Basty bet
Балалар арасында көру қабілетінің бұзылуы
«Бұрын мектепте бір-екі көзілдірік таққан оқушы болатын еді. Бәрі қызық көретін. Қазір көзілдірік тақпаған бір-екі баланы ғана кездестіреміз. Басқалар соларды қызықтайды»,- дейді танымал әзілкештің бірі. Зілді әзіл. Бүгінде көру қабілеті бұзылған балалардың көбі қоғамның ортақ мәселесіне айналып барады.
Көз аурулары тұқым қуалауы немесе сыртқы ортаның жағымсыз әсері нәтижесінде жүре пайда болуы мүмкін. Мәселен, құрамында канцерогендердің жоғары мөлшері бар тағамды және басқа да зиянды заттарды қабылдағанда көз ауруы пайда болады. Ал көз үшін ең пайдалы көкөністерге сәбіз жатады. Жақсы көру үшін тамақтың құрамында А дәрумені болу қажет, ол ағзаның түрлі инфекцияларға қарсы тұру қабілетін жоғарылатады. Сонымен қатар, көздің сау болуы үшін С, В, В12 витаминдерінің де маңызы зор. Олар қан тамырларын бекітеді, орталық жүйке жүйесін қоректендіреді. Бала өсе келе көз ауруларына шалдықпауы үшін мына ережелерді есте ұстаған жөн!
Көзге ең пайдалы түс жасыл. Сондықтан балаңыздың бөлмесінің түс қағазын, пердесін, жиһаздарын жасыл түстен таңдауға кеңес берер едім. Сондай-ақ, бүлдіршін жартылай қараңғы бөлмеде ұйықтауы керек. Оның ойыншықтарына баса назар аударыңыз. Қатты, үшкір, ағаш, темір заттарды балалардың қолына бермеуге тырысыңыз. Баланың жазу үстеліне жарық олардың сол жағынан түсіп тұру керек. Көз жанарының басты күтімі көздің гигиенасына баса назар аударып, түрлі жаттығуларды жасауды естен шығармаған жөн. Ұл-қызымыздан жақсы жетістік күтсек, оны қинамай, алдымен денсаулығына дұрыс көңіл бөлу қажет!