Basty bet

Бiрлiк пен ұйымшылдық ауылды берекелi тiрлiкке бастайды

Аудан әкімі Жалғас Мұртаза жұма күні ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың 2022 жылғы 3 наурыздағы “Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы” №826 Жарлығына байланысты бекітілген округ тұрғындарымен тоқсанына бір рет кездесу кестесіне сәйкес, өткен жұма күні Ақсай, Мыңбұлақ және Көкбастау ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті.

Ақсай ауылдық округі әкімі аппараты ғимаратының ауласына жиналған округ тұрғындарына аудан әкімі Жалғас Әлижанұлы ауылдық округте атқарылып жатқан жұмыстар, алдыңғы кездесуде көтерілген мәселелердің шешімі туралы қысқаша баяндады.
Ауызсу жүйесі бойынша кешеуілдеп жатқан жұмыстардың себебін түсіндірді. Биыл Диқан ауылындағы орталық көше жөнделуде. Ауыл әкімі, ауылдық округтен сайланған аудандық мәслихаттың депутаты, ауыл тұрғындары болып жолдың сапалы салынуын барынша бақылауда. Жалғас Әлижанұлы ауылдық округ әкімі Мақсат Мәтенге салынып жатқан жолды мейлінше сапалы, техникалық талаптарға сай болуын соңына дейін бақылауда ұстауды тапсырды.
Диқан ауылына биылға жоспарланған жұмыстың бірі кіші футбол алаңшасы болатын. Бұл жоба да күн суығанша бітеді деп жоспарлануда.
Ауыл тұрғындары көтеріп жүрген ауданға атшабар салу мәселесі бойынша аудан әкімі төмендегідей жауап берді.
-Қайрат ауылының жоғарғы бөлігінен атшабар жасау таулы аймақтағы тұрғындар үшін қолайсыз. “Батыс Еуропа-Батыс Қытай” халықаралық дәлізінің төмен жағы, яғни Ақбастау ауылы жағынан жер телімін алып, сол жақтан жасауды ойлағанбыз. Алайда, ол жердегі суармалы жерлерді талап бойынша тек тұрғын үй салуға ғана алуға болады. Екіншіден, жолдың жоғарғы жағындағы ауылдардан көкпаршылар атпен баратын болғандықтан, үлкен жолды қиып өту өте қауіпті. Сондықтан қазіргі ойнап жүрген, яғни үлкен жолдың жоғарғы жағындағы жерді қоршауды жоспарлап отырмыз. Ол жерге бюджет қаражаты есебінен қауіпсіздік үшін қоршау сатып аламыз. Оны жасауға техника жағынан көмектесеміз. Адам күшіне көкпаршылар тарапынан қолдау болса, бұл тірлік қыс түскенше шешімін табатын болады,- деді аудан әкімі.
Аудандық мәслихаттың депутаты Мұхамеджан Әсемов ХVІІ жазғы Паралимпиада ойындарының жеңімпазы атанған Диқан ауылының тумасы Ақмарал Науатбектің жеңісін қуанышпен жеткізіп, жерлесімізді туған жерінде қарсы алу рәсімін ұйымдастырсақ деген ұсынысын жеткізді.
Ауылдық округтің ардагерлер кеңесінің төрағасы Кәрібай Құрмашев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2 қыркүйектегі халыққа арнаған Жолдауында 2025 жылды жұмысшы мамандықтар жылы деп жоспарлауы өте құптарлық жағдай екенін, себебі, еңбек адамдарын, қарапайым жұмысшы мамандық иелерін дәріптеу арқылы біз жас ұрпақты еңбекқорлыққа, биік адами қасиеттерге тәрбиелей аламыз деген пікірімен бөлісті.
Кездесу соңынан аудан әкімі жеке қабылдауға жазылған азаматтарды қабылдады.
***
Мыңбұлақ ауылдық округінде өткен кездесуге ауыл ардагерлері мен жастар қатысты.
Мұнда да аудан әкімі ауылдық округте атқарылып жатқан жұмыстардың мән-жайымен, алдағы жоспарлармен бөлісті.
Көлбастау ауылында салынып жатқан мәдениет үйінің құрылыс жұмыстары қайта жандана бастағанын айтып, ауыл әкімі Алмас Рахмашовқа оның сапасын назарда ұстауды тапсырды.
Ауылдық округте биыл төрт көше жөнделді. Яғни, Талапты ауылында үш көше, Көлбастау ауылында бір көше жөнделді. Көлбастау ауылында Әбден Рысбек көшесі толық және Байтоқов- Б.Момышұлы мен Байтоқов-Б.Майлин көшелерінің қиылыстары жарықтандырылды.
Талапты ауылында кіші футбол алаңшасы ойын алаңшасымен бірге салынды.
Ендігі кезекте Көлбастау ауылындағы Б.Момышұлы көшесі мен Б.Майлин көшелері жөндеуді қажет етеді. Аудан әкімі ауыл әкіміне бұл көшелерді жөндеуге тиісті құжаттарды әзірлеуді тапсырды.
Бұл ауылдық округте де кездесу соңынан азаматтарды жеке сұрақтарымен қабылдады.
***
Көкбастау ауылдық округіндегі тұрғындармен кездесу Бақалы ауылындағы шағын футбол алаңшасында өтті. Бақалы ауылының тұрғындары аудан әкімі Жалғас Әлижанұлына берген уәдесін орындағаны үшін ризашылықтарын білдірді. Қариялар ауыл жастары, тіпті үлкендер де күнде шағын футбол алаңшасына келіп футбол ойнап, бос уақыттарын тиімді пайдаланып, әрі спортпен шұғылданып жүргенін қуанышпен жеткізді.
Футбол алаңшасының жанынан балаларға ойын алаңшасы мен Street Workout та салынған. Бұл да ауылдықтар үшін үлкен қуаныш болды.
Аудан әкімінің айтуынша, Бақалы ауылында ауызсу жүйесі жүргізіледі. Ескірген көшелерді жөндеуге құжат дайындауды ауылдық округ әкіміне тапсырды. Ауылдықтар демеушілікпен ауылға кіреберіске ауыл атауы жазылған стелла жасауды жоспарлауда.
Аудан әкімі ауылда ел арасында бірлік пен ұйымшылдық болса, істе де береке болатынын, жоспарланған жұмыстар кезең-кезеңмен жүзеге аса беретінін жеткізді.

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close