Basty bet
Отбасының ғана емес, әулетінің ұйытқысы
«Бірлік болмай тірлік болмас» демекші, қазақ халқының бірлігі мен ынтымағы, ауызбіршілігі көпке өнеге етерлік. Сұрқия саясаттың кесірінен атажұртын тастап, қазақ жеріне келген өзге ұлт өкілдерін қазақ халқы жатсынбай, бауырына басып, бір нанды бөлісіп жеп, кеңпейілділіктің жарқын үлгісін көрсете білді. Сол заманнан бері қазақ жерін мекендеген түрі басқа жүрегі бір, тілі басқа тілегі бір ұлттар бір шаңырақтың астында тату-тәтті ғұмыр кешуде.
Өзге ұлт өкілдерінің ішінде қазақтың ұлттық салт-дәстүрімен жете танысып, көңілдері жарасып, шаңырақ көтергендер кездесіп жатады. Күреңбел ауылындағы Ирма Давидовна қазақ отбасына келін болып түсіп, бүгінде бір әулеттің ұйытқысына айналып отырған жанның бірі.
Ирма Давидовна 1962 жылы Күреңбел ауылында дүниеге келіп, бұрынғы Ленин атындағы орта мектепті бітірген. Оқу бітірген соң қазақ жігіті Еркінбай Қонақбаевпен танысып, көңілдері жарасып, шаңырақ көтереді.
Үлкен қазақ отбасына келін болып түскен неміс қызы алғашында біраз қиналады. Оның үстіне Ирма қара шаңырақта қалып, ата-енесіне қызмет етеді.
– Менің әкем мен анам қарапайым шаруа кісілер болған. Он ағайындымыз. Олардың барлығы шетелде тұрады. Мен-ақ ауылда қалып қойдым. Құдай қаласа, Германияға қыдырып барамын. Бауырларымды көріп, мауқымымды басып келемін.
Жолдасым екеуміз бір-бірімізді ұнатып, отау құрдық. Ата-енем өте жақсы кісілер болатын. Менің жолдасым анасымен алғаш таныстырғанда ол кісіні өзіме жақын қабылдадым. Қонақбаевтар әулетіне алғаш келін болып түскенде енем мені бауырына басып, білмейтін салт-дәстүрлерді, тағамдарды қалай дайындау, үлкен кісілерді қалай сыйлап-құрметтеу, қалай қонақ күту керектігін үйретті. Менің жолдасым үйде ұлдың үлкені. Жолдасымнан кейін де балалар, келіндер бар.
Ата-енем мені неміс ұлтының өкілі деп ешқашан бөлген емес. Қыздар мен басқа келіндерін қалай жақсы көрсе, мені де солай жақсы көрді. Мен өзімді бақытты санаймын. Отбасында үш ұл, бір қыздан тоғыз немереміз бар, – дейді Ирма Давидовна.
Неміс қызы Ирма апай өмір тауқыметін көп көрген. Тұрмыстың соққысына талай ұшыраған, өмірдің зардабын көп тартқан жан. 42 жасында жолдасынан айырылып, бала шағасын «қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай» өсіріп бәрін үйлі-жайлы етіп отырған жайы бар. Қазіргі таңда бейнетінің зейнетін көріп отырған бақытты, ақ жаулықты ана. Ирма Давидовна жыл сайын қасиетті Рамазан айында ауыз бекітіп, ораза ұстайды. Емшілік қасиеті де бар.
Қолында ұлы Руслан келіні Қуанышпен бақытты ғұмыр кешуде. Ұлы мал дәрігері боп жұмыс істесе, келіні «Күміс алқа» алқасының иегері, балабақшада тәрбиеші боп қызмет жасайды.
-Енем мені қолдап, шаруама барынша көмектеседі. Ол өте керемет адам, көңілді, адамдармен тез тіл табысады. Осындай адамды кездестіргеніме Аллаға мың рақмет, – дейді келіні Қуаныш.
Жақсы әйел – қашанда өз ерінің ар-намысы. Отбасының ұйытқысы, ұрпақ жалғастырушысы. Осы тұрғыдан алып қарағанда, неміс қызы Ирма отағасының жоқтығын білдірмей, шаңырағының шаттығы, берекесі болып отыр. Әулетінің берекесі мен дәулетін тасытып келеді. Ауыл-аймаққа сыйлы, үлгілі отбасы деп дәл осындай отбасыларды айтуға болады.
Лаура МҰСАБЕКОВА,
«Жаңа өмір»