Basty bet

Өмір жолы үлгі-өнегемен

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында: «Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек. Бұл біз ұсынып отырған «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келеді» делінсе, Президент былтыр Атырау облысында өткен Ұлттық құрылтайдың кезекті отырысында да адалдық пен еңбекқорлық салты – қоғамның негізгі тірегі және өмірлік мұратқа жеткізетін маңызды құндылық екенін ерекше атап өткенін жақсы білеміз.
Президент атап өткендей, қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Ұлттың сапасы артса, елдің мәртебесі көтеріледі. Олай болатыны, адал еңбек – өмірдің басты мұраты.
Елімізде адал еңбекпен қатар, қарапайым өмір салтын ұстану арқылы қоғам мен қасиетті Отанның өсіп-өркендеп, дамуына молынан үлес қосып келе жатқан іргелі әулеттер жеткілікті. Мұндай отбасылардың қатарында қасиетті Жуалы өңіріне белгілі Сметовтар әулеті де бар. Ауданға қарасты Қошқарата ауылдық округінің Қызтоған ауылында өркен жайған іргелі әулеттің мүшелері қазіргі таңда ел өңірлерінде еңбек етіп, мемлекеттің дамуына сүбелі үлес қосып келеді. Мұны бір әулеттің қоғамға қосқан мол үлесі деп айтсақ болады.

Сметовтар әулетінің алтын діңгегі болған аяулы жандар, еңбек ардагерлері – Сегізбай Сметұлы мен Шәрипа Андақұлқызы бүгінде бұл өмірде жоқ. «Орнында бар оңалар» деген. Ұлағатты жандардан тараған қара орман ұрпақ өніп-өсіп, көбейіп келеді. Ендігі кезекте әулет үлкендерінің өнегелі өмір жолына тоқталғанды жөн көріп отырмыз.
Сегізбай Сметұлы 1934 жылы өңірге қарасты Қызтоған ауылында туған. 1941 жылы Ұлы Отан соғысының өрті тұтанған тұста әкесі Смет әскерге алынып, қан майданға аттанып кете барады. Өкінішке орай, әкесі майдан даласынан қайтып елге оралған жоқ… Анасы Жаңабике Байжанқызы үш ұл, бір қызбен жесір қалады. Қабырғасы қатып, буыны бекімеген жас бала Сегізбайға әкенің қазасы оңай тимегені анық. Ол үйдің үлкені болғандықтан, ауылдың ауыр еңбегіне ерте араласады. Анасына қолғабыс етіп, өзінен кейінгі інілері Сабырхан, Мамырбек, жалғыз қарындасы Мейіркүлге қамқор болып, барлығы колхоз жұмыстарын атқаруға атсалысқан.
Жастай жесірліктің зардабын тартқан қайратты жан Жаңабике апай отағасының жоқтығын білдірмей, соғыстан кейінгі жылдары ел өміріндегі ауыр кезеңдерді қажырлы еңбекпен еңсеріп, отбасындағы үйелмелі-сүйелмелі төрт перзентті жалғыз өзі асырап, азамат қатарына қосады.
Осындайда: «Қайран біздің шешелер!
Арды ойлаған,
Шілік шауып, ши орып, бау байлаған.
Жігіттерден айырылып, қалмай қараң,
Қырман басып, егін сап, арба айдаған» деген жыр жолдары еріксіз ойға оралады…
Мұзбалақ ақын Мұқағали Мақатаев елдің басына күн туған сонау бір қиын-қыстау жылдарды жырына арқау етіп қосқанда, ең бірінші қазақ әйелдерінің жанкештілігін, ер азаматқа бергісіз қажыр-қайраты мен темірдей төзімділігін кейінгі жас ұрпаққа үлгі-өнеге еткісі келгені анық.
Біз әңгіме етіп отырған Сметовтар әулетінің отағасы Сегізбай Сметұлы 1954-57 жылдары аралығында ауылдасы Дәртай Дербісәлиев екеуі Отан алдындағы азаматтық борышын бірге атқарған. Ел өміріндегі қиын-қыстау кезеңде өмірге келген замандас, ниеттес екі азаматтың әскердегі достығы кейінгі бейбіт өмірде де жарасым тапты деуге әбден болады.
Сегізбай Сметов 1958 жылы Шәрипа Андақұлқызы екеуі отбасын құрады. Ата жолымен шаңырақ көтерген ерлі-зайыпты жанұяда 5 ұл, 2 қыз тәрбиелеп, оларды еңбекке баулып өсірді. Иә, ол тұста ауыл азаматтарының өмірі колхозбен тығыз байланысты өрбігені анық. Сметовтар әулетінің мүшелері Қошқарата ауылындағы бұрынғы ХХІІ партсъезд колхозында бірі малшы, бірі жүргізуші болып ұзақ жыл еңбек етіп, қасиетті өңірдің дамуына өлшеусіз үлес қосты деп сеніммен айта аламыз.
Бұл әулеттің үлкен ұлы Мұхтар Сегізбайұлы әкенің жолын қуып, колхозда жемісті еңбек етті. Қызы Алмаш өңірдің ағарту, білім беру саласында 40 жылға жуық тер төгіп, саналы шәкірт тәрбиелеген жан. Одан кейінгілері Абзалбек мәдени-ағарту саласын таңдап, бұрын Қошқарата ауылдық клубының меңгерушісі болып жұмыс істесе, Қанатбек қазір ішкі істер органдарында қызмет етеді. Егіз перзенттері Берік пен Серік өңірдің мәдениет пен өнер саласында еңбек ету үстінде. Ал кенже қыз Айман «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты «Тараз» гарнизоны офицерлер үйінің бастығы лауазымын атқарып, майор шенімен демалысқа шыққан.
– Анамыз Шәрипа Андақұлқызы жастайынан өнерге жақын кісі болатын. Әкемізге тұрмысқа шықпай тұрған бойжеткен кезінде аудандық, облыстық ән байқауларынан Бас жүлдені иеленіп, 1957 жылы Румынияның Бухарест қаласындағы дүниежүзілік студенттер мен жастар фестиваліне жолдама алып, алыс сапарға аттанайын деп тұрған кезінде ата-анасы әкемізбен сырттай келісіп, ұзатып жібереді. Сөйтіп, анамыздың асыл арманы орындалмай қалады. Анамыз туралы белгілі журналист, жерлес жазушы Алпысбай Шымырбайұлы бұрынғы «Лениншіл жас» газетінде «Қызтоғанның Күләші» атты көлемді мақала жариялап, есімін елге таныстырғаны бар. Анамыз өнерге құштар жан еді. Баянмен қазақтың халық және халық композиторларының әндерін нақышына келтіріп орындап, тыңдаған жанның құлақ құрышын қандыратын. Ауыл-аймақтың той-жиындары анамыздың қатысуынсыз өтпеуші еді…
Анамыздың бастамасымен «Балдәурен» атты отбасылық ансамбль құрылып, өнер ұжымы аудандық және облыстық байқаулардан жүлделі орындарды иеленгені де жұртшылық жадында. Анам жарықтық: «Шіркін, балаларым мен немерелерім немесе шөберелерімнің бірі менің жете алмаған арманыма жетсе екен» деп тілек тілеп отыратын. Ана арманы ішінара болса да орындалды деп ойлаймын. Өнер қонған шаңырақтан тәлім-тәрбие алған кенже қызы Айман Сметова Мәскеу қаласындағы ТМД елдерінің әскерилері байқауының ән салу номинациясымен Бас жүлдені иеленсе, немересі Нұрхат Сегізбай Еуропа елдері – Германия, Польша, Венгрия, сонымен қатар, Түркия мемлекеттері мен Ресейдің Сочи қаласындағы байқауларда топ жарып, жүлдеге ілікті. Қазіргі таңда «МузАрт Life» тобының белді мүшесі. Немере қызы Жазира Сметова К.Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның әншісі. Әке мен Ананың салған сара жолын ұрпақтары лайықты жалғастырып келеді деп сеніммен айта аламын,- дейді қызы Алмаш Сегізбайқызы өз сөзінде.
Ұлағатты жандар, еңбек ардагерлері Сегізбай Сметұлы мен Шәрипа Андақұлқызынан барлығы 5 ұл, 2 қыз, 35 немере, 61 шөбере және 6 шөпшек тараған. Қасиетті өңірге белгілі бұл әулеттің отағасы 2005 жылы 71 жасында өмірден өтсе, отанасы 2014 жылы 73 жасында дүние салды. Отбасының келіндері де өнерден алыс емес. Қос келіні – Гүлзахан мен Баян екеуі аудан орталығындағы №29 М.Жұмабаев атындағы орта мектепте, №1 Ш.Мұртаза атындағы мектеп-гимназияда музыка пәнінен сабақ берсе, ал ортаншы келіні Еңлік Кенбаева заң қызметкері, ал немере келіні Жайна Тұратбекова Алматы қаласындағы өнер академиясында оқытушы қызметін атқаруда.
Адал еңбек – өмірдің мұраты. Адами қасиетті биік ұстап, іргелі әулеттің іргесін берік қалаған еңбек ардагерлері, қадірлі қариялар – Сегізбай Сметұлы мен Шәрипа Андақұлқызының ұлағаты мен өнегелі өмір жолы қоғамға жарқын үлгі болып қала береді…

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close