Basty bet
Бруцеллез ауруы
Бруцеллез ауруы – адам мен жануараларға ортақ созылмалы түрде өтетін жұқпалы ауру. Бұл аурумен ауыл шаруашылығы жануарларының барлығы ауырады. Адам бруцеллезінде індеттің негізгі көзі – қой-ешкі. Бруцеллез адамдарға әртүрлі жолдармен, көбінесе ауру малдың өнімдерін пайдаланғанда және аэрогендік-алиментарлық жолдармен жұғады.
Мал өнімдері мен шикізаттарда, мысалы, ластанған сүтте 10 күннен аса, ішкі ағзаларда, мүшелерде, сүйекте, бұлшық етпен лимфа бездерінде бір айдан аса, жүнде үш ай сақталады. Қой мен ешкі бруцеллезі адамға көбінесе көктем-жаз айларында мал төлдеу науқанында жұғады.
Жануарларда аурудың негізгі клиникалық белгісі іш тастау болады. Бруцеллалар сыртқы ортаға ауырған малдың несебімен, сүтімен тарайды. Сонымен қатар, малдың терісі, қорадағы мал орны, жем-шөп қалдықтары, құрал-саймандар, жайылым және суаттар ластанады.
Жануарлардың аса қауіпті ауруларының диагностикасы бойынша 2022 жылға арналған ветеринариялық іс-шаралардың жоспарына сәйкес, бүгінгі күнге 80 000 бас мүйізді ірі қарадан, 304 000 бас уақ малдан, 1300 бас жылқыдан, 100 бас шошқадан қан сынамалары алынып, 19 бас мүйізді ірі қара малдың, 21 бас уақ малдың қан сынамаларынан бруцеллез ауруына оң нәтиже анықталып, ветеринариялық-санитариялық талаптарға сай жойылды.
Бруцеллез ауруы аса қауіпті жұқпалы аурулар тізіміне жататындықтан, ауданда ауыл шаруашылығы жануарларын ұстайтын тұрғындар бруцеллезбен күресудің жалпы ережелерін қатаң сақтаулары қажет.
Ерғали Қыдыралиев,
ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Жуалы аудандық аумақтық инспекциясының бас маман ветеринариялық-санитариялық инспекторы