Basty bet
«МӘДЕНИЕТ – ҰЛТТЫҢ ТӨЛҚҰЖАТЫ!»
ауданда мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесі атап өтілді
Биыл 21 мамыр – Мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесінің қарсаңында Ақордада салтанатты жиын өткені белгілі. Жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттың болмыс-бітімін сақтау және халық руханиятын байытуға зор үлес қосып жүрген сала қызметкерлеріне ризашылығын білдірді.
– Мәдениет – ұлттың төлқұжаты. Жаһан жұрты елімізді, ең алдымен, өнеріміз арқылы танып біледі. Біз – Ұлы далада тамыр жайған бірегей мәдениеттің заңды мұрагеріміз. Қазақ жерінен шыққан қайталанбас өнер иелерінің теңдессіз туындылары тұтас ұлтты тәрбиеледі. Қазір төл мәдениетіміз дүние жүзіне танылып жатыр. Талантты музыканттарымыз әлемдік сахналарда табысты өнер көрсетіп жүр. Қазақ киногерлері түрлі халықаралық байқауларға қатысып, сарапшылардың жоғары бағасына ие болуда. Елордамызда Дүниежүзілік көшпенділер ойындары табысты өтті. Ақтау қаласы түркі әлемінің мәдени астанасы болып жарияланды. Рухани мұраларымыз цифрлық форматқа көшіріле бастады. Таяуда ұлтымыздың бір жарым мың ән-күйі мен фольклорлық мұрасы ең танымал халықаралық платформаларға салынды. Төл өнеріміз креативті индустрия арқылы барынша насихатталуда, – деді Президент.
Президент сонымен қатар, мемлекет мәдениет пен өнер саласын өркендетуге әрдайым ерекше мән беретінін және мәдениеті озық елдің рухы биік болатынын да баса атап өтті.
Жалпы мемлекеттің дамуы мен халықтың рухын көтеріп, адам жан дүниесінің рухани баюында мәдениет пен өнер аталатын құндылықтың алатын орны зор. Сол себептен де мәдениет пен өнердің өрісін кеңейтіп, оның халық өміріндегі мән-мағынасын ашуда аталған саланың қызметкерлері аянбай еңбек етіп келеді.
Мәдениет және өнер қызметкерлері күні біздің ауданда да жоғары деңгейде атап өтілді. Аудан орталығындағы «Достық» мәдениет үйінде ұйымдастырылған кәсіби мерекеге сала қызметкерлерімен қатар, ардагерлер, мекеме басшылары мен жастар шақырылды.
Мерекелік жиын аудандық халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығының әдістемелік бөлімі дайындаған «Мәдениет қалай пайда болды?» тақырыбындағы шағын пролог қойылыммен ашылды.
Алғашқы құттықтау сөз аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметоваға берілді.
– Құрметті мәдениет және өнер саласының қызметкерлері мен ардагерлері. Сіздерді төл мерекемен шын жүректен құттықтаймын! Бұл күн кәсіби мереке ретінде 2013 жылдан бері атап өтілуде.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада өткен салтанатты жиында сөйлеген сөзінде: «Мәдениет – ұлттың төлқұжаты. Жаһан жұрты елімізді, ең алдымен, өнеріміз арқылы танып біледі. Біз – Ұлы далада тамыр жайған бірегей мәдениеттің заңды мұрагеріміз. Қазақ жерінен шыққан қайталанбас өнер иелерінің теңдессіз туындылары тұтас ұлтты тәрбиеледі. Қазір төл мәдениетіміз дүние жүзіне танылып жатыр» деп атап өтіп, халық руханиятын байытуға зор үлес қосып жүрген сала қызметкерлеріне ризашылығын білдірді.
Елімізде мәдениет пен өнердің дамып, рухани байлықтың еселене түсуіне өлшеусіз үлес қосып жүрген мәдениет қызметкерлерінің қоғамдағы орны ерекше. Аудандағы қоғамдық-саяси, мәдени-рухани көпшілік шаралардың барлығы мәдениет саласы қызметкерлерінің араласуынсыз өтпейтіні белгілі. Мәдениет пен өнерді қолдау – біздің елдің мемлекеттік саясатының басым бағыттарының бірі.
Қасиетті Жуалы өңірінің өнері мен мәдениетіне сүбелі үлес қосып, осы саланың мерейін көтеріп жүрген 48 мәдениет нысанында 284 қызметкер абыроймен қызмет атқаруда. Жарты ғасырлық тарихы бар «Жуалы» халық және «Мыңбұлақ» театрлары көптеген шығарманы сахналап, «Бөкейтау» вокалды-аспапты ансамблі, «Қызғалдық» ән-би және «Жаңабаевтар» отбасылық ансамблдері көрерменнің көңілінен шығуда.
Даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының мемориалдық музейі мен аудандық тарихи-өлкетану музейі қасиетті өңірдің тарихи мұрасын қалыптастырып, келешек ұрпаққа насихаттаумен келеді.
Қымбатты мәдениет және өнер саласының қызметкерлері! Баршаңызды тағы да кәсіби мерекемен құттықтай отырып, киелі өнер жолындағы қажырлы еңбектеріңізге шығармашылық табыс пен жарқын жетістіктер тілеймін,- деді Анар Садыққызы.
Аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова құттықтаумен бірге, сала үздіктерін аудан әкімінің Құрмет грамотасымен және Алғысхаттармен марапаттап, сый-сияпат табыстады.
Сала қызметкерлерін аудандық мәслихаттың төрағасы Зиядхан Бүрлібаев құттықтап, үздіктердің бір тобына Алғысхат тапсырса, келесі кезекте «AMANAT» партиясы аудандық филиалының төрағасы Марат Нарымбеков мәдениет және өнер қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтап, үздіктердің келесі бір тобын Алғысхаттармен марапаттады.
Мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне арналған жиын ары қарай аудандық халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығына қарасты «Қызғалдақ» ән-би ансамблінің, «Жаңабаевтар» отбасылық ансамблінің концерттік бағдарламасына ұласты.
Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»