Basty bet

Шаруашылық жұмысын дөңгелеткен келіншек

Балқия Кеңесбекқызы Ақтөбе ауылдық округінің Жаңаталап ауылының тумасы. Ол «Тасшан» шаруа қожалығының иесі. Жалпы 23 гектар жеріне арпа, бидай, көпжылдық жоңышқа шөбі егіледі. Ол 2022 жылы мемлекеттен 2,5% несие алып, бүгінде ауыл халқын саумал, қымызбен қамтамасыз етуде. Пилоттық жоба аясында ірі қара басын көбейткен болатын. 5 бас бие, 5 жылқысы, 50 шақты қойы бар.
Үй шаруасындағы әйелдің тіршілігі бір біткен бе?! Қолы босай сала таңертеңгі бау-бақша жұмысы тағы бар. Бақшасында қызанақ, қияр, қырыққабат, пияз, асқабақ, құлпынай, болгар бұрышы, тау бүлдіргені, таңқурай, жалбыз және өрік, алма, жүзім ағаштары, раушан гүлдері, панда раушан гүлі де аулаға ерекше әсемдік беріп тұр. Саясында демалған жан ерекше күйге бөленіп, демалып, серпіліп қалады. Бау-бақшаға да ерекше күтім, махаббат, сүйіспеншілік қажет. Бақша адам жанына ерекше сұлулық сыйлайды. Шалғай ауылдың өзінде тірліктің көзін тауып, айналасына берекесімен, еңбекқорлығымен танылған әйел еңбегі көпке үлгі боларлықтай.
-Мен аз ұйықтап, көп тірлік етуге тырысамын, себебі үйдің берекесіне айналған әйел адамы қашан да таза, үй тірлігіне мейлінше тиянақты, ұқыпты, тындырымды тірлігімен жағады. Үлкен әулетке келін болып түскелі 30 жыл болды. «Ерте тұрған еркектің ырысы артық, ерте тұрған әйелдің бір ісі артық» деген сөз біздің отбасылық қағидамыз. Кез келген тірлікті дер кезінде, уақтылы орындау қажет. Бүгінгі тірлікті ешқашан ертеңге қалдыруға болмайды. Әйел өзінің әдемілігімен, табиғи сұлулығымен, ақыл-парасатымен, сүйкімділігімен әйел саналады. Ауылдық жерде тұрсақта, әйел адамы өзіне де көңіл бөліп, жақсы ойлап, айналасына шуағын, нұрын шашып тұруы керек,-деп есептеймін.
Отағасы Мұхамеджан Сәрсенбаев ауылдағы ат спортын дамытып жүрген азамат. Ауылдағы және аудандағы көкпар, бәйге ойындарына жылқыларын баптап, оларды дайындаумен айналысады. Жылқының асыл тұқымдысын, жүйрігін, оқ бойы оза шабуын қатаң бақылап отырады. Ұлттық рухани жаңғыру бағдарламалық мақаласының «Ұлы даланың жеті қырында» айтылған жылқы малын ерекше құрметтейтін, алыстан тани алатын қырағы көзді азамат. Ерлі-зайыптылар ұрпақ тәрбиесінде мейлінше көп көңіл бөледі. Себебі, бүгінгі ұл мен қыз ертеңгі еліміздің болашағы деп құрметпен қарауының өзі баланың жетістікке жетуіне, биіктен көрініп, ортаға жауапкершілікпен қарауына жол ашпақ.
Ерлі-зайыпты Мұхамеджан мен Балқия бүгінде Жанерке, Жанель, Алдияр, Арсланбек есімді ұл-қыз тәрбиелеуде. Үйдің ортаншысы Жанель қыздары №2 Балалар өнер мектебінің «Томирис» би тобының бишісі. Олар көптеген байқаулардың жеңімпазы атанып келеді. Мәселен, қазақ биі Париж елінде де көптің ерекше ықыласына бөленіп бас жүлдемен оралған болатын. Алдияр ұлы бокс спортынан болашағынан көп үміт күттіретін азамат. Бірнеше жарыстардың жеңімпазы. Кенжесі ұлттық ойындардағы асық ату, ләңгі тебу, теңге ілу ойындарын әкесінен меңгере отырып, жарыстарға қатысып өзін жоғары деңгейде көрсетуде. Олардың әрбір жеткен жетістіктері біздің жетістік деп есептейді ата-анасы. Ұрпақтарға саналы тәрбие беру басты мақсаттары саналған отбасының шағын мемлекеті осындай.
Қазақта «Әйел қырық шырақты» деп бекер айтылмаса керек. Осындай тірлігімен де, мінезімен де, үлгі-өнегеге толы кісілігімен де көптің алғысына бөленіп жүрген Балқия Амантаева осындай ашық-жарқын, қазақылықты бойынан жоймаған ерекше жан.
Ауылды көркейтуге, дамытуға, кәсіпкерлік саланың қыр-сырын меңгеруде үнемі табандылық танытып, ерінің ризашылығын алып жүрген мықты әйелдердің бірі. Кейіпкерімнің бойынан осындай игі қасиеттер байқалып-ақ тұр. Ауыл әйелдері қашанда тірліктің ауырлығынан қашқан емес. Ерік-жігері, өмірге деген көзқарасы ерекше жандардың ұрпақ тәрбиесіне берері мол болмақ! Елдің болашағын ойлап, сол бағытта тынбай еңбек етіп жүрген жандар қатары көп болсын!

Эльмира СҮЙІНБАЕВА,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close