Basty bet

Ардагерлерге құрмет көрсету – азаматтық парызымыз

Семей полигонының жабылғанына биыл 32 жыл толып отыр. Осыған орай кеше аудан әкімі Жалғас Мұртаза Семей полигонының зардабын жоюға атсалысқан ардагерлермен арнайы кездесті.

Кездесудің мақсаты – өз өмірлерін қатерге тіккен ардагерлердің өмір жолын, батырлығын өскелең ұрпаққа насихаттау және таныту.
-Семей полигоны елімізге аз зардап әкелген жоқ. Адамдарға ажал сепкен сол полигонның жабылғанына биыл 32 жыл толды. Сіздер полигон зардаптарын жоюға қатысып, ерлік көрсеттіңіздер. Полигон ардагерлеріне құрмет көрсету – біздің азаматтық парызымыз. Сіздердің отбасыларыңызға береке, бақыт және амандық тілеймін. Семей ядролық полигонынан зардап шеккен азаматтарға мемлекеттен биыл бір реттік ақшалай өтемақы төленді. Ол да болса сіздерге кішігірім көмек. Дендеріңіз сау болсын, ортамызда аман-есен жүріңіздер. Мұндай қасіреттің қайталанбауына сенім білдіремін,- деді аудан әкімі Жалғас Әлижанұлы.
Семей полигонының зардаптарын жоюға қатысқан ардагерлерді аудандық мәслихаттың төрағасы Зиядхан Бүрлібаев және аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейітхан Жұмашев игі тілектерін білдірді.
«Семей-Чернобыль» қозғалысының төрағасы Шынарбек Өскенұлы сөзді жалғастырып, сондағы естеліктерімен бөлісті. Ядролық полигонның зардабын көптеген азаматтар көрді. Олардың болашақтарына зияны көп болды. Кезінде жастықпен білінбеген болса, уақыт өте келе, бәрібір зардабы көрініс беруде. Өңірдің көптеген азаматтары Семей өңірінде әскери борышын өтеу барысында осындай полигонның зардабы бойларында қалып қойды. Сол себепті тіпті өмірден ерте кеткен, өмір бақи мүгедек болып қалған көптеген азаматтардың да бар екені жасырын емес. Осындай азаматтардың жай-күйі алдағы уақытта да ескерілсе, құрмет көрсетілсе деген пікірін жеткізді.
Тарихтан белгілі, тұңғыш атомдық жарылыстың радиоактивті өнімдері аймақтың барлық елді мекендерін жауып қалды. Көрші қонған әскери объектіде не болып жатқаны туралы титімдей түсінігі жоқ жақындағы ауылдардың тұрғындары радиациялық сәуленің сұмдық дозасын алды. Халыққа сынақ туралы ескертілмеген де еді. Ядролық жарылыстар туралы халыққа 1953 жылдан бастап қана ескертіле бастады. Онда адамдар мен малды радиоактивті заттардың таралу аймағынан уақытша көшіру, оларды қарабайыр қорғаныш объектілеріне, орларға немесе кепелерге жасыру көзделді.
Семей ядролық полигонының зардабын болдырмау мақсатында ерлік көрсеткен ардагер азаматтарға аудан әкімі Жалғас Мұртаза алғыс білдіріп, оларға Алғысхаттармен қоса естелік сыйлықтар табыстады.

Эльмира СҮЙІНБАЕВА,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close