Basty bet

«Электронды үкімет» порталының қолжетімділігі арта түсуде

Әр дәуірдің өз талап-тілегі бар. Жаһандану дәуірі есік қаққалы жұрт жаңа технологияның тілін меңгеруге көшкен. Заманның көшінен қалмау – уақыт талабы. Қазіргі жас буын бейбіт күнде дүниеге келіп, жайлы өмір сүруде. Себебі, Тәуелсіз елде туып, еліміздің жыл санап саяси, экономикалық және әлеуметтік тұрғыда нығайып келе жатқанына куә бола жүріп, оған өз үлесін қосу мүмкіндігіне ие . Осының бәрі – Қазақ-станның әлемдік аренада мойындалғанының айқын белгісі.
Қазіргі таңда қолға алынып отырған «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының тиімділігін ерекше атап өткен жөн. Себебі, технологиялық тұрғыда дамуға қол жеткізу барлық салаға серпін беруде.
Сонымен қатар, IT бағдарламалар шығындарды азайтып, уақытты үнемдеуге көмек-теседі, адамдар өзара ақпарат, тауар және қызмет түрлерін алмаса алатын болады. «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы қабылданғалы бері цифрландыру жұмыстары күшейе түсті.
Аталған мемлекеттік бағдарламаның тиімділігі және электронды үкімет порталындағы мемлекеттік қызметтер ауыл тұрғындарына қаншалықты қолжетімді? Қанша қызмет түрін тұрғындар үйде отырып-ақ пайдалана алады? Осы және өзге де сауалдар жөнінде «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы КЕАҚ-ның Жамбыл облыстық филиалының Жуалы аудандық халыққа қызмет көрсету орталығының басшысы Ермек Абдиваитов айтып берді.
-Бүгінгі күні «Электрондық Үкімет» порталында әртүрлі қызмет пен сервис қолжетімді. Порталдағы барлық қызметтерді қолдану үшін азаматтарда ең алдымен электронды сандық қолтаңбасы (ЭСҚ) болуы керек. Қазіргі таңда 1 327 мемлекеттік қызметтің 1 249-і «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы көрсетіледі.
«Электронды үкімет порталы» арқылы мемлекеттік қызметтерге оңай қол жеткізуге болады. Бүгінгі таңда www.egov.kz порталында – 1 198 қызмет түрі бар. Қуантатын жайт, мемлекеттік қызмет түрлерінің 90%-нан астамын электронды негізде алуға болатыны. Сонымен қатар, аталған бөлім орталығында «Құжаттарды қабылдау секторы», «Өзіне-өзі қызмет көрсету секторы», «Жинақтау секторы», сонымен қатар «Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған терезе» және «Е-Нәтиже терезесі» аудан тұрғындары үшін қызмет етіп келеді. Мекемедегі 16 маман халық үшін аянбай тер төгіп, жұмыстарын тиянақты атқарып келеді.
Иә, расында заманның талабына сай цифрландыру дамыған сайын адамдар қағазбастылықтан арылып келеді. Қызметтердің электронды нұсқаға айналуы, онлайн қызметінің тәулік бойы жұмыс істеп тұруы арқылы қазіргі күнде қолжетімді болды. Сондай-ақ, сервистер мен қызметтердің бір жерде, бір тетіктен басқарылуы www.egov.kz порталында жүзеге асырылған.
Электронды үкімет – жылдам әрі үйренуге өте жеңіл, басқаруға қолайлы портал. Бұл портал мемелекеттік қызметтер түрін бір орында отырып алуға мүмкіндік береді. Тоқтала кететін болсақ, өте жиі кездесетін қызметтің түрі – зейнетақы аударымдары туралы анықтама. Бұл анықтаманы алу арқылы азаматтар ай сайынғы салым сомасын қадағалай алады. Келесі – жылжымайтын мүліктің болуы немесе болмауы туралы анықтама. Бұл – белгілі бір тұлғаның тұрғын үй, жерін, дәлелдейтін, қашан тіркелгенін анықтайтын анықтама болып табылады. Аталған анықтамаларды тұрғындар ХҚКО келіп, ұзын-сонар кезекте тұрмай-ақ үйде отырып ала береді.
Сонымен қатар, 1414 call орталығы азаматтарға сапалы қызмет көрсету орталығы да іске қосылған. Клиенттер тарапынан туындайтын сұрақтарға маманның аудио, не болмаса бейне байланыс арқылы жауап беру алгоритмі енгізіліп отыр.
Қосымша айта кететін болсақ, ауданда 39 өзіне өзі қызмет көрсету бұрыштары жұмыс істейді. Сонымен қатар, электронды үкімет порталында қызмет алуды қолжетімді ету мақсатында соңғы төрт-бес жылдың көлемінде ауылдық кітапханалардан ақпараттық орталықтар жабдықталып, ашыла бастады. Онда ауыл тұрғындарының қызмет алуына арнайы курстан өткен жауапты мамандар көмек көрсетуде. Дегенмен аудан орталығындағы халыққа қызмет көрсету орталығы мамандарының көмегіне жүгінушілердің қатары азаяр емес. Дегенмен шалғай ауылдық округтен болмашы бір анықтама үшін цифрландырылған ақпараттық орталыққа жүгінбестен, аудан орталығындағы ХҚКО-ға сағаттап кезекке тұратындар да кездеседі. Қызмет алушылар ең бірінші кезекте осы мәселелерге баса назар аударғаны жөн. Оңтайландырылған қызметтердің түрін аудан орталығына сабылмай-ақ өздері тұратын ауылдық кітапханалардан алуға болатынын тұрғындардың есіне саламыз.
Сонымен қатар, Қазақстанда онлайн сауда нарығы дамып келеді. Қазіргі таңда тұрғындардың басым бөлігі цифрлық тұрғыдан сауатты. Қолындағы ұялы телефонның көмегімен түрлі қосымшалар арқылы мемлекеттік қызмет түрлерін алуға болады. Нақты айтар болсақ, «Телеграмм бот», «Цон», «eGov mobile» қосымшалары халықтың игілігіне қызмет етеді. Бұрындары кезекте тұрып, уақытын сарп етіп, арнайы мекемеге бару керек болса, қазір Қазақстан халқы төлемді де, оның ішінде салық, айыппұл төлеу, коммуналдық қызметтерді төлеу секілді тағы да басқа түрлі операцияны үйде отырып-ақ орындай алады.
-«Kaspi» және «Homebank» мобильді қосымшаларын пайдалану тұрғындарға қарапайым және түсінікті. Ал оларды пайдалану көрсетілетін қызметті алушы мен қызметкердің тікелей байланысын болдырмайды. Сондықтан көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді смартфондарға шығару тұрғындардың уақытын үнемдеуге септігін тигізеді. Ең көп сұранысқа ие мемлекеттік қызметтер қазір онлайн режимде қолжетімді. «Kaspi» мобильдік қосымшасында бірнеше мемлекеттік қызмет түрін алуға болады. Енді азаматтар халыққа қызмет көрсету орталығына кезекте тұрып, уақыт жоғалтпайды,- дейді бөлім басшысы Е.Абдиваитов.
Тіркелу кезінде фото сәйкестендіруден өту керек. Бұл сізден басқа ешкім сіздің атыңыздан аталмыш қызметті пайдалана алмайтындығына кепілдік береді. Сонымен қатар, азаматтардың жеке дерегі үшінші тұлғаға жарияланбайды.
«Электрондық үкімет» порталы туралы сөз қозғағанда, кейінгі жылдары аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты ауылдық кітапханалардан ашылып, тұрақты жұмыс істеп келе жатқан цифрландырылған ақпараттық орталықтардың тиімді қызметі туралы да айтпай кетуге болмайды. Қазіргі таңда ауданға қарасты барлығы 21 ауылдық кітапханада жоғарыда аталған орталықтар азаматтарға қызмет көрсету үстінде.
Орталықтың атқаратын негізгі қызметіне тоқталатын болсақ, цифрландырылған ақпараттық орталықтар ауыл тұрғындарына е.gov.kz порталы арқылы қызмет түрлерін көрсетеді. Атап айтқанда, мұнда электрондық қызметтің 20 түрінен анықтама беріледі. Ауылдық кітапханаларда e-gov kz қызметі бойынша жалпы 35 104 анықтама берілген. Оның ішінде, зейнетақы қоры анықтамасы, жылжымайтын мүлікке қатысты, азаматтың сотталған немесе сотталмағаны туралы, несие тарихы туралы анықтама, ЭЦҚ алуға өтініш беру, дәрігерге тіркелу, жұмыссыздық туралы, баланы балабақшаға кезекке қою, салық берешегі туралы, тұрғылықты жерге тіркеу, тест тапсыруға өтініш, мүгедектігі туралы, неке туралы, мекенжайлық анықтама және атаулы әлеуеттік көмекке, т.б. анықтамалар берілген. Одан бөлек, азаматтарға ақпараттық орталықтар арқылы өзіне-өзі қызмет көрсету қызметін де пайдалануға мүмкіндігі бар.
Тұрғындар үшін электрондық қызмет көрсетудің тиімділігі сол, олар бір анықтама алу үшін аудан орталығына келмей-ақ, өз ауылында орналасқан цифрландырылған ақпараттық орталыққа өтініш беріп, керекті қызметін алуға мүмкіндік жасалған. Бұл турасында аудандық орталық кітапхананың ғимаратында орналасқан цифрландырылған ақпараттық орталықтағының әдіскері Гүлдана Шапенова тұрғындарға цифрлық қызмет көрсету ауқымының жылдан-жылға кеңейіп келе жатқанын және оның азаматтарға өте тиімді екенін айтады.
Қорыта келгенде, цифрландырудың науқандық шара, кезекті бағдарлама емес, келешектің кепілі ретінде түсінетін кез әлдеқашан жетті. Бағдарлама аясында мыңдаған қыз-жігіттеріміз уақыт талабына байланысты цифрлы болашақта лайықты орынға ие болатындарына сенгіміз келеді.

Анар ТІЛЕНШИЕВА,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close