Basty bet

Тәрбиенің темірқазығы – тағылымды шаңырақ

Ұрпақ тәрбиесі – отбасы мен мектепке ортақ жауапкершілік. Осы мақсатта мектеп-гимназияда жас буынның бойына адамгершілік қасиеттерді молынан сіңіру, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және ата-ана мен бала арасындағы өзара түсіністікті нығайтуға бағытталған «Үлгілі отбасы – өнегелі ұрпақ» тақырыбында тәрбие сағаты ұйымдастырылды.
Тағылымды кездесуге оқушылардың ата-аналарымен қатар, салық және Мемлекеттік кірістер органының ардагері, «Мемлекеттік кірістер органының үздігі» төсбелгісінің иегері, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, 6 кітаптың авторы Нұрғали Ералиев және Жуалы аудандық «Жаңа өмір-Новая жизнь» қоғамдық-саяси газетінің Бас редакторы, республикалық жас қаламгерлер фестивалінің лауреаты Нұржан Манасұлы қонақ ретінде шақырылды.
Басқосу барысында бала тәрбиесіндегі ата-ананың жауапкершілігі, ұлттық құндылықтарды сақтау, рухани тәрбие және жас ұрпақтың қоғамдағы орны туралы мазмұнды пікірлер айтылды.
Кездесуге қатысқан ата-аналар Жазира Елубай мен Бағила Айжанова бала тәрбиесіндегі ата-ананың рөліне кеңінен тоқталып, өз тәжірибелерімен бөлісті. Олар жасөспірімге дұрыс бағыт-бағдар беруде сенім, өзара түсіністік пен қолдаудың маңызын ерекше атап өтті. Сонымен қатар, үлкенді құрметтеу, кішіге қамқор болу және әрбір іске жауапкершілікпен қарау қажеттігін жеткізді.
Ал, салық саласының ардагері Нұрғали Ералиев жас ұрпақтың рухани дамуы мен кітап оқудың маңызы жөнінде ой бөлісті. Ол алты кітаптың авторы ретінде әдебиет пен шығармашылықтың адам дүниетанымын қалыптастырудағы орнына тоқталып, оқушыларды білімге, ізденіске және кітап оқуға шақырды.
Ал, Нұржан Манасұлы өз сөзінде, қазіргі жастардың қоғамдық өмірдегі белсенділігіне назар аударып, журналистика мен бұқаралық ақпарат құралдарының жас ұрпақ үшін маңызы туралы әңгімеледі. Республикалық жас қаламгерлер фестивалінің лауреаты және Қазақстан Журналистер одағының мүшесі ретінде шығармашылыққа қызығушылық танытқан оқушыларға бағыт-бағдар мен кеңестерін берді.
Кездесу барысында оқушылар қонақтарға сұрақ қойып, тақырыпқа орай өз ойларын ортаға салды. Ашық пікір алмасу форматында өткен тағылымды шара қатысушыларға отбасы құндылықтары, білім, әдебиет және қоғамдық жауапкершілік жөнінде пайдалы ой түюге мүмкіндік бергені анық.
Тәрбиенің негізі – шаңырақта қаланып, мектептің қабырғасында білім мен қоғамдық орта арқылы жалғасады. Сондықтан, ата-ана мен мектептің өзара ынтымақтастығы – саналы, білімді әрі жауапты ұрпақ қалыптастырудың маңызды шарты.
«Үлгілі отбасы – өнегелі ұрпақ» атты тағылымды кездесу ұлттық құндылықтарды дәріптеп, жас буынның рухани дамуына дұрыс бағыт-бағдар берген мазмұнды жиын болды деп сенеміз! Осынау тағылымды іс-шараны ұйымдастырған мектеп-гиназияның мұғалімі Айгүл Мәмбетбаеваға оқушылардың атынан алғыс білдіреміз!
Айбар Әбдібек,
№19 Д.Қонаев атындағы
мектеп-гимназияның
9 «А» сынып оқушысы.
Б.Момышұлы ауылы

Таңдаулы материалдар

Close