Бауыржан Момышұлы ауылындағы Орталық стадионда Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне арналған шағын футболдан «Бір атаның балалары футбол ойнайды» атты жанұялық командалар арасындағы аудандық жарыс ұйымдастырылды.
Аудандық бұқаралық спорттық іс-шараларды ұйымдастыру орталығының мұрындық болуымен өткізілген жарысқа аудан тұрғындары және жанұялық командалар қатысты.
Жарысты аудан әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Мақсұтбек Арзымбетов салтанатты түрде ашып, жарысқа қатысушыларға деген тілегін білдірді.
Бұл ойынға Бауыржан Момышұлы ауылы мен ауылдық округтерден келген Шәкіровтер, Айдарбековтар, Дәуіт ата, Сейтаевтар, Ноқаевтар, Сейітбековтер, Құрышбаевтар, Үйкекбай ата сияқты бірнеше отбасыдан 100-ден аса жан қатысып, белсенділіктерін көрсетті.
Сегіз команда екі топқа бөлініп, әрбір топтан екі команда жартылай финалға жолдама алды.
Финалда «Дәуіт ата» әулеті жеңіске жетіп, бас бәйгені иеленді. Екінші орынды «Сейітбековтер» әулеті жеңіп алса, үздік үштіктен «Шәкіровтер» командасы көрінді.
Бірнеше аталымда үздіктер анықталып, олардың бәріне сыйлықтар тапсырылды.
Атап айтқанда, отбасылық жарыста «Үздік шабуылшы» номинациясын «Сейітбековтер» командасының ойыншысы Мирас Оразбақ, «Үздік қорғаушы» аталымын «Дәуіт ата» командасының мүшесі Эльдар Дәуітов, «Үздік қақпашы» болып «Шәкіровтер» әулетінен Ринат Тасқынбаев, «Үздік ойыншы» «Дәуіт ата» отбасының мүшесі Мадияр Дәуітов лайық деп танылды.
Алдағы уақытта осы жарысты дәстүрлі түрде ұйымдастыру жоспарланып отыр. Себебі, бұл – жай ғана жарыс емес, ол – жастардың тәрбиесіне орасан зор ықпал ете алатын бірегей спорт додасы. Бұл – тәрбие құралы.
Мақпал САМАТҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»