалың қар кейде атты көтере алмай ат кейде омыраулап, кейде омбылап жүретін, ал өзендегі сірескен көкпеңбек мұздан өту өте қиын еді. Ағамның айтуымен аттардың жабуын мұзға төсеп өтетінбіз. Мұның өзі көрегендік, тапқырлық емес пе?!
Тағы бір естен шықпас сәт. Қыстың ұзақ түнінде қатар отырған ағайынды үш үйіміз үлкен үйге (бұл Моматай ағамның үйі. Оны солай атайтынбыз) жиналамыз. Моматай ағам «Батырлар жырын» алып оқиды. Жай емес, әндетіп оқиды ғой. Біз бәріміз көзіміз ұйқыға кеткенше соны тыңдайтынбыз. Ағам әңгімешіл және әнші еді. Әнді ойдан құрастырып айта беретін.
Өмір – өзен. Сол өзеннің жағасында жақсымен де, жаманмен де жолығасың. Бақытыңа орай жақсы адамдармен жақын аралассаң, жан сарайың кеңіп, ерекше естеліктердің легі түзіледі. Бірақ өмірде жақсы адамдардың аз болатыны өкінішті. Сондай жақсы адамдардың бірі де бірегейі жаны жайсаң, жүрегі мейімді, асыл ағамыз – Моматай Төлендіұлы болатын!
«Жақсының аты өлмейді» деген. Талантты шәкірттердің жүрегіне жол таба білген ұлағатты ұстаздың есімін есте қалдырып, оның өнегесін жас ұрпаққа үлгі ету мақсатында жақында Қошқарата ауылындағы өзі ұзақ жыл бастауыш сыныпта ұстаздық еткен №9 Абай атындағы орта мектепте Моматай Төлендіұлының атында сынып ашылып, ұрпақтары мен туған-туыстары игілікті тірліктің атқарылуына мұрындық болды.
Қанатбек ТӨЛЕНБЕКҰЛЫ,
ардагер ұстаз, зейнеткер.
Тараз қаласы