Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттiк тiлдi меңгеру – Қазақстан Республикасының әрбiр азаматының парызы. Қазақстанда мемлекеттік тілді дамытуға және оны барлық салада еркін қолдануға жағдай жасалған. Сол сияқты өзге ұлт диаспораларының тілі мен мәдениетін дамытуға да мемлекеттік деңгейде мүмкіндіктер берілген. Осы бағыттағы жұмысты мемлекеттік деңгейде жүргізу үшін 1995 жылғы 1 наурызда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың Жарлығымен Мемлекет басшысы жанындағы консультативті-кеңесші орган ретінде Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылғаны бәрімізге белгілі.
Қазір Қазақстанда тұратын барлық этностардың мәдениеті, тілі және салт-дәстүрлерінің дамуына қажетті жағдайлар жасалған. Осы ретте біз өз тілімен қатар, мемлекеттік тіліміз – қазақ тілін де жетік меңгерген жетітөбелік талантты жас Тамила Мавсарқызының тілге деген құрметінің ерекше екенін әңгімелегенді жөн көріп отырмыз.
Шешен ұлтының өкілі, болашағынан үлкен үміт күттіретін талапты жас – Тамила Магамадова 2007 жылы Жетітөбе ауылдық округіне қарасты Қоңыртөбе ауылында дүниеге келген. Негізінен біздің аудандағы бес этномәдени орталықтың ішіндегі шешен ұлтының өкілдері аудан орталығы Б.Момышұлы ауылында және Жетітөбе, Қошқарата ауылдық округтерінде шоғырланған. Тамиланың әкесі, марқұм Мавсар Магамадов ауылдағы белсенді әрі жанашыр азаматтардың бірі болған екен. Ал анасы Хазман Магамадова үй шаруасында, балаларының қамқор анасы. Тамила отбасында жалғыз қыз. Алдында арқасүйер үш бірдей ағасы бар.
Адамға жақсы қасиеттердің барлығы алғашқыда отбасы, ошақ қасында қалыптасатыны сияқты Тамиланың да кішкене кезінен бастап өз тілімен қатар, қазақ тілін де еркін меңгеруге деген ықыласы ерекше болған екен. Содан ол 2012 жылы Қоңыртөбе ауылындағы №21 Д.Пахомов атындағы орта мектептің даярлық тобына қабылданғаннан бастап, қазақ тілін үйрене бастайды. Биылғы оқу жылында аталған мектептің 9 сыныбында оқып жатқан Тамила оқуда озат, қоғамдық іс-шараларға да белсене қатысады. Қазіргі таңда ол мемлекеттік тілді толық меңгергенін айтады.
Ұлты басқа болса да, ұраны бір, тілі басқа болса да, тілегі бір талапты жас өзі қатарлы сыныптастарынан қалмай, сабақты жақсы үлгеріммен оқып, жыл сайын оқу озаты атанып келеді. Сабақпен қатар, қолы бос кезде кітап оқуды, оның ішінде, қазақ ақын-жазушыларының көркем шығармаларын оқығанды жаны сүйеді екен. Солардың ішінде бұған дейін ол ұлы ойшыл, ақын Абай Құнанбайұлының «Қара сөздерін», Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның «Ай мен Айша», жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың, ақын Күләш Ахметованың көркем әдеби шығармаларын оқып тауысқан.
-Менің қазақ тіліне деген ерекше құрметім отбасымнан басталған деп айтуыма болады. Ата-аналарымның да жергілікті қазақ халқына деген құрметімен қатар, қазақ тіліне деген ықыластары ерекше болды. Ауылдағы көршілеріміздің де, мектептегі сыныптастарым және араласатын достарымның да көбісі қазақтар. Соның әсерінен де болу керек, маған қазақ тілін үйрену аса қиындық тудырған жоқ. Мектепте барлық пәндерді қазақ тілінде оқимыз. Менің өмірімде қазақ тілінің атқаратын орны бөлек. Өйткені, қазақ тілі – өте шұрайлы әрі бай тіл. Оны басқа ұлттарға үйреніп, күнделікті тұрмыста қолдану да аса бір қиын емес. Кішкентай кезімнен бастап көркем шығармаларды мәнерлеп оқығанды ұнатамын. Менің бойымдағы ерекшеліктердің бірі осы,- дейді Тамила Мавсарқызы.
Тамила мектеп қабырғасында оқи жүріп, алған білімін әрі қарай шыңдай түсу мақсатында көптеген байқауларға қатысып, белсенділік танытып жүрген жас талаптың бірі. Айта кететін болсақ, жыл сайын аудандық пән олимпиадаларына қатысып, жүлделі орындарды иеленіп келеді. Карантин уақытында да «Тілі бірдің – тілегі бір» онлайн-челлендждерге қатысқан. Сондай-ақ, даңқты қолбасшы Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының 110 жылдығына орай ұйымдастырылған «Халқы сүйген –қаһарман», жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына орай өткен «Жамбылдың жырлары», «Қыздар сұлу көрінер өнерімен» атты аудандық байқауларда Алғысхаттармен марапатталған. Одан бөлек, өзге ұлт өкілдері арасындағы «Ұлтым басқа – тілім бір», ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған байқауларда, «Тіл – достықтың алтын кілті» тақырыбында эссе жазу байқауынан І орындарды иеленген.
Тамиланың жарқын жетістігі ретінде былтыр өзге ұлт өкілдерінің арасында өткен «Мың бала» атты мәдени ағартушылық республикалық жобасында үздік өнер көрсетіп, «Өнер алды – қызыл тіл» номинациясы бойынша жеңімпазы атанғанын айтуымызға болады.
-Бұл байқау менің өмірімдегі есте қаларлық оқиғалардың бірі болды. Сонымен бірге, аталған байқау менің алғашқы қадамым ретінде де есімде қалатыны анық. Менің бұл байқауға қатысуымның өзі бір ерекше оқиға болды. Бір күні мектепте қазақ тілі және қазақ әдебиеті пәнінің мұғалімі әрі сынып жетекшім Мақпал Мұқашева апайым маған жақында «Мың бала» атты өзге ұлттар арасында байқау болатынын айтып, мені сол байқауға қатысуымды сұрады. Мен бұл ұсынысты бірден қабыл алдым. Менің аталған байқаудың аудандық және облыстық кезеңдерінен сүрінбей өтіп, жеңіске жетуіме сынып жетекшім Мақпал апайдың сіңірген еңбегі зор болды. Себебі, апайым күн сайын сабақтан соң дайындығымды қадағалап, өзінің ақыл-кеңестерін беріп отырды,
Ең алдымен байқаудың аудандық кезеңі өтті. Мен бұл кезеңнен өзімнің бұған дейінгі қатысқан байқаулардан алған жүлделерім арқылы еш қиындықсыз өттім. Ал екінші облыстық кезеңде таныстырумен қатар, өзім шығармаларын сүйіп оқитын қазақ ақындары – Мұқағали Мақатаев, Күләш Ахметова, Жамбыл Жабаев, Абай Құнанбайұлының ең өзекті деген өлеңдерін мәнерлеп жатқа оқыдым. Байқаудың өтуіне бір күн қалғанда қазақи нақыштағы киім алып, дайындығымды толықтыра түскен болатынмын. Бір сөзбен айтқанда, үзбей дайындалғанымның және апайымның қадағалауымен жүлделі бірінші орынды иеленіп, республикалық кезеңге жолдама алдық. Осылай жетекшім екеуміз ел астанасы Нұр-Сұлтан қаласында ұйымдастырылған республикалық «Мың бала» байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсіміне қатысып, марапаттаудан кейін елорданы аралап, ерекше әсер алып қайтқанымды жеткізгім келеді. Міне, бұл байқау бойымдағы ерекшелігімді көрсетуге мүмкіндік беріп, осыдан кейін де басқа байқауларға қатысуға деген құлшынысымды оятты,- дейді біздің кейіпкеріміз Тамила Мавсарқызы ағынан жарылып.
Болашағынан үлкен үміт күттіретін талапты жас Тамила Магамадова болашақта ұстаздық мамандықты таңдау арқылы шәкірт тәрбиелегісі келетін ойы бар екенін жеткізді. Өзі оқиын №21 Д.Пахомов атындағы орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары әрі қазіргі сынып жетекшісі Данабек Әбішов Тамиланың мектепте жақсы оқитынын алға тартып, «Үздік аттестатқа» үміткер үлгілі әрі озат оқушы екенін де айтты.
Талаптың тұлпарына мінген Тамиладай жас талантқа біз де шығармашылық толайым табыстар тілейміз. Талабың көкке өрлей берсін, Тамила!
Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»