Basty bet
Аудан билері – алдыңғы шепте
Қазақ халқы үшін бітімгершілік – билік айтудың ең озық өнегесі. Тоқсан рулы елдің дауларын тоғыз ауыз сөзбен түйіндеп, татуластырып отырған дана бабаларымыздың бітімгершілік саясаты егеменді елімізде жаңа серпінмен қолға алынып, 2011 жылдың 5 тамызында арнайы заң қолданысқа енгізілген болатын. Яғни, қолданысқа енген Қазақстан Республикасының «Медиация туралы» Заңы. Бұл, аты бөлек болғанымен қазақ халқы үшін жат дүние емес. «Алдыңа келсе атаңның да құнын кеш» деген қағиданы басшылыққа алған дарабоз билердің дәстүрлі билік жүргізу тәсілінің заңды жалғасы деп есептеуге болады.
Медиация – қос тарапты бірдей қанағаттандыратын және дауласушылық деңгейін төмендететін өзара тиімді әрі өзара қолайлы шешім қабылдап, дауласушы екі жақты бейбіт келісімге келтіру. Яғни, «Өгіз өлмейтін, арба сынбайтын» деген сөзге сәйкес шешім қабылдау. Медиатор – даудың немесе сотта қаралатын істің қатысушыларының белгілі бір келісімге келуіне көмектеседі. Сондай-ақ, қабылданған шешімнің орындалуын қадағалап отырады.
Медиацияның аясында қарастырылатын даулар бірнеше тармаққа бөлінеді. Атап айтар болсақ, олар корпорацияаралық және корпорацияішілік даулар, банк және сақтандыру саласындағы даулар, жұмыстағы даулар, отбасылық даулар, авторлық құқыққа және зияткерлік меншікке қатысты даулар сияқты тармақтарға бөлінеді.
Атап айтқандай, елімізде 2011 жылдан бастап медиация туралы заң қабылданса, 2019 жылдан бастап билер кеңесі құрылды. Қазақ халқы ежелден сөз қадірін ұғып, қадірлей білген текті халық. Қандай дау-дамай болса да үлкеннің сөзін тыңдап, бір сөзге тоқтай білген. Ал сол дауды шешуде өзіндік рөлі бар тұлғалар билер алқасы болған. От ауызды, орақ тілді кез келген дауды екі ауыз сөзбен қайыра білген би-шешендер қазақта аз болмаған. Тек сөздің әдемілігіне қарап қана емес, әділдігіне қарайтын би-шешендер елімізде қазір де бар.
Қасиетті Жуалы өңірінде де билер алқасының жұмысы қарқынды жүргізіліп, насихатталуда. Ардагерлер ұйымының жанынан құрылған билер кеңесінің аудандық сотпен бірлесіп атқарып жатқан жұмыстары аз емес.
Бүгінде «Ардагерлер ұйымы» РҚБ-ның аудандық филиалының жанынан құрылған аудандық билер кеңесінің құрамында барлығы – 45 би тіркелген. Әр ауылдық округтен үш адам мүшелікте болса, аудандық билер кеңесінің мүшелігіне бес адам сайланған. Қазіргі таңда аудандық ардагерлер ұйымының жанынан құрылған билер кеңесінің төрағасы қызметін білікті медиатор Мұратқали Рахметов атқаруда. Ал аудандық билер кеңесінің мүшелігінде – Б.Момышұлы ауылындағы «Жуалы» көпшілік мешітінің имамы, ауданның Құрметті азаматы Сейітқазы қажы Медетбек, батагөй қария, аудандағы медиация қозғалысының ардагері Аманжол қажы Дүрәліұлы, Сағындық Тоқбергенов және Раушан Әлиева бар.
– Былтырғы жылдың көрсеткішіне сәйкес, ауданда 165 іс қаралып, оның 65-і сотқа жеткізілмей өз шешімін тапты. Ал ағымдағы жылдың тоғыз айлық көрсеткіші бойынша барлығы 157 іс қаралып, оның 59-ы шешімін тапты. Жуалы ауданы облыс бойынша мәселені сотқа жеткізбей шешуден алдыңғы қатарда десекте болады.
Бастапқы кезде медиаторлардың рөлін күшейткенімен, кейін билер алқасы шыққан соң билердің рөлін күшейіп отыр. Негізгі мақсат, ұлтымыздың қасиеттерін бойына сіңірген билердің ісін үлгі тұтып, қазақтың қарабайыр сөзімен дау-дамайды шешу, – дейді аудандық билер кеңесінің төрағасы Мұратқали Рахметов.
Қылмыстың ауыры мен жеңілінің аражігін ажыратпай, барлығын темір торға тоғыта беру дұрыс шешім емес екені белгілі. Ол сот үшін де тиімсіз. Күрделенген қазіргі қоғамда отбасы дауы белең алып тұрғаны жасырын емес. Осы тұрғыда, аудан билерінің атқарып жатқан еңбектері өз жемісін беруде. Аудандық билерінің араласуымен бүгінгі күні талай отбасының шаңырағы шайқалмай сақталып қалуда.
Талай түйіннің шешуін тауып, мәселенің ақ-қарасын ажыратып, елдің тату өмір сүруі үшін қызмет етіп жүрген аудандық билер кеңесінің жүйелі жұмыстары бағаланбай қалып жатқан жоқ. Былтыр Б.Момышұлы ауылдық билер кеңесінің төрағасы, ауданның Құрметті азаматы Шора Ысқақов облыс деңгейіне тек бір адамаға берілетін «Үздік би» атағын жеңіп алды.
Сонымен қатар, билер кеңесі аудандық ішкі саясат бөлімі және аудандық «Жастар ресурстық орталығымен» бірлесе отырып мектеп оқушыларымен және ауыл тұрғындарымен тәрбиелік мәнге ие басқосулар ұйымдастырып, іс-шаралар өткізіп отырады.
Аудан билерімен дауларды бітістіру жұмыстары өз жалғасын таба бермек. Билерге аудандық соттың ғимаратынан арнайы қызметтік және татуласу бөлмелері берілген.
Нұрғалым МЫРЗАХМЕТҰЛЫ,
«Жаңа өмір»