Basty bet
Адал кәсіпті алға бастырған азаматша
Көлбастау ауылындағы Ғалия Мырзақұлованы ауылдықтардың бәрі біледі десек, артық айтқандық болмас. Өйткені ауыл орталығынан «Маржан» сауда орталығын ашып, азық-түлікті халыққа тиімді бағада ұсынып отырған іскер әйелді көпшіліктің білмеуі мүмкін емес. Бүгінде кәсіпкер әйелдердің үлес салмағы артып келеді десек, осы салаға алғаш келгендердің қатарында Ғалия Қырықбайқызы да бар.
Егемендік алған алғашқы жылдардағы елдегі әлеуметтік ахуалдың қандай болғаны аға буынға белгілі. Енді ғана еңсе тіктеген кезеңде қазіргідей барлығы бола қойған жоқ. Сол кезеңдерде сауда-саттықпен айналысқан әйелдер елдің жоқ-жітігін түгендегені анық.
Ғалия Қырықбайқызы Сарыкемер ауылының тумасы. Сонда 40 жылдық мектепті бітірген соң, Тараз қаласындағы (бұрыңғы Жамбыл қаласындағы) техникумға түсіп, бухгалтер-экономист мамандығын бітіреді. Ең алғаш еңбек жолын 1995 жылы Сарыкемер ауылындағы Жамбыл ОРС дүкенінде бастайды. Онда Ғалия Қырықбайқызы бухалтер-кассир боп жұмыс жасайды. Сол кездері жұмыстан жаппай қысқартудың жүріп жатқан кезі. Ғалия сол мекемеде дүкенші болып қалады. Содан біраз жыл сол азық-түлік дүкенде жұмыс жасаған.
Ғалия Қырықбайқызы бала кезден бастап дүкенші болуды армандаған.
2002 жылы Көлтоған ауылының тумасы Бекмұрат Мырзақұловқа тұрмысқа шығады. Өзі дүкеннің қыр-сырын білгендіктен, қорықпай жолдасымен дүкен ашу туралы жоспарымен беліседі. Жолдасы оның бастамасын қолдап, 2004 жылы «Маржан» атты азық-түлік дүкенін ашады. Ғалияға өмірлік серігі Бекмұрат Рақымбайұлы үнемі қолдау білдіріп келген.
Жолдасы көп жылдар ішкі істер саласында жұмыс жасаған. Өзінің еңбекқорлығы мен күш-жігерінің арқасында отбасылық бизнесті жандандырып, дамытып отыр. Ауылға үлгілі отбасы екі бала тәрбиелеуде. Отағасы да өте еңбекқор кіс болған. Өкініштісі 2015 жылы отағасы мезгілсіз өмірден өтті.
Алғашында шағын дүкенде азық-түлік саттық. Тиыннан тиын құрап, сауда айналымға түсіп, тұтынушы көбейді. Әрине саудамен айналысу кез келгеннің қолынан келе беретін дүние емес. Әр нәрсенің өз бағасын біліп, оның есебін шығаруда іскерлік қажет. Міне осындай қабілеттің арқасында кәсіпкер әйел өз кәсібін кеңейткен. Азық-түлікті көтерме бағамен сатуды жолға қойған. Тиімді баға болған соң көпшілік осы дүкенге келетін болды. Тиісінше тұтынушылар сұранысы да көбейе түскен.
– Алғашында шағын дүкен еді. Азық-түлікті көптеп әкелетін болдық. Тұтынушы саны артқан сайын ол дүкен де тарлық ете бастады, – деген кәсіпкер дүкенді кеңейтуге кіріседі.
Алғашында дүкенге қажетті азық-түлікті аудан орталығынан тасымалдайтын болса, ал қазір қажетті тауарды фирмалар күнделікті әкелетінін айтады. Сонымен қатар қазіргі кезде түрлі фирмалар жеткізу қызметін ұсынатындықтан тауардың сан алуан түрін таңдауға да мол мүмкіндік бар. Барлық заттың құнына 10-15 процент қосылады екен.
Дүкен сөрелерінде азық-түліктен басқа тұрмысқа қажетті заттардың бәрі табылады. Ұсақ-түйектен бастап, азық-түлік өнімдерінен нан, сүт өнімдерінің де сан алуан түрі бар. Тұтынушысына сапалы әрі қолжетімді бағада қызмет көрсетіп отырған кәсіпкерге берекелі кәсіп болсын демекпіз.
– Сонымен қатар, азық-түлік дүкенінде бір адамды жұмыспен қамтып отырмын. Бейнебақылау камераларын орнаттық. Тұтынушыларға қолайлы жағдай жасап қойдық. Содан да болар, келушілер саны бұрынғыдан да артты. Ауыл тұрғындары ауданға сабылмай-ақ осы дүкеннен барлық керек-жарағын алады. Алдағы уақытта азық-түліктің бағасын тұрақты ұстап тұрамын. Жұмысымыз да қауырт. Мереке күндері сауда тіптен қызады,- дейді іскер әйел.
Азық-түлікпен қатар мерекелік сыйлықтар, ойыншықтар да сатылуда. Мұның бәрі көпшілікке қолайлы. Қажеттілікті іздеп базарға сабылмайды, іздегенін «Маржан» азық-түлік дүкенінен табады.
Дүкенге азық-түлікті жеткізуді қамтамасыз етіп, отбасылық бизнесті дамытуда отағасының еңбегі зор. Ал қазір әкесінің ізін жалғап келе жатқан ұлы Рамазан да осындағы бар шаруаны тындырып отыр. Ал сауда ісінде қызы Жұлдыздың да көп көмегі тиюде.
Кәсіпкер Ғалия Қырықбайқызы саудамен айналысқалы бері қайырымдылық жасауды үрдіске айналдырған. Мереке күндері дүкеннің атынан мұқтаж жандарға қайырымдылық көрсетеді. Осындай сауапты іс жасаған соң жұмыс алға басатыны анық. Дүкен иелері алдағы уақытта сауда орталығын кеңейтіп, аудан орталығына бармай оның жанынан ауыл тұрғындарына қолайлы етіп дәріхана және шаштараз ашуды жоспарлап отыр. Отбасылық бизнесті дамытып отырған іскер әйелдің ісіне береке тілейміз!
Лаура МұсабекоВА,
«Жаңа өмір»