Basty bet
Айналамыздың гүлге оранып, жайқалып тұрғаны қандай ғанибет!
Қоршаған ортаны қорғау күні Жер планетасындағы әрбір тұрғынды бей-жай қалдырмауы керек. Біріккен ұлттар ұйымының тарапынан үлкен қолдау көрсетілетін мерекенің мақсаты – қоршаған ортаның айтулы проблемаларына әлемдік қауымдастықтың назарын аудару және адамзат баласының қоршаған ортаға деген жанашырлық сезімін ояту болып табылды.
Табиғатқа деген сыйды жоғалту адамзаттың адамгершілік құндылықтарын жоғалтуға әкеліп соқтырады. Қазіргі кездегі әлемдегі экологиялық жағдай адам көзқарасының өзгеруін талап етеді.
Адам баласы табиғаттың ең ұлы перзенті ғана емес, ең ұлы қамқоршысы екенін соңғы жылдары ұмытып бара жатырмыз. Табиғат – барлық игіліктің бастауы. Сондықтан табиғатты қорғап, үйлесімділікпен өмір сүру – парызымыз.
Адам мен табиғат егіз ұғым. Оның бірінсіз бірінің күні жоқ. Бірақ, кейбір адамдардың табиғатқа деген немқұрайды көзқарасы табиғатқа да, адам баласына да үлкен залалын тигізуде.
Ауданымызда көктемгі көріктендіру, көгеріштендіру және санитарлық тазалық екі айлығында атқарылып жатқан шаруа аз емес. Алдын ала жоспар жасалып, тиісті жұмыстар атқарылуда. Ауыл-ауылда гүлзарлар, ағаш көшеттері отырғызылып, қаншама қоқыстар сыртқа шығарылды. Мәселен, биылғы екі айлық барысында “Жасыл белдеу” бағдарламасымен Алматыдағы “Көлсай” ұлттық саябағынан 10 мың түп қылқан жапырақты ағаш көшеттерін алып келіп, “Қарасаз”, “Шыңбұлақ” су ұңғымаларының аумағындағы жерлерге отырғызылды. Ол жерге отырғызылу себебі, бұл жер қоршалған әрі суғарудан мәселе болмайды. Көшеттерге “Жуалы су” мекемесінің қызметкерлері мен қоғамдық жұмысшылар үнемі күтім жасап отырады.
Жалпы, “Жасыл белдеу” бағдарламасы аясында ауданда биыл 18 100 түп ағаш көшеттері отырғызылды.
Алайда күтім жасауды, гүлдендіруді талап ететін жерлер әлі де бар. Мысалы, аудандық мәдениет үйінің сол жағы, яғни сервистік әкімдіктің алды, су бұрқақтың жан-жағына гүлдер егілсе. Себебі, бұл жер әрі орталық алаңның маңы. Сондықтан айналамыздың гүлге оранып, жайқалып тұрғаны қандай ғанибет!
Осыдан бірнеше жыл бұрын бұл жерге су бұрқақ жасалып, айналасы гүлденіп тұратын. Ауыл тұрғындары саясына келіп, орындыққа отырып бір сәт серігіп отырушы еді. Өкінішке қарай, соңғы жылдары бұл жердің сәні кеткен. Субұрқақ істен шыққан, айналасына гүл емес, арам шөп өсіп кеткен, өрнектастардың арасына да шөптер шығып, сұрқы кетіп тұр.
Қоршаған ортаны қорғауға қатысты бізде мәселе көп. Соның ең бастысы тұрғындардың жауапсыздығына байланысты. Жадырап жаз келген соң, кешкісін көшеге шығып, саябақтарға барып серуендеп жүретіндердің қатары көп. Көгалға, өзен-көлдердің жағасына барып демалатындар да аз емес. Бұл әрине дұрыс. Табиғат аясына шығып серігіп, күш жинау керек. Алайда бүкіл қоқысын сол жерге тастап, ластап, тіпті өртеп, табиғатқа қаншама залал келтіретіндерді қалай жөнге саламыз?!
Олардың бұл іс-әрекетін тезге салатын заң бар. Бірақ, оларды қашанғы бақылауға алуға болады? Адам отбасынан табиғатты қорғауға, тазалықты өз үйінен, ауласынан бастап, дәл сол көзқараспен, жанашырлықпен көшеге, ауылына қарай білетіндей тәрбие алмаған болса, оны тек заңмен тәрбиелеу жақсы нәтиже бере бермейді. Дегенмен, тәртіпке бағынбаған адам заң алдында жауап бергені дұрыс.
“Тазалық сыпырған жерде емес, сақтаған жерде” дейді. Ауылымызда қаншама сенбілік жасалғанымен көшелеріміз бен сай-саламыз көп уақыт өтпей бәз-баяғы қалпына түседі. Оны сондай жағдайға түсіріп жатқан кім? Адамдар, яғни сол көшенің, ауылдың тұрғындары. Қазір қай жерге барсаңызда айнала шашылған қоқыстар, арықтар темір, пластмасса, шиша бөтелкелерге, шипсы, балмұздақ, т.б қабығына толып, су бөгеліп, сыртқа ағып жатқан жерлер көп. Мұның барлығы адамның қолымен жасаған келеңсіздіктері.
“Отан отбасынан басталады” деген. Туған үйің, көшең, ауылың – туған Отаныңның бір бөлшегі. Отбасында осындай немқұрайды іс-әрекетті көріп өскен, көшеден осыны көріп, көзі үйренген жас ұрпақ та ертең соны қайталайды. Сондықтан жастарды экологиялық мәдениетке тәрбиелеу үшін бірінші үлкендер өзімізді тәрбиелеуіміз керек.
Ұлтымыз жаңа сапаға көшуі үшін біздің күнделікті өмірлік ұстанымдарымыз да өзгеруі керек. Президентіміз айтқандай, мәселе экологияда емес – отаншылдықта, заңда емес – санада. Сондықтан үлкендерден табиғатқа деген мейірімді көрмеген, табиғатты аялауға дағдыланбаған бала өскенде туған жеріне жаны ашымайды. Ал, туған жерге жаны ашымаудың салдары айналып келгенде адам баласының денсаулығына үлкен зиянын тигізеді. Сол себептен, осындай жағдайларға бей-жай қарамай, қоғам болып түзелуіміз қажет!..
Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»