Basty bet
Тарихи мәні зор сапар
Мемлекет басшысы Қазақстанға ресми сапармен келген Руанда Президенті Поль Кагамемен келіссөз жүргізді. Ақорда резиденциясында Руанда республикасының президенті Поль Кагамені салтанатты қарсы алу рәсімі өтті. Мемлекеттер басшылары бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Құрмет қарауылының бастығы рапорт берген соң Қазақстан мен Руанданың әнұраны шырқалды. Салтанатты рәсімнен кейін президенттер келіссөз өткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Поль Кагамеге ілтипат білдіріп, бұл сапардың тарихи мәні зор деп бағалады. Сондай-ақ Қазақстан мен Руанда арасындағы қарым-қатынас жаңа деңгейге шығатынын жеткізді.
– Сіздің бұл сапарыңыз және алдағы келіссөздер екіжақты ықпалдастыққа тың серпін беру тұрғысынан өте маңызды деп ойлаймын. Руанданың экономикасы қарқынды дамып келеді. Меніңше, өзара байланыстарды нығайта беру қажет. Өйткені Қазақстан – ЖІӨ көлемі, ІТ-технологиялар мен жасанды интеллектіні дамыту бойынша өңірдегі көшбасшы ел. Бұл біздің өзара тиімді ынтымақтастығымызды өркендетудің басым бағыттары бола алады. Сондықтан сіздің сапарыңызға ерекше мән беремін,- деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Руанда президенті Мемлекет басшысына қонақжайлық танытқаны үшін алғыс айтып, екіжақты ынтымақтастықты дамытуға ниетті екенін жеткізді.
– Еліңізге шақырғаныңыз үшін ризашылығымды білдіремін. Мен бұған дейін Қазақстанға 2015 жылы келгенмін, бұл менің екінші сапарым. Өзіңізбен және сіздің командаңызбен бірге екі ел игілігі жолындағы бірлескен жұмысымызды жалғастырудың мүмкіндігін қарастырамыз, – деді Поль Кагаме.
Тараптар Қазақстан мен Руанданың саяси, сауда-экономикалық, көлік-логистика, ауыл шаруашылығы және цифрландыру салаларындағы қарым-қатынастарын дамыту перспективасын талқылады. Сондай-ақ президенттер аймақтық және халықаралық мәселелер туралы пікір алмасты.
Мемлекет басшысы Руанда президенті Поль Кагаменің Қазақстанға 2015 жылы жасаған сапарынан кейін екі елдің өзара құрметке негізделген, ынтымақтастық пен орнықты дамуды көздейтін қарым-қатынасы айтарлықтай табысқа жеткенін атап өтті. Президент Қазақстанның Африка мемлекеттерімен байланысты кеңейтуге ерекше мән беретініне назар аударды.
– Сіздің көреген көшбасшылығыңызбен Руанда даму даңғылына түсіп, институционалды орнықтылық пен болашаққа бағдарланған жаңашылдықтың үлгісін көрсетті. Еліңіздің экономикалық өсімі 8 пайыздан асты. Бұл – жаңғыртудың жарқын көрінісі. Осы орайда сіздің еліңізбен ынтымақтастықты дамытуға айрықша мән береміз. Қазақстан екіжақты тиімді байланыстарды нақты жобалар арқылы ілгерілетуге дайын. Сіздің сапарыңыз барысында қол жеткізілген уағдаластықтар Қазақстан мен Руанда арасындағы қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтеретініне сенімдімін,- деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ал Поль Кагаме көрсетілген сый-құрмет үшін ризашылығын білдіріп, Қазақстанның екіжақты ықпалдастықты дамытудағы күш-жігеріне жоғары баға берді. Сондай-ақ Руанда мен Қазақстан арасындағы серіктестіктің әлеуетіне тоқталып, екі елдің өркендеуіне және стратегиялық диалогтің нығаюына ықпал ететін бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайын екенін жеткізді.
Келіссөз барысында мемлекет басшылары екіжақты ықпалдастықтың басым бағыттарын, соның ішінде сауда, инвестиция, көлік, ауыл шаруашылығы, ақпараттық технология, электрондық үкімет және қаржы саласындағы байланысты дамытуға уағдаласты.