Basty bet
Фариза республикалық байқауда өнер көрсетеді
Бала – еліміздің болашағы, қуанышымыз, үкілеген үмітіміз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жыл Балалар жылы деп белгілеуі де тегін емес.
Өткен жексенбі күні Тараз қаласындағы Ықылас Дүкенұлы атындағы мәдениет үйінде ҚР Білім және ғылым министрлігінің ұсынған байқаулар тізіміндегі республикалық «АРТ Бәйтерек» байқауының облыстық кезеңі өтті. Өнерлі балалардың жұлдызын жағып, еліне, жеріне деген махаббатын сахна төрінде өнері арқылы насихаттап, өз қатарластарына үлгі бола отырып, тұлғалық дамуына үлес қосу мақсатындағы байқау 13 жанрда өтті. Оның ішінде аспапта ойнау, аспата ойнаушылар ансамблі жанры бойынша облысымыздан 20 бала қатысты.
Байқау нәтижесінде Жуалы ауданынан қатысқан Т.Дүйсебайұлы ауылындағы №28 Амангелді атындағы орта мектептің 4 сынып оқушысы Фариза Мейірхан «Айжан қыз» күйін домбырамен орындап, Бас жүлдені жеңіп алды.
Фариза Ерланқызы мектебінде үздік оқушы, жан-жақты өнерлі. Домбыра тартады, ән айтады, би билейді, қолөнермен де айналысады.
Фариза Шақпақата ауылындағы №4 Өнер мектебіне домбыра үйірмесінде дайындық тобында өнер үйреніп жүр. Ұстазы – жас маман Нұрдәулет Баймахамбет. Өнерге ерекше ынталы жасты шыңдауда ұстазы Нұрдәулет Жақсылықұлының да үлесі зор. Өнер ұжымы Фаризаның болашағынан үлкен үміт күтеді.
Фариза өнерлі отбасында тәрбиленіп отыр. Яғни, әжесі ардагер ұстаз Құралай Байымбетова домбырадан сабақ берген. Анасынан дарыған болуы керек, Құралай апайдың отбасында балаларының барлығы домбыра тартып, ән айтады. Өнер жолын қуған ұлдары да бар. Мәселен, екінші ұлы термеші Марат Байымбетов, кенжесі әнші Сәкен Байымбетовты жуалылықтар жақсы таниды.
-Фариза атасы мен әжесінің қызы. Облыстық байқаудан бас жүлдені жеңіп алып, Алматыда өтетін республикалық байқауға жолдама алды дегенді естігенде отбасымызбен қуанышымызда шек болған жоқ.
Балаға дұрыс тәрбие беріп, өнер-білімге баулып, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру – ата-ананың басты міндеті. Біз барынша бар уақытымызды балаларымызға арнауға тырысамыз.
Фаризаның ұстаздарына, өнер мектебінің ұжымына алғысымызды білдерімз,- дейді анасы Гүлнұр Бурабаева.
Өнерлі қыз Фаризаға өнерің өрге жүзсін, қанатың талмасын деген тілек білдіреміз!
Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»