Basty bet

Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды…

«Жеңіс! Жеңіс күні! Жеңіс күні жасасын!» деп, ұрандатқан халықтың қуаныштан көз жасы төгілген сол бір күндер күні кеше болғандай әлі көз алдымда… Сұм соғыс қаншама адамның өмірін жалмады. Жетім қалған балалардың саны артты. Елде қалған жесір аналар еңсе тіктеп, сонау ел басына күн туған сұрапыл соғыс кезінде ерлермен теңдей колхоз-совхозда талмай еңбек етті. Таң атқаннан күн батқанға дейін емізулі баласын беліне байлап, бүгіліп жүріп еңбек еткен ақ жаулықты аналар мен еңкейген қариялар, белі қатпаған бозбала мен бойжеткендерге дейін жаздың ыстығына, қыстың суығына қарамай аянбай тер төгуі – халықтың батырлығы, жанкештілікпен жеңіске жету жолындағы ерен еңбек.
Биыл 9-шы мамыр күні бұрынғы Кеңес Одағының құрамында болған, қазіргі таңда өз Тәуелсіздігін алған мемлекеттер Ұлы Жеңістің 80 жылдығын атап өткелі отыр. Бұл мерейлі дата – қазақ халқы үшін айрықша мән-мағынасы бар, бейбітшілік пен бірліктің жасампаздығын дәлелдейтін, Отанын қорғаған жауынгерлер мен офицерлердің айбынын, Жеңісті жақындатқан тыл еңбеккерлерінің ісі мәңгі өшпейтіндігін дәлелдейтін тарих болып қалмақ.
Тым ұзаққа созылған сұрапыл соғыстың соңы жеңіспен аяқталды. «Әрлі-берлі тартысып, ісі арамы жеңілді» деп, Ұлы Абай айтқандай, неміс басқыншылары жеңіліс тапты. Ұлы Отан жеңісі – бәрімізге ортақ жеңіс! Ертеңге елеңдетіп, келешектің кемесіне сенім арттырған жеңіс! Ұлы ұрыс, қанды майдан даласында қаншама боздақтардың өмірін қиған, талай шаңырақты ортасына түсірген бұл күн оңайлықпен келген жоқ.
Соғыс басталғанда мен небәрі бес жаста едім. Әкем де ел қатарлы 1942 жылы майданға аттанды. Қабырғам қатпаған ойын баласы мен үйдің үлкені ретінде еңбекке ерте араластым. Жаспыз деген жоқпыз, баламыз, басқамыз деген жоқпыз, еркелік те, балалық та бәрі қалды жайына. Біз үлкендермен бірдей жұмыс істедік. Ерте есеюге тура келді. Арба жегіп, ауданға шөп пен бидай тасып, дән бастырып, өгіз айдап, дән сеуіп, кешқұрым сілем қата үйге жететін менің ас ішуге әлім келмей ұйықтап қалатын сәттерім көп болатын. Міне, осылай «Барлығы майдан үшін!» деген ұранмен еңбек майданында аянбай тер төгіп, жеңіс күнін біртабан жақындаттық деуге әбден болады.
Өзім туып-өскен Қызыл Күншығыс (қазіргі Түктібай) ауылынан майданға аттанған 17 ер азамат елге аман-есен оралып, туған жерге табан тіреп, еңбек етті. Осы бір кішкентай ауылдан соғысқа аттанып, еліне қайта орала алмай, жат жерде қалып қойған боздақтар саны 40-тан асып жығылады. Олардың жанқиярлық ерлігі келер ұрпақтың жадында мәңгі сақталатыны анық. Ел басына күн туып, ат ауыздықпен су ішіп, ер етігімен су кешкен күндер артта қалсын. Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды… Өткенді ұмыту – өшкендіктің белгісі, ал оны еске алу – өскендіктің белгісі. Жеңіс туы – бейбіт күннің аспанында мәңгілік желбірей берсін!
Әбзелбек Тәтеков,
еңбек және тыл ардагері.
Жуалы ауданының
Құрметті азаматы.
Түктібай ауылы

Таңдаулы материалдар

Close