Basty bet
Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы
Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы – кенелердің шағып алуы кезінде жұғатын аса қауіпті табиғи-ошақты инфекциялық аурулар. Індет адамдарға кене шаққан кезде ғана емес, қырқым кезінде, малдарды кенелерден тазарту кезінде езіп алса да жұғады. Көбінесе 20 жастан асқан адамдар ауырады, жылдың көктем-жаз мезгілдерінде ауру өршиді. КҚГҚ инкубациялық мезгілі 1 тәуліктен 14 тәулікке дейін, көбінесе 2-6 күндігі жиірек кездеседі. Ауырғандардан 30 пайызға жуығы өліммен аяқталады. КҚГҚ қарсы егілу вакцинасы жоқ.
Кенелердің белсенді кездерінде, орманда, өзендердің ойығында және мал шаруашылығында жұмыс істейтіндер(шопандар,малшылар,сақманшылар, мал дәрігерлер), үй жануарларын күткенде адамдар аса сақтық көрсетулері керек. Қолға тығыз қолғап, балағы шұлыққа немесе етікке салынған шалбарлар, комбинизондар киіп жүру қажет.
Күні бойы әрбір 1-1,5 сағат сайын міндетті түрде өз-өзін және өзара бір-бірін қарауы керек. Жабысып тұрған кенені байқаған бойда алу керек. Ол үшін алдын ала жабысып тұрған кенеге кез келген майды тамызып, сонан соң, жақсылап қысқашпен қысып немесе мықты жіппен үнемі тербелте отыра алады. Егер осындайда теріде кененің тұмсығы (инесі) қалып қойса, оны тікен алғандай алады және шаққан жерге йод ертіндісімен күйдіріп, қолды мұқият сабындап жуу керек. Алынған кенені өртеу керек, жерге лақтырып тастауға болмайды.
Кене шаққан адамдар міндетті түрде 2 апта бойы емдеу мекемесінде диспансерлік бақылауда болуы керек.