Basty bet

Жас аяқдоп шеберлері сынға түсті

Бауыржан Момышұлы ауылындағы Орталық стадионда футзалдан Қазақстан Республикасы Чемпионатының күміс жүлдегері, 2022 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан Чемпионатының үздік жас ойыншысы, «Golden Boy» сыйлығының иегері атанған, «Аят» футзал клубының ойыншысы Әбдірәсіл Әбдіманапұлының жүлдесі үшін жасөспірімдер арасында аудандық жарыс өтті.

Алғаш рет ұйымдастырылып отырған жарысқа Бауыржан Момышұлы ауылы мен ауылдық округтерден келген 60-қа жуық жас аяқ доп шеберлері қатысты.
Жарысқа аудандық «Бұқаралық спорттық іс-шаралар өткізу орталығының» директоры Жандос Баетов, футзалдан Қазақстан Республикасы Чемпионатының күміс жүлдегері, «Golden Boy» сыйлығының иегері Әбдірәсіл Әбдіманапұлы, «Жамбыл облысы әуесқойлар футбол лигасы» қоғамдық бірлестігінің менеджері, «Омега» футбол клубының басшысы Санжар Сейсенғалиев, Әбдірәсіл Әбдіманапұлының әкесі Әбдіманап Балқыбеков арнайы қатысып, спортшыларға сәттілік тіледі.
Сонымен қатар, Әбдірәсіл Әбдіманапұлы өзінің түлеп ұшқан №15 Балалар-жасөспірімдер спорт мектебіне және жарысқа келген командаларға арнайы футбол доптарын сыйға тартты. Сондай-ақ, ауданның намысын қорғап жүрген аяқ допшыға «Бұқаралық спорттық іс-шаралар өткізу орталығының» атынан арнайы сый-сияпаттар табысталды.
Тартысты әрі қызықты өткен сайыста әрбір команданың тыңғылықты дайындалып келгені көрініп-ақ тұрды.
Жарыстың қорытындысы бойынша I орынды №15 Балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің құрама командасы жеңіп алса, II орын «Акация» футбол клубына бұйырды. Ал, жүлделі III орынды №29 орта мектебінің командасы алды.
Одан бөлек, жарыста «Үздік шабуылшы» номинациясымен №15 Балалар-жасөспірімдер спорт мектебі командасының ойыншысы Нұрқанат Қозыбай марапатталса, №29 орта мектебі командасының ойыншысы Зұлмат Бегімжан «Үздік қорғаушы» деп танылды.
Ал, «Үздік қақпашы», «Үздік ойыншы» номинацияларымен «Акация» футбол клубының ойыншылары Болатбек Ислам, Тұрғын Мирас атанды.
Жеңімпаздардың барлығы кубоктар, медальдар, дипломдар және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Айта кету керек, болашақта аталған жарыс дәстүрлі түрде өткізіліп тұратын болды.

Мақпал САМАТҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close