Basty bet
Жұдырықтай жұмылу елді жігерлендіреді
Астанада өткен «AMANAT» партиясының кезектен тыс XXIV съезіне облыстан сайланған делегат ретінде қатыстым. Съезге 1200-ден астам делегат қатысты. Олардың қатарында Саяси кеңестің мүшелері, Парламент депутаттары, өңірлерден келген делегаттар, сондай-ақ сарапшылар, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері және т. б. болды.
Күн тәртібіне сәйкес, бірінші кезекте алдағы Президент сайлауына партиядан кандидат ұсыну мәселесі қаралды.
«AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов AMANAT партиясының атынан Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын ұсынды.
“Қазіргі әлемдегі күрделі жағдайда, алмағайып уақытта бізге ең әуелі мемлекеттік жауапкершілікті терең сезінетін тегеурінді Тұлға керек. Ауқымды өзгерістер өзінің заңды жалғасын табуы тиіс. Ал мемлекет алдында тұрған ұлы мақсат-мұраттарға қол жеткізу үшін бізге лайықты көшбасшы керек. Сондықтан, Президенттікке үміткер ретінде Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевты ұсынамын!», – деді Ерлан Қошанов.
Іс-шарада сөз сөйлеген жерлесіміз, Қазақстанның Тұңғыш Еңбек Ері, ұстаз Аягүл Миразова Президент реформаларының бағытын қолдай отырып, қоғамда бейбітшілік пен келісімді сақтау қажеттігін атап өтті. Өзге де сөз сөйлеушілер Қ.Тоқаевтың кандидатурасын қолдайтындықтарын жеткізді.
Сонымен бірге Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдау жөніндегі Халықтық Коалицияның форумы өтті. Саяси және қоғамдық ұйымдар Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдау жөніндегі Халықтық Коалицияға бірікті. Яғни, форумға «AMANAT», «Ақ жол», Қазақстанның Халық партиясы сынды саяси партиялардың және 30-дан астам республикалық қоғамдық ұйымның екі мыңнан астам өкілі қатысты.
Форумда сөйлеген «AMANAT» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов: “Түрлі саяси және қоғамдық күштердің дәл мұндай ауызбіршілігі біздің қоғамды топтастырудың мүлдем жаңа деңгейін көрсетеді. Осыған сүйене отырып, саяси партиялармен, қоғамдық бірлестіктермен кеңесе келе, біз Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдау жөніндегі Халықтық Коалиция құру туралы шешім қабылдадық», – деп атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев іс-шараға қатысушыларға қолдау көрсетіп, сенім артқаны үшін ризашылығын білдірді.
Форумның соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Халықтық Коалицияның ұсынысын қабылдап, ҚР Президенті лауазымына кандидат ретінде ұсынуға келісімін берді.
Осындай тарихи, жауапты кезеңде ортақ мүдде мен мақсат үшін бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, әрекет ету бәрінен де маңызды деп білемін.
Марат Нарымбеков,
“AMANAT” партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы